Мәдениет

Ақпан айында — екі премьера

Ақтөбелік көрермен қауым көптен күткен жаңа спектакльдер сахналанатын күн алыс емес. Қазіргі таңда сол мақсатта Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қос труппасы — қазақ және орыстілді актерлері қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Биыл қазақ труппасы 29, ал орыс труппасы 5-ші маусымын ашқалы отыр. Бүгінде ұжымда барлығы 55 актер қызмет етеді. Былтыр екі тілде 7 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Алыс-жақын жерлерде ұйымдастырылған фестивальдерге қатысып, жүлделі оралдық. Одан бөлек, алғаш рет Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып, ең үздік деген спектакльдерімізбен өнер көрсеттік. Жалпы, өткен жыл біз үшін жемісті болды деп айта аламын.

Биылға қойған ой-жоспарымыз да көп. Менің ойымша, әр театр жыл сайын әлемдік классика, қазақтың інжу-маржанына айналған туындыны және заманауи, яғни жас драматургтердің спектакльдерін қойып, осы үшеуін қатар алып жүру керек. Біздің репертуар соған сай жасалғалы отыр. Осы қызметке келгелі алдағы 5 жылға стратегиялық жоспарымды әзірлегенімді айта кетейін, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Басшылық қызметке тағайындалғанына екі айдан енді асқан оның айтуынша, Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» драмасының премьерасы 12 ақпан күні өтпек. Режиссері — Қырғызстан елінен арнайы шақыртылған Ш.Айтматов атындағы орыс драма театрының режиссері, драматург Нұрлан

Әбдіқадыров. Араға 8 күн салып, яғни 20 ақпанда орыс труппасы Т.Жүженоғлының «Лавина» драмасын (режиссері Мейрам Хабибуллин) сахналағалы отыр. Көпшілікке жақсы таныс бірінші спектакль ғашықтық ғаламатынан сыр шертіп, Қозы мен Баянның махаббаты негізге алынса, ал түрік драматургтің «Лавинасы», аты айтып тұрғандай, бір ауылдағы табиғат апаты һәм адамдардың бойындағы үрей-қорқыныш, психология тақырыбымен астасып жатыр…

Сондай-ақ, ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай оның 45 қарасөздері жылдың 4 мезгіліне арналған өлеңдерімен тұтас бір композицияға біріктіріліп, ерекше жанрдағы пьеса жарық көреді деп күтілуде. «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Ақтөбеден шыққан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы, басқа да атаулы даталар да ескерусіз қалмайды», — дейді сөз арасында О.Ибраев.

Тағы бір жаңалық — жыл басталғалы театр фойесінде ақтөбелік актерлермен кездесу өткізу дәстүрге айналмақ. Сыр-сұхбат айына 2 рет өтеді. Сол арқылы ұйымдастырушылар артистер мен көрермен арасындағы байланысты одан сайын нығайтып, екі тараптың бір-бірін жете тани түсуіне жағдай жасамақ. Мұндай жүздесулердің уақыты мәдениет мекемесінің әлеуметтік желідегі парақшаларында алдын ала хабарланып тұрады.

— Өзім де жас болғандықтан, шығармашылық адамдарына тәжірибе алмасып, ой бөлісетін, жалпы таным көкжиегін кеңейтетін шаралардың аса қажет екенін түсінемін. Сондықтан биылдан бастап педагог, режиссер, өзге де елге белгілі сала мамандарымен шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алдық. Жыл басында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы,  Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ерлан Кәрібаев көрген-білгенімен бөлісіп кетті. Сол сияқты белгілі хореограф Серік Сариев те бірер күнде сахнадағы қимыл-қозғалыс қандай болуы керек, сол жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Алдағы уақытта мұндай басқосулар жалғасын табатын болады. Әріптестеріме де бұл бастама ұнап жатыр, — деп атап өтті әңгімелесушіміз.

Сонымен қатар, сәуір айында ақтөбелік театралдар үшін халықаралық «Балауса» экспериментальды спектакльдер фестивалін өткізу жоспарланған. Өнер мерекесі осымен 5-ші рет шымылдығын түргелі отыр.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button