Білім

Балдырған

Елорда

Арманым ертерек орындалды

Астанаға бірінші баруым. «Мың рет естігенше бір рет көр» деген сол екен. Біз көріп жүрген шетел киноларындағы қалалардан бірде бір кем емес. Астананы бұрын-соңды теледидардан, суреттерден көргеніміз бір басқа екен, ал көзбе-көз көріп, көрікті жерлерін аралағанда керемет әсерде болдық.

Елорданың барлық жері де әдемі. Әсіресе, маған  Бәйтерек монументі мен Бейбітшілік және Келісім сарайы қатты ұнады. Біздің барғанымызды естіп, арнайы келген ойылдық студенттер  көңілді де еркін қыдыруымызға  көмектесіп қуанышымызды бірге бөлісті. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасының тілшілері де бізбен бірге болып, олармен сұхбаттасып, жүздестік.

Астана «Бәйтеректің» үстіне шыққанда үлкен, әрі әдемі көрінеді екен. Жол үстінде, «Жігер» қонақ үйінде және екі күн Астанадағы болған әр сәтіміз  қызыққа толы болды. Бізге мұндай естен кетпес саяхат пен екінің бірінің қолы жете бермейтін арман қаланы көріп тамашалауға мүмкіндік туғызған аудан басшыларына шексіз ризамын.

Астанаға бару әр баланың ғана емес, барлық қазақтың арманы шығар. Ал, менің сол арманым «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты акция арқылы ертерек орындалды. Тіпті, менің әке-шешем де әлі Астананы көрген жоқ. Бізге осындай бақыт сыйлаған ағалардың барлығына рахмет! Әсіресе, жолбасшымыз болған аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Индира Суқашева Астананың өзі оқыған сәттегісі мен қазіргі келбетін салыстыра отырып аралатты.

Бізді күтіп алған, Астанада тұратын жерлес ағаларға да алғысымыз көп. Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары жерлесіміз Нұрлан Өмірбаев ағай ойылдық балалардың осы сапарына ұйытқы болып, қонақ үйде тегін демалуы, көлік, экскурсовод қызметі сынды барлық шығынды көтерді.

Жарқынай ЖАМАЛАДДИНҚЫЗЫ,

Амангелді орта мектебінің оқушысы,

Ойыл ауданы.

Атамекен

Алыс кетсем сағынамын…

Менің ауылым — менің алтын бесігім. Ауылым маған өте қатты ұнайды. Болашақта ауылдардың гүлденгенін қалаймын.

Мен қалаға кетсем, ауылымды қатты сағынамын. Маған ауылдың әр тасы, топырағы, суы, жасыл желегі қымбат. Ал қалада мұны күнде көре бермейсің. Сондықтан да маған ауыл ұнайды. Ауылдың тамашаларын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауылды бірге гүлдендірейік.

Жеткерген ҚОЖАБАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Жануарлар әлемі

Ағаштан түспейтін аң

ХХ ғасырдың алғашқы отыз жылында зұлматқа тап болғандардың бірі — коала. Қою әдемі терісіне қызыққан аңшылар бұларды аямай қырды. Мысалы, 1924 жылы ғана осы аңның 2 миллионнан астам терісі дайындалыпты. Ал қазір заң қорғауына алынған коалалар саны жыл санап көбейіп келеді.

Коалалар бар ғұмырын ағаштың басында өткізеді деуге болады. Олар жерге де бір ағаштан екінші ағашқа ауысу үшін ғана түседі.

Бұлардың азығының түрі тым шектеулі — эвкалипттердің (мәңгі жасыл ағаштардың) жапырақтары мен өскіндері.

Бір аталығы мен бірнеше аналығы бар топ құрайтын бұлар негізінен оңаша тіршілік кешкенді ұнатады. Жаз айында дүниеге бір ғана төл әкелетін аналықтарының жон арқасында қоржыны болады. Міне, әлгі төл осы қоржында 5-6 ай ғұмыр кешеді де, бұл жылы ұя тар бола бастаған кезде анасының арқасына жабысып алады. Ал аналары сүті қайта бастаған шақта төлін эвкалипттердің жапырағын шайнап беріп асырайды.

Коалалар криптококкоз ауруына жиі шалдығады. Бұл дерт өкпені қабындырады, буын мен миға жайылады. Адамдарға жұғатын бұл ауру өлімге де себепші болады. Ғалымдардың айтуынша, коала бұл дертті ас қорыту үшін жеуге мәжбүр болатын топырақтан жұқтыратын көрінеді.

Дене тұрқы 60-85 сантиметр шамасында болатын коалалар Австралияның ылғалды ормандарын мекендейді.

Біліп жүр

Он дерек

  • Егер адам құмырсқаның жылдамдығымен қозғала алатын болса, шауып бара жатқан атты қуып жетер еді.

*   *   *

  • Егеуқұйрықтар тамақсыз 2 апта бойы өмір сүре алады.

*   *   *

  • Киттің сүтінің майлылығы 50 пайыздан асады.

*   *   *

  • Бал асқазанда неге тез қорытылады? Өйткені оны аралар қорытып үлгерген.

*   *   *

  • Тек екі жануар ғана мойнын бұрмай-ақ, артындағыны көре алады, олар — қоян мен тотықұс.

*   *   *

  • Ұзын кенгуру бір секіргенде он метрді артқа тастайтын көрінеді.

*   *   *

  • Хамелеонның тілі денесінен екі есеге ұзын.

*   *   *

  • Қолтырауындар судың түбіне тереңірек бойлауы үшін тас жұтып алады екен.

*   *   *

  • Ақ киттің жүрегінің үлкендігі жеңіл көлікпен бірдей.

*   *   *

  • Африка пілі әлі күнге дейін қолға үйретілмей келеді. Тек Үндістандағы пілдер ғана адамның ырқына бағынған.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button