Әкімдер есебі

Маңызды мәселелер қозғалды

Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ ауылдық округтерінде болып, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен биылғы жылға арналған міндеттері туралы есеп берді.

Алдымен аталған округ әкімдері тұрғындар алдында есеп берді. Бұдан соң халықтың сауалдарына құлақ түрілді.

Жаңақоныс ауылының тұрғындары биылғы жылы Айшуақ ауылдық округінің орталығына дейін асфальт жол тартылатынына қуанып, сол күре жолдың тұсынан ауылға дейінгі аралықтағы екі шақырым жерге де асфальт төселсе, Мәдениет үйінің құрылысы аяқталса, мектепте ән-би үйірмесі ашылса, сондай-ақ ұялы байланыс қондырғысы орнатылса деген тілектерін жеткізді. Және де ауыл маңындағы жайылым жерлері кеңейтілсе деген ұсыныстарын айтты.

Есет Көтібарұлы ауылдық округі тұрғындарының атынан сөйлеген ауыл ақсақалы Жәрдемберген Піралин елді мекенде атқарылып жатқан игі істерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар «Алматы-Маңғышлақ» пойызы Байқадам стансасына аялдаса деген тілегін жеткізді.

Айшуақ ауылының халқы 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының жағдайын айтып, жөндеу жұмыстары жүргізілуін сұрады. Сондай-ақ балабақша ғимаратына да жөндеу жұмыстары керек екендігін тілге тиек етті.

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев кездесуге жиналған тұрғындарға өткен жылдың аудан үшін игілікті болғанын айта келе, қадам басқан биылғы жыл да халық үшін құтты жыл болғай деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар өткен жылы Шалқар ауданында көшелер абаттандырылып, елді мекендерде халықтың жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік нысандар ашылғанын айтты.

Сондай-ақ былтыр Шалқар «Үздік ауыл шаруашылығы ауданы» атанып, «Анаға тағзым» орталығының ашылуы барлық нәзік жандыларға көрсетілген үлкен сый-құрметтің белгісі екендігін айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ аудан әкімі қылмыстың, әсіресе, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу керек екендігіне, мал ұрлығына, автокөлікті мас күйінде жүргізушілерге қарсы заңның күшейгеніне тоқталды.

Бұдан соң халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді. Жаңақоныстықтарға күре жол бойынан ауылға қарай бұрылатын жолға асфальт төселетінін, Мәдениет үйі ғимаратының жобалық-сметалық құны дайындалса, құрылысы басталатынын, биыл Шетырғыз ауылдық округіне ұялы байланыс қондырғысы орнатылатынын, ендігі кезекте осындай қондырғыны Аққайтым ауылына орнату үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетінін айтты. Және де ауыл маңындағы жайылымдық жерлерді кеңейтуге тиісті азаматтарға тапсырмалар берді.

Байқадам ауылының тұрғындарына ауыл маңындағы стансаға пойыздың аялдауы үшін теміржол басшыларымен жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл мәселе жөнінде облыс әкімі де хабардар екенін жеткізді.

Сондай-ақ биыл ескі мектеп және балабақша ғимараттарын жөндеуден өткізу жұмыстары қарастырылатынын атап өтті.

Қыдыралы ӘЛИН,  

  Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button