Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус — қауіпті індет

2019 жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында жаңа коронавирус пайда болғаны мәлім. Бұл вирус пневмонияны қоздырады. «Қазинформ» ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенсек, бүгінгі күні  Қытайда коронавирусқа шалдыққандар саны 4515 адамға жеткен.  Оның 106-сы қайтыс болған. Бұл елде өтетін халықаралық спорттық шаралар тоқтатылып жатыр. Сегіз қалада көлік қозғалысына шектеу қойылған. Қазір елімізде осы жағдайға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Біздің облыста арнайы штаб құрылды. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын алу шараларын ұйымдастырып жатыр.

Сақтық шарасы қалай жүруде?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, вирусқа қарсы тиісті орындармен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазір облыста штаб құрылды. Вирустан қорғанатын медициналық бетперде, яғни маска, киімдер және науқастарды таситын арнайы капсулалар сатып алынуда. Қажетті дәрі-дәрмектер қорын дайындап қойдық. Егер науқастар көп болған жағдайда оларды оқшаулау керек. Сондықтан 160 кереуетке арналған арнайы оқшаулау бөлмесін дайындадық. Қоздырғыштың белгісі байқалғанда дәрігер не істеуі керек? Қалай диагностика жасаған жөн? Осы сұрақтар бойынша да  мамандар біліктілігін арттыруда. Диагностика жасау үшін вирусологиялық зертхана дайын болуы керек. Сондықтан осы шаруалар қайта пысықталды. Ең негізгі мәселе — көрші елден келетін адамдарды бақылау. Қазір Қытайдан келген азаматтардың барлығын қадағалап отырмыз. Әзірге ауырған адам жоқ, — деді Әсет Қалиев.

Қазіргі таңда еліміздің барлық аумағында қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде бақылау күшейген. Ал «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының жұмысы 15 ақпанға дейін уақытша тоқтатылған. Көрші елден келетін ұшақ жолаушылары да қазір қатаң тексеріліп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметінше, 6 қаңтардан бері Қытайдан елімізге 25 858 адам келген. Олардың арасында шетелдік те, қазақстандық та азаматтар бар. Қызуы көтеріліп, яғни жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілері байқалған жолаушылар ауруханаға жатқызылып, толық тексерулерден өтеді. Қазіргі күні 23 жолаушы жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгісімен ауруханада жатыр.
Вирус қайдан пайда болды?

Әзірге вирустың нақты неден пайда болғаны туралы мәлімет жоқ. Бірақ генетикалық зерттеу жүргізген ғалымдар жыланнан тараған болуы мүмкін деген болжам айтады. Ал аурудың негізгі көзі — жарқанаттар болуы ықтимал. Вирус тараған Ухань қаласында негізінен биомедициналық өнімдер шығарылады. Әр түрлі генетикалық тағам өнімдері де осы қалада өндіріледі. Мамандар жазы ыстық, әрі ылғалды болғандықтан қоздырғыш тез тарайтынын айтады.

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  Қазақстанның Қытайдағы елшілігі азаматтарға адам көп шоғырланған жерлерге бармауға, жануарлар мен балық еті қосылған азық-түлікті қолданбауға кеңес беруде. Сондай-ақ  жедел респираторлы вирустық инфекцияның, тұмаудың белгісі байқалған жағдайда дереу дәрігерге көріну керектігін ескертеді. Еліміздегі әуежайлардың санитарлық-карантиндік бақылау қызметі халықаралық рейспен келген әр жолаушыны тепловизор арқылы тексеруден өткізіп жатыр.

Аурудың белгісі қандай?

Мамандардың айтуынша, бұл вирус бұрын адамдарда кездеспеген. Бірақ белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды. Адам алғашқыда жеңіл түшкіріп, кейін жөтеледі. Қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындайды. Соңы пневмонияға ұласып, өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Бірінші кезекте  ұзақ уақыт созылмалы аурумен ауыратындар, қарттар, иммунитеті төмен адамдар, сондай-ақ медицина қызметкерлері вирусты жұқтыруы мүмкін.

Аурудан сақтанудың бір жолы —  шикі сүт, шикі теңіз өнімдері, термикалық өңдеуден өткізілмеген ет, балық өнімдерін пайдаланбау. Вирус 56 градус Цельсий температураға төтеп бере алады. Сондықтан азаматтар барынша сақтық шараларын жасап жүруі керек. Қарапайым тазалық ережелерін орындаған жөн. Сондай-ақ мамандар Қытай немесе өзге елге саяхатқа шыққанда ет, теңіз өнімдері сатылатын базарларға, жануарлар бағына, адамдар көп жүретін аумақтарға бармауды ескертеді. Себебі вирус адам жиі шоғырланатын жерде тез тарайды. Медициналық маска киіп жүрген дұрыс.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button