Мәдениет

«Ынтымақ, ырыс — бар маңым»

Поэзия

Танымал ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Кәрім Айнабеков 70 жасқа толып отыр. Өмірдің тыныс-тіршілігін ғашықтықпен, махаббатпен жырлаған Айнабеков поэзиясы ақтөбелік оқырманға жақсы таныс. Біз бүгін ақынның әр жылдары жазылған сонеттерінің бір тобын ұсынып отырмыз.

Тінім – қазақ, өрем биік десем де,

Ділім қайда?…

Тілім қайда, ағайын?…

Талай жерде кетіп жатыр есем де,

Таңдайыма бастым сордың талайын.

Сенің, менің межелерім іске аспай,

Күн күйдіген үлдіректей іріді.

Мықтыларым тиянақты тіс ашпай,

Айтқандары көбең тартты, шіріді.

Қайран есіл, ақ айбарлы Ар-тілім,

Қыран сынды самғамадың көгімде.

Қан жосамын, қалмас сірә тамтығым,

Шұбар тілді мырзаларым, бегім де.

Абзал уақыт, мынау бағыт — ерге сын,

Ұстай алмай жүрміз Тілдің делбесін!…

***

Тығырыққа тіреліп есіл кей күн,

Дауың рас, мен аса шешілмеймін.

Түсінбеген пендеге жан – дүниемді,

Намаздыгер, намазшам, бесіндеймін.

Жандай – ақ , бір нәр – ләззат табар кілең,

Көп қарайсың үзіліп жанарыңмен.

Ал мен болсам толғанып сен туралы,

Жекпе – жекте қап жүрмін жан-арыммен.

Шынымды айтсам, өзіңе балағаның,

Жүрегімнің соқтырар барабанын.

Қырау шашты бастағы көрмеймісің,

Алданып қап жүрмей ме бала жаның?

Маңайымда жүрген соң болып шырай,

Діл – тәніммен сезінем қорықшыдай…

***

Білсем – дағы, ғұмырлық белгі барын,

Жүрегімнің бір сенсіз көңілі жарым.

Қырық қадам үйден аттап шыққандарға,

Сенім бар ма, дейтіндей кей қиялым.

Болмасам да өзіңе мен күмәнді,

Сан ойларға батамын ең тұманды.

Жалтырауық мырзалар көп қой тегі,

Байқаттырмай жіберер бар күнәңді.

Түсіне алмай арманды өлмейтұғын,

Бата ма деп, қорқамын, сендей Күнім.

Күндіз естен кетпейсің, түнде түстен,

Жалғыз жанға, келемін бермей тыным.

Сен жанымнан кеткелі …

Алыста әзіз үнің,

Дегбірсізбін, алаңмын, Мәжнүнмін …

***

Болмаса да өңімде сыр тартымды,

Ұға білдің жан-дүниемді ардағым.

Сондықтан да алдыма сап талқымды,

Көтермекпін тіршіліктің салмағын.

Мен өзіңе сыр шерткелі өтті айлар,

Қаңтары мен мамыры да аралас.

Болғаннан соң босағаңа ат байлар,

Сенсіз арым, мақсаттарға бара алмас.

Сенсіз менің мәнді емес ақ таңым,

Ашық күнім қара бұлтпен бүркенер.

Сенсіз солғын гүлзар толы бақтарым,

Қуанышым үсік шалған түрге енер.

Бұл фәниде, жанның емі – керегім,

Бола алсаң, бақыттымын дер едім.

***

Іші күйіп …

Күлгенсіп көзі ғана,

Жиын – тойда көрінер сөзі дана.

Арызданар қара бас қамы үшін,

Суырылып тағатсыз төзімі алға.

Ісіп – кеуіп …

Кісілік ұят қалып,

Мардамдықты ұқтырар мияттанып.

Мықтыменен жанасса атын байлар,

Дәл соның көлеңкесі сияқтанып.

Демеушіден келсе егер күпі киіп,

Ызбар себер қабақтан түкті түйіп.

Ал, лауазым иесін хан көтеріп,

Дастарханын жүреді сүртіп – жиып.

Қол жеткізсе мақсатына …

Елді емген,

Сақта тәңірім …

Ожданы жоқ пендеңнен.

***

Жандай болып көріндің де адал, ақ,

Көңіл көлін сайрандадың жағалап.

Қас пен қабақ аралығын пайымдап,

Атымды да берердей ең тағалап.

Өз – өзіңнен байқаттырып мәрттікті,

Жүрегіңнен ашып жүрдің әр жікті.

Тәлім – таным, ибалығың марқайтқан,

Болса болар сендей деп ем тәртіпті.

Сен осылай сендіріп ең секемсіз,

Өзгердің тез, сезінді бір шекем сыз.

Монтаны боп көрінгенмен жалт етер,

Ашып айтсам, құбылмалы екенсіз.

Сұр шайтаның бар ма сені түртетін,

Не жазып ем, менен сонша үркетін?…

***

Демеймін әр күніңнен таса қалдым,

Жұптасып жаныңменен қоса ағардым.

Отыңнан, суыңнан да өттім білем,

Сандырақ емес мұным, басы амалдың.

Кездескен сайын сенен – мүсінденгем,

Кешіре білдің болса ісімде кем …

Шынымды айтсам, айнам – ау, бүкпесі жоқ:

«Сендей ешкім жанымды түсінбеген».

Танытып пәктігіңді сүйе білген,

Қорғай білдің арымды күйе тілден.

Бар болмысым қолыңда …

Байқаймысың?

Бір соғып тұр жүрегім – жүрегіммен…

Жол шектірдің …

Кезім көп түнді тілген.

Бақыттымын, нәр табам бірлігімнен.

***

Өзіңдей апталғалы бір есімге,

Күн кешем мазаң, кермек, білесің бе?

Әйтеуір жүрек жадау, көңіл жамау,

Тек азап — тағдыр берген үлесім бе?

Сырым бұл — сенбейсің бе, сенесің бе?

Қалмайды аяқ бассам елесің де.

Қаншама жұмыс басты болсам – дағы,

Тұрғаның қайталанып сен есімде.

Тұлғаңды қызықтырар нұрға малып,

Сәт сайын көз алдымда тұлғаланып.

Сезсең де жан жарасын сезбеген боп,

Сен жүрсің тынышымды ұрлап алып.

Күн кешем мазаң, кермек білесің бе?

Өзіңдей апталғалы бір есімге …

***

Қазақ емен жөн білмейтін, қаймана,

Жымысқы өмір …

Қулық – сұмдық …

Айнала.

Сабыр …

Сабыр …

Өрекпіме жүрегім,

Ар – санамды, жігерімді жаймала.

Қуатымды өз ырқыма ерікті ет,

Ықтиярын аяулымның беріп кет.

Сұп – сұр аспан …

Жапырақсыз ну тоғай,

Мұнданады, Күнім, менің еріп кеп.

Мынау ағаш күйіп жатқан тұқылы,

Өніп – өспес келер күнмен тұқымы.

Сәмбі талың әлсіз, анау, тамыры –

Ұрпақ үшін күресуге құқылы …

Ұрпақ үшін бәрімізде құмбылмыз,

Біз оларсыз бейшарамыз – тұлдырсыз.

***

Назын беріп үлде менен бүлденің,

Өн бойыңа жарасады күлгенің.

Бізге мақтан, бізге медеу, ибалым –

Ортамызда қаздай қалқып жүргенің.

Қай істе де жыртылмадың қақырып,

Ағын болып таусылмадың сарқырап.

Күннің көзі сияқтысың ортаңа,

Әз нұрыңнан жайқалардай атырып.

Сен дегенде астан – кестең қиялым,

Нәзік жандар үлгі тұтар зиялым.

Зерделілер жүректерін тербейтін,

Сал сезімің өзіңдегі күй ағын …

Тіршіліктің жаймалап сән ырғағын,

Құлпыра түс шырайланып гүл – бағым.

***

Өмірде, мынау, көтерілдім талай заңғарға,

Түсіп те кеткем аңғалдықпенен аңғарға.

Сүрінген сәтте жебеп те алған қолдар бар,

Жемтік те болғам адами – ұқсас аңдарға.

Қоршаған мені, жақсы да, бейзат жамандар,

Пендені көргем, жандарын жалдап амалдар.

Қиналып қанша жүрсем де арды сатпадым,

Жайсаңдар болған халімді ұғып бағамдар.

Емендей шөккем жайрап бір қалған дауылдан,

Қашпадым бірақ, бейнеттен, келер ауырдан.

Шөлейтте қалған жаныма сусын бола алдың,

Демедің мені, артық боп кейбір бауырдан.

Үдесінен шығып талап пен тілек, талғамның,

Аллаға шүкір … Ынтымақ – ырыс бар маңым.

Кәрім АЙНАБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button