Мереке

Зілтемірді серік еткен Гүлім

Тағдыр тәлкегіне тойтарыс берді

Биылғы жылдың ақпанында Гүлім Құрманбаева Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен Әлем кубогында алтын медаль иеленіп, ел намысын жоғары көтерді.
Өмірге деген құштарлығы, талпынысы, ерік-жігері 12 мүшесі сау адамнан артық болмаса кем емес Гүлім жайдары мінезімен баурап, жадыраңқы жүзімен шуақ шашып жүреді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері 1988 жылы 6 сәуірде Ойыл ауданының «Аманкелді» кеңшарында дүниеге келген. Дүниеге дені сау болып келген бала екі жасқа толған кезінде жазатайым жарақат алды. Тірек қимылына келген зақым бойының толыққанды өсуіне мүмкіндік бермеді.
— Жанұяда 5 ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Бала кезден мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, мектепте оқып жүрген кезімде денешынықтыру сабағына қатыспадым. Басқа балалар секілді жүгіріп, секіріп ойнауға мүмкіндігім болмаса да спортты жақсы көрдім. Жасыратыны жоқ, қасымдағы оқушылардан қысылып жүретінмін, — дейді Гүлім.
Гүлім Шұбарқұдықта орта мектепті тәмамдап, Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технология колледжіне оқуға түседі. Кейіпкеріміз ауылдан қалаға келген адам көп шоғырланған ортаға бірден бейімделу мүмкін болмағанын айтады.
— Қалаға оқуға келгенде айналамдағы адамдарға көзқарасым басқашалау еді. Айналамдағылармен де тез тіл табысып кету оңайға соқпады. 2008 жылы ағам теледидардан Құралай Базарбайқызы басқаратын сал ауруына шалдыққан азаматтар қоғамына қоңырау шалды. Мүгедектер қоғамына мүше болған соң тағдырлары ұқсас адамдар өмірімді түбегейлі өзгертті десем де болады, — дейді Гүлім.
Жұмыста жүріп еріктілер қатарында белсенділік танытты, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға ұмтылды. Мүгедектер қоғамында жүріп айнымас дос, қиналған сәтте қол ұшын созатын шын жанашырларды кезіктірді. Қайсар мінезді қыз қатал тағдырдың қиындығына мойымай, қасқайып қарсы тұра білді. Қазақта «Таудай талап бермесең де бармақтай бақ бер» деген нақыл сөз бар. Сол бармақтай ғана бақ Гүлімнің спортқа келуіне жол ашты.
— 2015 жылы мүгедектер қоғамындағы бапкерім Гүлмирам Сражова жеңіл атлетикамен шұғылдануыма ұсыныс білдірді. Бірден келістім. Сол жылы Павлодарда мүгедектер арасында еліміздің Паралимпиада ойындары өтетін болды. Олимпиадаға зілтеміршілер, отырып ойнайтын волейболшылар, үстел теннисі, жүзу спортының шеберлері жиналды. Бар-жоғы екі-үш ай дайындалып, ядро, найза лақтырудан және диск айналдырудан күміс медальмен оралдым. Олимпиада кезінде парапауэрлифтингтен жаттықтырушы Сергей Ведюшкинмен танысып, зілтемір көтерумен шұғылданғым келетінін айттым. Ол кісі қарсылық танытпады. Кейін Гүлмирам Аманжолқызымен ақылдаса келе, жеңіл, ауыр деп бөліп-жармай, қос спорт түрін қатар алып жүрдім. Ал қазір тек қана зілтемір көтерумен шұғылданамын, — дейді кейіпкеріміз.
Гүлмирам Сражованың өзі де тірек қимылы зақымданған спортшылар арасында жарыстарға қатысады.

Манчестердегі жеңіс
Ядро, найза лақтыру спорты да пауэрлифтинг секілді білек күші мен дене ептілігін қажет етеді. Спорттық мансабын жеңіл атлетикадан зілтемір көтеруге ауыстырған Гүлім елішілік жарыстарда көзге түсіп, дайындығының нәтижесін көрсете бастады.
— Пауэрлифтингтен 2016 жылы облыстық чемпионатта 65 келі зілтемірді көтеріп топ жардым. Ал республикалық деңгейдегі алғашқы жарысым Көкшетау қаласында өтті. Ол жарыста күміс медаль бұйырды. Одан кейінгі жылдары үздіксіз жаттығып алтын медаль иеленіп жүрмін. Сол жылы «Спорт шебері» атандым. Мүгедектер арасында Қазақстан чемпионаты және командалық Қазақстан кубогы бір жылда өтеді. Санаулы күндерден кейін Нұр-Сұлтан қаласында басталатын командалық Қазақстан кубогына Қандыағаш қаласында дайындық жасап жатырмыз. Бұл жарыстан кейін Дубайда өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғаймыз, ал төртжылдықтың басты бәсекесі алдында Сочи қаласында оқу-жаттығу жиынынан өтіп, дайындығымызды пысықтап алмақпыз, — дейді ұлттық құрама мүшесі.
Биылғы ақпан айында Англияның Манчестер қаласында өткен Әлем кубогында алтын медаль иеленуі спортшы қыз үшін үлкен қуаныш болды. Халықаралық аренада ел намысын қорғап, ағылшындар жерінде Әнұранымызды ойнатқаны өзі үшін үлкен мәртебе. Олимпиаданың маңызды ұпайларын алған Гүлім бүгінде өз рейтингінде көш бастап тұр. Манчестердегі жеңісі Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін нықтай түсті. Пауэрлифтингте жоғарыдан зілтемірді алып беретін техникалық ассистенттің жұмысы да сайыста үлкен рөл атқарады. Оның да өзіндік қыр-сыры бар. Зілтемірді ыңғайлы етіп әперсе, теңдей ұстап көтеріп тұру аса қиындық тудырмайды, ал қателік жасаса спортшыға психологиялық тұрғыда кері әсер етеді. Тіпті жарақат алып қалуы да ғажап емес.
— Күнде кешкілік төрт сағат жаттығамын. Әуелі бір сағат денені қыздырып алу қажет. Ауыр атлеттер жиі жарақат алып жатады. Негізгі салмағым 47-48 келі, кейде одан асып кетеді. Ал жарысқа 45 келі салмақ дәрежесінде қатысамын. Жарыс алдында салмақ қуғандықтан, зілтемір көтеру кезінде қиындықтар болды. Жүрек соғысым жиілеп, көзім қарауытып кеткен кездер де болды. Бірақ жеңіс үшін бар күш-жігерімді салдым, ол өз нәтижесін берді. Үнемі жеңімпаз статусын сақтап тұру да қиын. Былтыр Нұр-Сұлтанда әлем чемпионатында жеңілістің кермек дәмін таттым. Соған қарамастан, әрбір жеңіліс спортшының жігерін қайрап, жаттығуды еселеуге мүмкіндік береді, — дейді Гүлім.
Спортшы қыздың айтуынша, жаттығуды алғаш бастағанда, ата-анасы оның осындай жетістікке жететініне онша сенбеген. Олар Гүлімнің денсаулығы үшін қатты алаңдаған. Дегенмен қандай жағдайда да ата-анасы оның жанынан табыла білді. Ата-анасының ақыл-кеңесіне жүгініп, батасын алмай жарысқа аттанған кезі болмапты.
Спортқа 28 жасында келген Гүлімнің биыл осы салада тер төгіп жүргеніне төртінші жыл. Манчестерге Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Артур Томицкиймен бірге аттанған болатын.
— Жеке бапкерім Сергей Ведюшкинмен жарыс кезінде байланысқа шығып, әр сайыс алдында қанша келі зілтемір көтеретінімді ақылдасып отырдым. Жаттықтырушым қарым-қабілетімді жетік біледі, нұсқауларын бұлжытпай орындап отырдым, — дейді ол.
Табиғатынан көпшіл, жақсылық жасауға жаны құмар Гүлім спортта жүріп адал дос тапты, өмірлік серігін де жолықтырды. Бүгінде ол — Шымкент қаласының келіні. Енді байрақты бәсекелерде оған қолдау көрсететін жандардың қатары артты. Бүгінде әкесі мен анасы, бауырларынан бөлек, жұбайы мен ата-енесі де Гүлімнің шынайы тілеулестері.
— Жолдасыммен 2016 жылы әлеуметтік желі арқылы таныстық. WhatsApp желісінде басқа қалаларда араласатын тағдырлас достарымызбен сөйлесетін тобымыз бар. Сол жерде танысып, кездестік. Үш жылда бір-бірімізді жақын танып, ата-аналарымыздың ақ батасымен отау құрдық. Биыл сәуір айында үйленгенімізге бір жыл толады. — деп ағынан жарылды спортшы.
Бүгінде Гүлімнің ата-анасы мен бауырлары қалада тұрады. Спортшы қыз тұрмыс құрғанға дейін 12-шағын ауданда жаттыққан «РДК» спорт кешенін сағынышпен еске алады. Қазір Шымкент қаласындағы «Олимп» спорт базасында шеберлігін шыңдап жүр. Редакцияға келіп сұхбат берген Гүлім: «Барша әйелдер қауымын Халықаралық мейрамымен құттықтаймын! Отбастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін! Жеңісті күндеріміз, қолдаушыларымыз көп болсын! Қолдау білдіретін жандар барда біздің жеңілуге қақымыз жоқ», — деп ақжарма тілекпен құттықтауын жеткізді.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button