Әдебиет

Қыз тамы

Гүлімай ҚУАНЫШЕВА

Жырларынан Даланың бар бояуы мөлдіреп, титтей де бір жат ырғақ сезілмей, Даланың өз үні, өз дауысы ғана төгіліп, жусан исі аңқып тұратын ақын Гүлімай Қуанышева 50 жасқа толып отыр. Біз ақынды мерейтойымен құттықтап, алдағы уақытта зор шығармашылық табыстар тілейміз.

Гүлімай Қуанышева Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында өткен жазда көршілес Қостанай облысында болды. Соның ішінде, өр Торғай өңірі — тұнған шежіре. Сол Торғай жұрты «Қыз тамы» атап кеткен кесене, аңыз бойынша, екі рудың арасындағы бітімге, жарасымға ұйытқы болған Бәтима аруға арнап тұрғызылған. Осы аңыз ақынның «Қыз тамы» дастанына арқау болды.

Оқырмандарымызға дастанның ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз.

 

… Алдияр оқырманым кешірер ме,

Бір жайды ескертсем мен шешілерде:

Біздің басты кейіпкер — ару еді…

Емес ол аңыз тұлға, есіл ер де.

 

Саф ауа, салқын самал, көкорай бел

Өзегі талмасқа өзен жағалайды ел.

Торғайдың толықсыған айдай қызын

Жаратқан топырақты сағалай кел.

 

Ұлытау ұрандаса жиылған ел,

Тәңірге, сосын ерге сиынған ел.

Сарыторғай сылдыры бұйырған бел,

Қараторғай ойпатқа құйылған жер.

 

Бабаның ұрпақ танып сертін бүгін

Ұлықтап Ұлытаудай жер кіндігін.

Екі дің Ақсақ Темір заманынан

Әйгілер хас батырдың еркіндігін.

 

Темірдің Тоқтамысқа жорығы үшін

Салынған осы Екі дің қорығы шын.

Пішіні киіз үйдей тас қамалдың

Ғасырлар нықтай түскен долы күшін.

 

Екі дің азаттықтың жол басындай

Сан ерге қамал болды қорғасындай

Абылай, Кенесары хандарыма

болыпты қарауылдың ордасындай.

 

Әбдіғапар хан ізі жатыр мұнда,

Шебі екен Амангелді батырдың да.

Қолмерген Кейкі батыр және қонған

Ерлігі бір өзінің татыр мыңға.

 

Дәл осы киелі жер қасиетін

Бір жайлап Арғын, Найман, бас иетін.

Екі ру ардақтайтын, аялайтын

Түбі ортақ аталардың өсиетін.

 

Көктемде шұрайлы өлке жайнаушы еді,

Төскейде төл қосылып ойнаушы еді.

Жастары жарқылдасып, жүз көрісіп,

Болмайтын құдаласу, тойлау шегі.

 

Береке, ырыс ортақ сайланатын,

Желіге мың сан бие байланатын.

Екі ру бір-біріне күнде қонақ,

Батамен қазан-ошақ майланатын.

 

Салтанат бір әулетте бөлек еді

Қарты абыз, қыз-жігіті  зерек еді.

Ер кіндік өңшең батыр, Ер Жәукесі

Тегі осы Арғын жұрты, Төлек еді.

Жәмеңке, Жәуке туған Назарғұлдан,

Жаратқан ырыс, құтты жазар ма ұлдан.

Алыс би Жәмеңкенің бел баласы,

Ұл-қызы үйін думан, базар қылған.

 

Сол үйге елеңдейді көзі көрген,

Болмаса көр соқыр, не сезімі өлген.

Шолпының үні ертіп әкеткендей

Ұйқысын бозбаладан, төзім ерден.

 

Ақ боз үй күн астында жарқырайтын,

Сыңқылға елітіп, өзен сарқырайтын.

Жеңін жібек көйлектің самал өпсе,

Түндіктен ай көрінер шалқып айқын.

 

Боз отау іргесінде шалғын биік,

Асылын жатқа бермес Арғын қиып.

Үкісі үлпілдеген тақиям-ай,

Талайдың өзегіне салдың күйік.

 

Жалғыз-ақ естісем деп «әу» демегін

Дәмелі небір зергер, саудагерің

Сабылар жиын, тойда сыбай, сұлтан

Осы елге тигізгенсіп зәу көмегін.

 

Жарқ еткен білегі ме, алқасы ма

Оқырман, енді жақын бар қасына

Сызылып сүйірік саусақ ашты есікті

Болған соң әркім құмар қалқашыма.

Бұралып қамзол шықты қынама бел,

Ойнамай қос етекпен тұра ма жел.

Билейді сырға нұрмен сыңғыр-сыңғыр

Билесін! Түтін түзу, дін аман ел.

 

Шуаққа алма жүзін тосатындай

Әуенмен әр қадамын басатындай

Жалт етіп, жымияр ма еді-ау сәулем,

Маржан тіс, аппақ шұғыла шашатындай.

 

Бұрымын үш жеңгесі тарағандай,

Кірпігін көтерсе күн қарағандай.

Үйіне Ер Жәукенің таяп қалды

Бабаға сөз айтпақшы бала қандай?

 

Қызға еріп, үйге тұтас әлем келді,

Еркелеп, атасына сәлем берді.

Бабаның домбырасын қолына алып,

Ұмытты сұғанақ көз бәлемдерді.

 

Күмбір күй, қабырғаны сөгілдірмек,

«Атажан, кеудеңнен шер төгілдір» деп.

Бәтима Алыс бидің перзенті еді

Ат қойған жеңгелері «Көгілдір» деп.

 

Күй бітті. Сипады ата ақ маңдайын,

«Күнім, деп дертіме ем тапқан дәйім».

Бәтима қабағына мұң ұялап,

Тіпті де ойламай тұр мақтан жайын.

Серпіліп, атасына қарады бір,

Қарақат жанарынан тарады нұр.

Сөйлесе, тыңдайтындай Торғай тынып,

Күткендей екпінінен дала дүбір.

 

— Жан ата, тартсам деп ем қаныңызға,

Беріңіз батаңызды, таныңыз да.

Арасын Арғын, Найман уайымдап,

Ел жайы шын батып жүр жаныңызға.

 

Мен-дағы өр өзеннің суын кештім.

Рухты ел, жыға алмайды туын да ешкім.

Әйтсе де дауы бітпей екі рудың,

Жанжалсыз өтер емес арада еш күн.

 

Рұқсат берсең, барам. Бітісейік!

Румен у ішпейік, құт ішейік!

Сан жаудан қалған қазақ емес пе едік

Саналы ер жауабын күтісейік! —

 

Деп, қызы өжеттене қарай қапты,

Ер Жәукем көрген жан ғой талай бақты.

Дәл осы ұрпағының ертеңі үшін

Қорғаштап жүрген жоқ па бар аймақты.

 

Отыр ел ортақ өріс, мал айдаулы,

Қайтарған білектесіп талай жауды.

Басына бейбіт заман орнағанда

Шығарды болмашыдан қалай дауды.

Жесір мен жер дауы бір басылмайды

Болысқа таласын да жасырмайды

Жан қиып ата-баба мұра қылған

Жазираға сыйыспау — ғасыр қайғы.

 

— Әйтсе де жөні бөлек қыз баланың,

Ежелден емшісі едік біз даланың.

Түн қатып, түс қашыру — еркек ісі,

Жаратқан соның үшін мұзбалағын.

 

Қарағым, артық туған қатарынан,

Алдыңда сынақ жол бар, ат арыған.

Қолың жай, ақ тілегім серік болсын

Қашанда ел үмітті баталыдан.

 

Татулық, бірлік екен қалағаның,

Игі іске жас та болсаң жарағаның.

Өзіңді бұл сапарға аттандырсам,

Бір елдің елшісіне балағаным! —

 

Осыны айтып, қартың бата берді.

Отты қыз жолға шықпай жата ма енді.

Желдіртіп Қайыңшоқы жайлауына

Арғынның аруы таң ата келді.

 

Сабырмен нөкер ертіп аяңдады,

Көргендер қонақтан көп жай аңдады.

Бәтима шарт жүгіне сәлем беріп,

Саңқылдап жүрек сөзін баяндады.

— О бастан Арғын-Найман ел ек егіз,

Керілген Абылайдан керегеміз.

Біріміз қуанғанда сүйіншілеп,

Біріміз еңкейгенде демегеміз.

 

Ендігі малға толы сайымыз бар,

Сонда да ұсақталған жайымыз бар.

Түйінді шешіп, көңіл жібітейік,

Осыған сіздің қандай ойыңыз бар?

 

Есте ғой бірге қуған қалмағыңыз,

Көтерген талай нәубет салмағыңыз.

Бауырлар! Ірге суып бара жатыр!

Тістеулі қалмасыншы бармағымыз.

 

Сүйегім — Арғын іші,Төлек — тегім,

Алаңсыз жүрген кеше желөкпе едім.

Ес кіріп, дау-жанжалды байқаған соң,

Екі елді мен қосуым керек дедім.

 

Төлекте Алыс қызы Бәтимамын,

Ағалар, көңілге шын тати ма мұң?

Той қылып, екі ел ірге қосар болса,

Күшейсек, үйіргендей жат иманын.

 

Арманым достығы еді сүйікті елдің

Санама салтымда да түйіп келдім.

Екі елдің би мен бегі отырсыздар,

Қош көрсеңіз, басымды иіп келдім.

Ертеңге түсініп зер салдыңыз ба,

Жөн көрмей сөзімді әлде қалдыңыз ба.

Айтысар уәжім бар десеңіз де,

Мінеки, келіп қалдым алдыңызға?

 

…Сұлудың өзі қандай көзі барға?

Татиды аузындағы бір сөзі нарға.

Әр елдің топ бастары болушы еді-ау,

Жөн сөзді саптастырар төзіп арға.

 

Мұндайда тіл қатар ел сүйген кісі,

Жарамас жұдырыққа түйген күші.

Қолға алып домбырасын шыға келді

Сандыбай, Ерден бидің Бимендісі.

 

Бойжеткен жол бергендей Бимендіге,

От жанар жарқылынан именді ме?

Ертегіден шыққандай ер жігітті

Көргенде кенет тосын күйге енді ме?

 

Бименді сұлтан еді жөні басқа,

Найманда кіл жақсының сенімі асқан.

Тілге шешен һәм жомарт, батыр еді,

Қайырлы досына да, танымасқа.

 

Екі жас бірін-бірі аңдағандай,

Тоқтау бар албырт жүрек жанға қандай?

Сұлудың алдына кеп нар тұлғалы

Ақының айтар сөзін қамдағандай.

 

— Құрбыжан, сәлем бердім дәстүріммен,

Жарқылдап, екпіндейсің тасқыныңмен.

Мен-дағы көңілімнің қалауына

Кезікпей жүрген жан ем жас күнімнен.

 

Екі елдің жарастығын қаласаңыз,

Бізді өз теңіңізге баласаңыз.

Менің де сізге қояр бір шартым бар

Ақылмен құп алуға жарасаңыз.

 

Талаппен қол созамын қолыңызға,

Мақсатпен жол қосайын жолыңызға.

Арасын Арғын-Найман бекітіңіз,

Мәңгілік бізге пенде болыңыз да.

 

Зерделі, сұлу қыздың сәні бөлек,

Халыққа бітер істің мәні керек.

Салмақты бітімгерлік ұсынысқа

Дем берген жігітті тұр танып ерек.

 

Тым нәзік бойжеткеннің бұла шағы,

Мөлдіреп бота көзі сыр ашады.

Келісім екі жастан болғаннан соң

Елшілік серттеуге ұласады.

— Рулы ел амандығы үшін келдім,

Сондықтан қуаттаймын ісін де ердің.

Той-думан баяғыдай үзілмесе,

Сізге мойынсұнармын, кісім дермін.

 

Мал толып екі өзеннің аңғарына,

Ән жетсін Ұлытаудың заңғарына.

Қазағым үбір-шүбір, өсіп-өніп,

Көріскей атар ұлы таңдарына, —

Деп, сұлу көп көңілін бірлегесін.

Тағдырдың аттағандай бір белесін.

Шаттанды бала-шаға, ауыл-аймақ

Болашақ сыйлағандай жыр кемесін.

 

Көңілге Бәтиманың көп ілгені,

Арманы өкпе-реніш сөгілгені.

Жанын да жадыратты туған жердің

Аспандап ән мен жыры төгілгені.

 

Сүйсінді тамсанып жұрт дана қызға,

Ақылы нұр құярлық санаңызға.

Серттескен екі жастың уағдасы

Ұқсады әрі шындық, әрі аңызға.

 

Аттанды қыз көргеннің түсіндей боп,

Құйылған ат үстінде мүсіндей боп.

Жырланды қос аққудың жарастығы

Жаратқанның қолдаған ісіндей боп.

Аруым өз еліне бет түзеді,

Салғаны арман жолы, текті із еді.

Арғынға «сүйіншілеп» бар хабарды

Жүйрік жел алдын ала жеткізеді.

 

Мерейі жарығымның өсіп келді,

Би шешер мәселені шешіп берді.

Татулық жолындағы садақа деп,

Өз басын да бәйгеге қосып келді.

 

Еркелеп ақша жүзін ай сүйеді,

Бұл өзі тағдырының қай сыйы еді?

Келгелі өз еліне көңілсіздеу

Біртүрлі, сырқырай ма сай-сүйегі.

 

Жәудіреп қос жанары мөлдірейді,

Шарасыз Арғын, Найман елжірейді.

Дем салып, үшкіргелі неше молда,

Емші һәм тамыршылар келді дейді.

 

Көз тиген дүниеде қалмайды екен,

Шексіз жақсы көрсе де болмайды екен.

Аруана ботасына мейірленсе

Құшам деп, өлтіріп ап зарлайды екен…

 

Түндіктен ай көрінсе ойнаушы еді-ау,

Қос бұрым тірсегіне бойлаушы еді-ау.

Сыңғырлап жалғыз рет күлсе, шіркін,

Арғыны ат шаптырып тойлаушы еді-ау.

 

Қозғаусыз айна, тарақ қараң қалды,

Бір жұтым су ішілмей шараң қалды.

Найзадай кірпіктерін көтермесін,

Күлмесін үлкен тұрмақ, бала аңғарды.

 

Ақыры ертіп келіп қара күнді,

Аппақ таң алып кетті қарағымды.

Ақшығанақ тербеді ақ ботасын,

Баспаған бауырына дала кімді?

 

Жеткізбес 17-нің дерті бар-ды.

Өзекте өшпейтұғын өрті қалды.

Бітпейтін берекесіз кикілжіңге

Бұғауланған сұлудың серті қалды.

 

Арудың ай астында бір дерегі,

Мазарын қызыл там қып бүрмеледі.

Сұлудың салтанаты сазға көшкен,

Баяндап айтарға тіл күрмеледі.

 

Күйдіріп қызыл тамды әсемдеген

Үмітті жанға үлгідей өсем деген.

Содан соң Арғын, Найман арасы да

Дұрыс боп, менмендік те бәсеңдеген.

 

Егіліп Сарыторғай жылайды кеп,

Тәңірден елге бірлік сұрайды тек

Іздесе Бетпақдала Бәтимасын,

Өкіріп Қараторғай құлайды бек.

 

Ажал ма арман алдын кес-кестеген,

Қазағым, күнәң бар ма «кешпес» деген

«Қыз тамы» Ақшығанақ қыстауында,

Белгісі ол ізгіліктің өшпес деген…

 

«Қыз тамы» рух шыңын құрғандай ма?

Бабаға ұрпақ мойын бұрғандай ма?

«Болашақ сіздердікі, тек, қазағым!

Татулық сақтаңыз» деп тұрғандай ма?

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button