Әкімдер есебі

«Қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек…»

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынына қатысты.
Есеп беру кездесуіне облыстық басқармалардың басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев «Қарғалы ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттер туралы» есеп берді.

— Өткен жылы аудандық бюджетке болжанған 566,7 миллион теңгенің орнына жалпы соммасы 719,7 миллион теңге түсті. Яғни жоспар 129,0 пайызға орындалды. Ал бюджет шығысының орындалуы — 4 миллиард 516,3 миллион теңге. Сондай-ақ 2019 жылы аудан бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 3 миллиард 062 миллион теңгені құрап, көрсеткіш 100,1 пайызға жетті. Өткен жылдың 12 айында ауданға 6 миллиард 894 миллион теңге инвестиция тартылды. Ал ауылшаруашылық саласы бойынша өнім көлемінің жалпы мөлшері 23 миллиард 520 миллион теңгеге жетті, — деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, Қарғалы ауданында 2018 жылмен салыстырғанда өткен жылы ет өндіру 165 тоннаға, ал сүт өнімдерінің мөлшері 61 тоннаға көбейген. Сондай-ақ кәсіпкерлік саласы бойынша ауданда 1125 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы бойынша жыл соңында 774 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жылдық жоспар 110 пайызға орындалған.

Сондай-ақ биыл ауданда 700-ден астам адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

— Өткен жылы ауданда 669 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 116 пайызға орындалды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 327 адам курсқа жіберіліп, «Агробизнес», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 22 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек бойынша өткен жылы жалпы мөлшері 146 миллион 360 мың теңге көлемінде 1328 адамнан тұратын 314 отбасына жәрдемақы тағайындалды. Тұрғын үй алуға 35 отбасына 380 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінгі күні ауданда 595 мүгедек тұрады, оларға жыл сайын қажетті әлеуметтік көмек көрсетіледі, — деді А.Жүсібалиев.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Бадамша ауылындағы Әуезов, Абай, Қосестектегі Ш.Балниязов, Д.Шампиев, Бірлік көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар көшелер жарықтандырылады. Сондай-ақ биылғы жылы аудан орталығында өнер мектебінің құрылысы басталады. Оған облыстық бюджеттен 130,0 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар Әлімбет, Қосестек ауылдарында әкімшілік ғимараттар, Бадамшада 60 пәтерлі 5 қабатты жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй салу жоспарлануда.

Аудан әкімі соңғы жылдары ауданда дәстүрлі емес ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша жаңа жобалар қолға алынып жатқанын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатынын атап өтті.
Бұдан кейін жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданның зор жетістіктерге жететін әлеуеті мен мүмкіндігі бар екенін жеткізіп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, өткен жылғы есептік кездесуде берілген тапсырмалардың орындалуына қатысты бірқатар сын-ескертпелерді атап өтті. Жергілікті әкімдікке халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау керектігін жеткізіп, аудан басшылығына нақты тапсырмалар берді.
Бүгінгі күні елімізде қалыптасқан саяси тұрақтылық пен өңір халқының ауызбіршілігін, сабырлылығының жемісін көріп отырмыз. Өмір болған соң қордаланған мәселелер де көп болады, барлығын бір күнде шешу мүмкін емес. Аудан көлемінде көптеген жұмыстар жасалды. Бұл аудан әкімдігі мен тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесі деп білемін. Дегенмен нарық талабы күн сайын өзгерген соң жаңа талаптар болады. Ел жастары уақытпен есептеспей, нәтижелі жұмыс жасауға талпынуы қажет. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етуіміз қажет, — деді облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин аудан тұрғындарынан өзінің әлеуметтік желісіне келіп түскен бірқатар сұрақтарға тоқталып, аудан басшылығына аталған жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды және шешімін тапқандығы жөнінде есеп беруді тапсырды:
— Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың оң нәтижесін көру үшін нақты жоспармен жұмыс жасау қажет. Қарғалы ауданы — табиғаты әсем, туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Шетелдік инвесторлардан тыс жол бойындағы кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Жергілікті халықтың негізгі тіршілік көзі — ауылшаруашылық өнімдері. Осы бағытта нақты жоспарларды қолға алу қажет.
Жиын соңында облыс басшысы аудан әкімі мен облыстық басқарма басшыларына суармалы жерлерді игеру, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, егістік көлемін тиімді пайдалануды арттыру туралы бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Д.АЙДАРОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button