Мереке

Тамақ пісіру — өнер

Мәди Бақытжан қаладағы танымал тамақтану орталықтарының бірі «Aport» кафесінде аспаз болып жұмыс істейді. Электрик мамандығын тәмәмдаса да, жүрек қалауымен аспаздық қызметке келген кейіп¬керіміздің бұл салада бес жылға жуық тәжірибесі бар. Бүгінде ол еуропалық ыстық тағамдарды дайындайтын цехтың аспазы.
— Ас әзірлеуге бала кезімнен жақын болдым. Ата-анам менің пісірген тағамдарымның ерекші дәмді екенін байқап, осы салаға келуіме себепкер болды. Алматы қаласынан бірқатар аспаздық курстарды оқыдым.
Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы мейрамханаларда, әсіресе, шығыс асханаларында жұмыс істедім. Тамақты дәмді пісіру де — өнер. Оған тәжірибе әрі фантазия керек, — дейді Мәди Бақытжан.
Бүгінде ас мәзірі сан алуан. Аспаз көпшіліктің таңдауы итальяндық тағамдарға түсетінін айтады. Яғни еттен жасалған тағамдар тойымды әрі тағамдық құндылығы жоғары.
— Қазақ халқы етті ерекше жақсы көреді ғой. Қазір фирмалық стейктің түрлеріне сұраныс көп. Етті сақтаудың да түрлі әдістері бар. Негізінен етті Алматы қаласынан тапсырыспен алдырамыз. Сондай-ақ итальяндық «Альфредо» пастасына да сұраныс жоғары.
Басты міндетіміз — келген қонақтарымыздың көңілінен шығу. Себебі, бір рет тамағыңды ұнатқан адамның қайта келетіні сөзсіз. Көпшілігі тағамның сыртқы көрінісіне көбірек көңіл бөледі. Өйткені адам тамақты алдымен көзімен, одан кейін дәмін тату арқылы ұнатады.
Кез келген жерден тамақтануға болмайды. Бұл бірінші кезекте денсаулығыңызға да әсер ететіні белгілі. Аспаз ретінде тек тексерілген қоғамдық орындардан тамақтануға кеңес беремін.
Отбасым бар. Үйде әйелім екеуміз де тамақ әзірлейміз. Қандай мереке болмасын, отбасымызбен сүйіп жейтін асымыз — қазақтың ұлттық тағамы — ет, — дейді аспаз.
Оның айтуынша, бүгінде аспаздық мамандыққа қызығатын ер азаматтардың қатары артқан.
— Бізге тәжірибеден өтуге студенттер көп келеді. Аспаздық мамандықты бітіргендер жұмыссыз қалмайды. Өйткені, қала болсын, аудан болсын, мейрамханалар мен кафелер баршылық. Осындай орындар тұрғанда аспаздарға қашан да сұраныс жоғары. Сондықтан да қыздар ғана емес, ер адамдар да тамақтың түр-түрін пісіруге құмар, — дейді ол.

ДӘМДІ АС КӨҢІЛ КҮЙГЕ ТӘУЕЛДІ

Бүгінде дәмі тіл үйіретін фаст-фуд тағамдары, әсіресе жастардың сүйікті асына айналды. Ақтөбелік кәсіпкер, аспаз Азамат Әбділдин «Doner KZ» тамақтану орнын ашып, өз тұтынушыларын тапты.

— Жалпы бала кезімнен тағам әзірлеуге жақынмын. Дінтанушы, мұнай салалары бойынша оқу бітіргеніммен, кәсіпкерлікке бет бұрдым.
Жұмыс жасап жүргенімде қарным ашып, тамақтанып алу үшін бір кафеге бас сұқтым. Сол жерде аспаздың бургер жасап жатқанын көріп, ерекше қызықтым. Осындай фаст-фуд тағамдарын әзірлейтін орталық ашқым келіп кетті. Бүгінде, міне, осы ойым жүзеге асып, халықтың сұранысына қарай түрік тағамдарының бірі — донер мен томбик әзірлейміз.
Әрине, тағам дайындаудың өзіндік қиыншылықтары жетерлік. Аспаз бәрін ішкі түйсігімен сезуі тиіс, кез келген адам аспаз бола алмайды, икемі, қызығушылығы болса ғана ісі өнеді. Сондай-ақ оның бойында жауапкершілік, тазалық және тағамға деген махаббат болуы керек. Әсіресе тағамның барлық қоспаларының сапалы болуына көп мән береміз, — дейді Азамат.
Оның айтуынша, тамақтың дәмді болуы жасаған адамның көңіл күйіне де тікелей байланысты. Шынайы пейілмен, сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығары сөзсіз.
— Шариғатымыз ас әзірлеудің өте маңыздылығын алға тартады. Егер әйел көңіл-күйсіз, ашу үстінде тамақ әзірлеген болса, күйеуі ол тағамды жемейтін болған. Сонымен қатар адал ас — халал талаптарына сай болуы ғана емес, алдымен дәрет алу тазалықтары да маңызды.
Әр адамның талғамы әртүрлі. «Ас — адамның арқауы» дегендей, сенің қолыңнан шыққан тағамның ішкен адамның көңілінен шыққанын сезудің өзі ғанибет.
Жұмыстан тыс, үйде тамақ жасамаймын. 8 наурызда сыйлық ретінде тамақ жасаған күндерім болды. Отбасымызбен шығыс асханасынан манты, лағман секілді тағамдарды сүйіп жейміз.
Осы ретте аналарымызды, әпке-қарындастырымызды, қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтаймын. Жалпы әйел қауымының әр күні жадырап, аман-есен жүргендерінің өзі біз үшін мейрам. Ең бастысы — еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, — деп қорытындылады өз сөзін аспаз Азамат.

Керек кеңес:
«Винегрет» және басқа да салаттарға қосатын қызылша, сәбіз, картопты суға қайнатқаннан гөрі, фольга қағазына орап пеште пісірген дұрыс. Сонда көкөністердің дәрумені, нәрі мен сөлі көбірек сақталады.
Макаронды, тұшпараны қайнатқанда 1 литр суға 1 ас қасық крахмал қосар болсаңыз, тағам езілмей піседі.

Мерекелік дастарқан:
«Көктемгі салат»
Құрамы:
1 дана айсберг (ақбас орамжапыраққа ұқсайтын көкөніс),
2 дана қызанақ,
1 дана қызыл бұрыш,
аскөк, сарымсақтың кішкене бөлігі,
2 ас қасық өсімдік майы,
лимонның сөлі (жарты лимон),
Дайындау уақыты: 15 минут.
Дайындалу жолы: Салат жапырағын жуып, бірнеше бөлікке бөліп үземіз. Одан соң сарымсақты ыдысқа жағып, жапырақты жаямыз. Туралған қызанақ пен қызыл бұрышты салат жапырағының үстіне қабат-қабат қоямыз. Сарымсақтың ұсақ етіп туралған бөлігін өсімдік майы және лимон сөлімен араластырамыз. Осы сұйықтықты дастарханға әкелместен жарты сағат бұрын салаттың бетіне құю қажет.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button