Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: қалай сақтанамыз?

Соңғы дерек бойынша Қытайда  коронавирусты (COVID-2019) жұқтырғандар саны 70 мыңнан асқан. 1770 адам көз жұмса, 10 мыңнан аса азамат емделіп жатыр. Әлемнің өзге мемлекеттерінде де қауіпті вирустан көз жұмғандар бар. Елімізде де сақтық шаралары күшейді. Бірнеше Қытай компаниялары бар біздің облыс бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Жалпы осы вирусқа қатысты тұрғындар арасында түрлі әңгіме көп. Баспасөз үйінде арнайы кездесу ұйымдастырылды. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова және облыстың бас инфекционист дәрігері, гепатолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазин осы мәселе туралы жан-жақты айтып берді.

Облыста сақтық шаралары күшейтілді

Ақпан айының басында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалық етуімен штаб және арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамында ішкі істер департаменті, көші-қон, яғни барлық тиісті орындардың өкілдері бар. Қажетті дәрі-дәрмек, өзге де медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін біздің облысқа республикалық қордан 38 миллион 900 мың теңге қаржы қарастырылды. Оның 18 миллионы жұмсалды. Қазір өзге мемлекеттерден келетін жолаушылардың барлығы шекара бекеттерінде тексеруден өтеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманованың айтуынша, облыс қатерлі вируспен күресуге толық дайын. Облыстық наркологиялық диспансерде қосымша 105 кереует қарастырылса, облыстық инфекциялық аурухана ішінде арнайы бокс, яғни вирус жұқтырғандарды оқшаулайтын орын бар.

— Вирустан қорғанатын медициналық бетперде, киімдер және қажетті препараттар сатып алынды. Арнайы бригада жасақталып, көлік бөлінді. Әлем — бір үй. Ана елден мына елге саяхаттап, түрлі жұмыс бабымен қатынап жүрген адамдар көп. Сондықтан вирус тек Қытайдан келмеуі мүмкін. Қазір барлық медицина мамандары қандай жағдайға да дайын, тиісті мамандардың барлығы оқу-жаттығудан өтті, — деді Светлана Есенаманова.

 

Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Мәртөк ауданының «Жайсаң» және Қарғалы ауданының «Әлімбет» шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерінде уақытша санитарлық-карантиндік пункттер ұйымдастырылды. Бүгінгі күні температураны байланыссыз өлшеумен 8073 адам қамтылған. Қызуы жоғары және өзін нашар сезінген адамдар анықталған жоқ. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде жауапты мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Байланыс телефоны: 55-77-37, 55-76-06.

Вирустан сақтанудың жолы — тазалық

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, Қытайдан келген адамдардың барлығы 14 күнге дейін арнайы санитарлық орында болады. Өйткені бұл вирусты жұқтырған адамнан сырқат белгілері бірден байқалмайды. Ағзадағы жасырын кезеңі 14 күннен 24 күнге дейін созылады. Санитарлық орыннан шыққаннан кейін де 10 күн толық бақылауда болады. Ақпан айының басында облыста Қытайда саяхаттап келген 7 адамның қызуы көтеріліп, кейін олардың қауіпті вирус емес, тұмауға шалдыққаны анықталған болатын. Басқарма басшысы күн сайын мониторинг жасалып отырғанын айтты. Қазіргі күні республикалық штабтан арнайы өкілдер келіп, жаттығу жұмыстарын өткізіп, мамандардың дайындығын тағы бір пысықтап жатыр. Қандай да бір белгі байқалса облыстағы медициналық мекемелер толық тексеру өткізуге дайын. Батыс аймақ бойынша вирусологиялық зертхана біздің қалада ғана бар. Науқастан алынған сынама бұл жерде ғана тексеріліп қоймайды, нақтылай түсу үшін  Алматыға жіберіледі. Осылайша вирустың бар-жоқ екеніне толық көз жеткізіледі. Осы мәселелерді тілге тиек еткен басқарма басшысы  медициналық бетпердеге қатысты  пікірін айтты.

Жыл сайын қаңтар, ақпан айларында жедел респираторлы вирустық инфекция өршиді. Оның үстіне биыл коронавирустың шығуы бетпердені көбірек тұтынуға әкелді. Жалпы бетпердені респираторлы вирустық ауруға шалдыққан, яғни тұмауратқан адамдар ғана инфекцияны өзгелерге таратпас үшін киіп жүруі керек. Ал сау адамдарға  күнде киіп жүрудің қажеті жоқ, — деді Нұрсұлу Беркімбаева. Сондай-ақ қазір қаладағы дәріхана қоймаларында бетперденің қоры мол екенін, ешқандай тапшылық жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ мамандар өзге елге саяхатқа шыққанда ет, теңіз өнімдері сатылатын базарларға, жануарлар бағына, адамдар көп жүретін аумақтарға бармауды ескертеді. Себебі вирус адам жиі шоғырланатын жерде тез тарайды.

Мамандардың айтуынша, бұл вирус табиғатта бар, бірақ бұрын адамдарда кездеспеген. Белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды. Адам алғашқыда жеңіл түшкіріп, кейін жөтеледі. Қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындайды. Соңы пневмонияға ұласып, өлімге соқтырады. Ұзақ уақыт созылмалы аурумен ауыратындар, қарттар, иммунитеті төмен адамдар ауруға қарсы тұра алмайды. Қытайда көз жұмғандардың көпшілігі осы санаттағы азаматтар болып отыр.

Микроб — тіршілік иесі

Облыстағы медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы қалай күресу керектігін оқып, үйренді. Арнайы жаттығулардан өтті.  Облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин өткен аптада Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен вирустық, инфекциялық аурулармен күресу жөніндегі жиынға қатысып  қайтты.

Басқосуға еліміздің әр аймағынан 15 дәрігер барған.

— Бұл жиында тек қана коронавирус емес, өзге де инфекциялық аурулармен күресу, дәрі-дәрмек, жаңа технология секілді өзекті мәселелер қамтылды. Қытайдан таралған қауіпті вирус қазір әлем елдерін алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында аса қауіпті оба секілді жұқпалы аурулармен айналысатын бөлім бар.  Сол бөлім коронавирусты аса қауіпті ауруларға қосып отыр. Бір қуантарлығы, соңғы мәлімет бойынша,  қытайлық дәрігерлер аталған вирусқа қарсы препаратты ойлап тапты, — дейді бас инфекционист.  Мейрамбек Құрманғазиннің айтуынша, вирус ауа тамшылары арқылы жұғады. Егер науқас тұтынған заттарға дер кезінде дезинфекция жасалмаса, вирус төрт күнге дейін сақталады. Ал Қытайдан келетін тауарлардан күдіктенудің қажеті жоқ.

Мейрамбек Құрманғазиннің  инфекциялық ауруларды емдеп келе жатқанына қырық жылға жуық уақыт болды. Білікті маман осы саланың қыр-сырын жақсы біледі. Талай жанның дертіне шипа сыйлап жүр.

Адам тіршілік иесі болса, микробтар әлемі де сондай. Олар да өздері өмір сүретін әлемді іздейді. Мәселен, коронавирус табиғатта бар, ол жарқанаттардың денесінде өмір сүрді. Жарқанаттар азайған соң, жыландарға көшті. Микробтар өздері өмір сүретін орта іздейді және тіршілігін жалғастыру үшін жаңа ортаға бейімделіп, түрін өзгертеді. Құс тұмауы да осы сияқты. Құстардың денесінде болатын вирустардың өмір сүретін алаңы тарылды, яғни құстар азайды. Осыдан кейін вирус жаңа мекен іздеді, оны жейтін адамға көшті. Доңыз тұмауы да осындай. Себебі адамдар тепе-теңдікті бұзған кезде микробтар әлемі де өзгеріске ұшырайды, олар да тіршілігін жалғастыру үшін жанталасады. Коронавирус те өмір сүруі үшін мутацияға түсті, яғни бейімделді. Мәселен, біздің облыста оба ауруының табиғи ошақтары бар. Бірақ 2000 жылдардан бері ауру тіркелген жоқ. Бұл ауру жойылып кетті деген сөз емес. Вирус кеміргіштердің денесінде өмір сүріп жатыр. Олардың өздеріне қолайлы мекені бар. Адамдар қоздырғыштың сол жерден шықпауын қадағалап отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында  Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының, Батыс Қазақстанда бүйрек синдромы  геморрагиялық қызбасының ошағы бар. Бірақ аурудың таралуына жол берілмейді.

Сол сияқты коронавирусты ошағынан шығармау керек. Қазір қытайлық дәрігерлердің бір мақсаты да — осы.  Түрлі вирус таралмауы үшін әлемде тепе-теңдік сақталуы керек. Кейбір БАҚ беттерінде коронавирусты Қытайдың өзі ойлап тапты деген болжам жасаған мақалалар жарық көріп жатыр. Егер вирус қолдан жасалса, асқан жылдамдықпен таралып, Ухань қаласының  тұрғындары бір сәтте түгел ауырады, яғни ауру «бұрқ ете» қалады. Ал бұл біртіндеп таралды. Алдымен бір адам, уақыт өте келе оның жақыны, яғни ауру табиғи жолмен тарады, — дейді Мейрамбек Құрманғазин.

Ғалым коронавирустан сақтанудың жолы — қарапайым тазалық қағидаларын сақтау екенін айтады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button