Құқық

Судьялар бітімгершілікпен айналысуға кірісті

Брифинг

Азаматтық-процессуальдық кодекстегі  соңғы өзгерістер:  сотқа  дейінгі татуластыру шаралары, медиация, смарт-сот қызметінің енгізілуі экономикалық соттың 8 судьясының жүктелімін мейлінше азайтқан. Бұл жөнінде  Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы  Айбек Дәуренбеков өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте баяндады.

Негізінен кәсіпкерлер арасындағы дау-жанжалдарды қарайтын экономикалық сот 2018 жылы 3713 іске, 2019 жылы 2204 іске шешім шығарған. Осылайша өткен жылы 1504 іс сотқа жетпей бітімгершілікпен шешілсе, бұл медиаторлардың жұмысының нәтижесі.

Бір жыл бұрын медиатор-судья пилоттық жобасы қолға алынған. Онда  бір судья сотқа түскен барлық іс бойынша  екі тарапты бір үстелдің басына қосып,  жыл бойы сотта қаралмай-ақ шешуге болатын заң талаптарын түсіндірумен   айналысты. Осы медиатор-судьяның арқасында  талапкер мен жауапкер тараптың, істі қарайтын судьяның уақыты үнемделіп, қазір экономикалық соттың штатындағы 8 судья  түгелдей бітімгер-судьялық рөлге көшкен. Айбек Дәуренбеков те кәсіпкерлер арасында тұтанған  дауларды шешу жолындағы бітімгершілік процестерге  белсенді түрде кірісіп кеткен.

Азаматтық істерді қараудағы кейбір сотқа дейінгі процестер, соның ішінде  қарызды қайтару құжаттары нотариустарға  берілді. Егер кәсіпкерлердің қолында берешектерін қайтара алмай жүргендерін растайтын құжаттар (шарттық міндеттемелер, төлемді растайтын құжаттар) болса, онда сот  істі қабылдамай, бірден нотариустарға жібереді. Нотариус  айыппұл сомасын өндіруге атқарушылық шешім шығарады. Бұл шешім 10 жұмыс күні ішінде күшіне енеді. Егерде 10 жұмыс күні ішінде  жауапкер хабарласпаса, арызданушы сотқа жүгінуге құқылы.

Смарт-сот жобасының енгізілуі арқасында  әлемнің кез келген жерінде жүрген кәсіпкерлер сот процесіне онлайн режимде қатыса береді. Сақтандыру қызметін пайдаланушылардың сақтандыру қызметімен арасындағы дауларды Нұр-Сұлтанда отыратын  сақтандырушы-омбудсмен қарайды. Өткен жылы  сақтандыруға қатысты  экономикалық сотқа 77 іс түскен.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен болған даулы істер  Нұр-Сұлтандағы инвестициялық сотта қаралады. Айбек Дәуренбековтың айтуынша, инвесторлар көбіне салық органдарының әрекетіне қарсы шағымданады.

Өткен жылы  Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз»  АҚ-ның мемлекеттік сатып  алу бойынша   қазақстандық заң талаптарын орындамағаны туралы іс қарап, осы компанияның  заңсыз әрекеттерін бұзған.

Айбек Дәуренбековтың айтуынша, кейбір мемлекеттік органдардың қызметкерлері 2019 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік сатып алу заңына  тендерлік кепілдеме бойынша енгізілген өзгерістерді әлі де біле бермейді. Бұрынғы заң бойынша тендерлік  конкурсқа қатысқан тарап 3 пайыздық кепілдік соманы  шартқа қол қойылған күннің ертеңіне аударуы тиіс еді.  Кепілдеме түспеген жағдайда, тапсырыс беруші шартта көрсетілген міндеттемелерді орындамағаны үшін   мемлекеттік сатып алу порталына тапсырыс алушыны сенімсіз қатысушы ретінде тіркеп қояды. Содан  конкурстан ұтқан заңды тұлға  порталдағы «қара тізімнен» өзін алу үшін экономикалық сотқа арызданады. Өткен жылдың қыркүйегінен бері тапсырыс алушы тендерлік кепілдеме сомасын шартқа қол қойылған күннен бастап  30 жұмыс күні ішінде аударуға құқылы. «Осы мәселе бойынша қаншама дөңгелек үстел, семинарлар өткіздік. Бірақ бәрібір бізге қайта айналып келе береді. Бұл  мемлекеттік орган үшін де,  мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкерлік нысаны үшін де, тіпті судья үшін де басы артық жұмыс әрі босқа кететін уақыт. Бұл жерде, мемлекеттік органдардың қаупін де түсініп отырмын. Бірақ заң талабының жеңілдетілгенін түсінуі керек», — дейді

А.Дәуренбеков.

                                                                              Баян  СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button