Тарих

Тайшым Орысұлы

Тайшым Орысұлы (1862-1945) — 1916 жылғы қазақ жастарын майданға қара жұмысқа жіберу туралы  патша жарлығына қарсылық ретінде басталған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры. Ол Торғайдағы Кейкі батыр, Әбдіғаппарлардың ықпалымен 1916 жылдың көктемінен бастап Ырғыз уезі Қызылжар болысында 1300 үйдің басын қосып, көтеріліске басшылық еткен. Әуелі уезд бастықтарының сөзін сөйлеген жергілікті байлардың  жылқысын сарбаздарының мініс көлігі үшін тартып алады. Сол жылғы 8 қарашада Ырғыз ауданының Милысорында оны ұстамақ болған топпен қақтығыста Тайшым сарбаздары алты байды қоршап алып, оның бесеуін өртеп жіберген. Ел осы күнге дейін осы жерді «Бес шейіт» атандырған.

Біз төменде  көтеріліс куәгерлерінің бірі Естекбаев Домбығұл (1886-1973) мен Кемпірбайұлы Малдығұлдан Тайшым ұрпақтары жазып алған естелікті жариялап отырмыз. Домбығұл ақсақал Шалқардан шыққан жазалаушы топпен Бестөбе бекетінде болған қақтығысты, ал Малдығұл қарт  1916 жылы көктем-жазда Тайшымның жанында  Кейкі мергеннің болғанын, елдің жігіттерінің Кейкіге жүйрік  байталды қалай сыйға тартқанын жазады.

Тайшым көтерілісі 1916  жылдың қысына қарай жеңіліс тауып, Тайшым Қыстаубай, Жылқаман, Жылқыбай есімді балаларымен, сарбаздарымен  Орынбор түрмесіне қамалды. Алайда, Ырғыз көтерілісшілерінің жазалануына, не Сібірге  қара жұмысқа жер аударылуына Ресейдегі патшаның құлатылуы оқиғасы  әсер еткен. Ресей империясындағы саяси дағдарыс, қос биліктің бір-бірімен текетіресі алыстағы қазақ ауылдарындағы стихиялы күрестерді де басты.

Тайшым Орысұлы 1917 жылдың 10 наурызында бостандыққа шыққан.  Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары Ырғыз ауданы Ұзынкөл ауылында құрылған «Көркем» серіктестігіне мүше болды. 1936 жылы ұлт-азаттық көтерілісінің 20 жылдығына орай үкімет атынан оған ат арба сыйға тартылып, Ырғыздағы  Қылқанды деген жерде үй салынып берілді.  Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен ол Алматыға шақыртылып, «Қазақ КСР-іне 15 жыл» белгісімен марапатталған.

Бестөбедегі өрт

1916-1917 жылдары Ырғыз уезінің орталығы мен Шалқар теміржолын  байланыстырған  бірнеше пошта бекеті болды. Төменде Бестөбе бекетінде ат айдаушы болып жұмыс істеген Естекбайұлы Домбығұлдың (1886-1973) Тайшым Орысұлы туралы айтқан деректерін жариялап отырмыз. Ол Шалқар қаласында Әліби Жангелдин көшесі, 14-үйде тұрып, 97 жасында өмірден өткен. Әйелінің есімі — Несібелі, Сұлуайым деген қызы, Өтепқали деген ұлы болған.

— 1916  жылы  күздің  қарасуық күндерінің бірі еді. Ол кезде  Шалқар мен Ырғыздың  ортасындағы Бестөбе бекетінде ат бағушы болып жұмыс істеймін. Екі аралықта қатынап жатқан пошта байланысы бар, әрлі-берлі өткен жүргіншілер де осы бекетке аялдап, ат ауыстырып,  жылынып алады.Тоқсанның бас күндерінің бірінде кешқұрым   уақытта  жазылы түйесі бар төрт аттылы кісі есік алдына келіп тоқтады. Жүрістері де, түстері де  суық көрінді. Үшеуі  аттарынан түсіп,  есік алдында тұрған маған жақындады. Біреуі қалып, аттарды жайлауға кірісті. Үйге кірдік.  Үшеудің бірі бойлы-сойлы, ерекше ірі кісі. Үйге кіргенінде, басы үйдің төбесіне  тіреліп тұрғандай көрінді. Ол Тайшым Орысұлы екен. Ол маған:

— Шәй-суыңды іш те, мына жазылы түйеге жүгіңді артып, Қызылкөл бекетіне әйел-баланы жеткізіп таста. Бізге қарай отарбамен патшаның қарулы жазалаушы  отряды келе жатыр. Олар  Шалқардан түседі. Осы отрядтың көзін осы Бестөбе бекетінде жоймақшымыз. Бұл — шағырлы жер.  Біз сенің қысқа жинаған отыныңды шайқасқа пайдалануымыз керек, — деді. Бекеттегі пошташы болып жұмыс істейтін  жас бала Бажақанға алдымыздағы Жылтыр бекетіне барып, жағдайды барлап  келуді тапсырды.

Алас-қапаста әлгі жазылы түйеге төсек-орнымызды асығыс тиеп алдық.  Пошташы жас бала Бажақан   Жылтырға қарай кетті. Барғанында Шалқардан  шыққан қарулы солдаттың  Жылтырдың пошта үйін басып алғанын көрген. Кілең мылтықты солдат, ірі-ірі от қарулары бар. Олар ат алмастырып мінеміз деп аптығып тұр.  Біз көрмеген арба, біз көрмеген ат әбзелдер, біз көрмеген жылқы. Шамамен он шақты қару-жарақ тиеген арба мен 23 жегін ат. Арасындағы бесеуі өзгеше киімді екен. Басшысы болу керек. Қапты бекетке тапсырып, кері келгенде,  «Көргенім  — жиырма шақты салт атты» дейді. Тайшым: «Ішінде қазақ бар ма?» деп сұрайды. «Арасында солардың киімін киген екі қазақ бар. Ол екеуі де қара ат мінген» деп баяндағанда, Тайшым Қызылкөлге қарай «Мына аттарды да айдай кет» деп тапсырып, қасындағы жігіттеріне:

— Біз бой тасалап, Қаңбақты жақтан құм ішінде жатып, олардың бағдарын бақылаймыз, — деп тұрғанымен,  Қаңбақты емес, менімен ілесе Қарашолақ тауының оңтүстік жағындағы үлкен қуысқа қарай жүріп кетті.  Ал пошташы Бажақан Тайшымның азық-түлік таситын түйесімен Ырғыз бағытындағы  Қызылкөл бекетіне бет алды. Маған артынан Бажақанның айтқаны: «Мен Қызылкөл бекетіне жеткенде, үйде он үш адам отыр екен. Олар Тайшымның қару-жарақ пен азығын тиеп жүретін түйесін танып, менен жөн сұрады. Мен көргенімді айттым. Олар: «Бажақан, Қызылкөл пошта бекетінен Ырғыздан келген Қарғабайдың пошта салған қабын алып, кері қайту керек. Жылдам  Ырғызға жет, өйткені, саған Шалқарға бару енді қауіпті. Олар жол ториды. Жазым боларсың», —деген. Өйткені, Жылтырда отряд пошта жеткізген мені көріп қалды. Сарбаздар да  Тайшымның түйесін жетектеп, Тайшымдар бой тасалаған межелі тұсқа қарай,  «Иә,  Алла осылай түн қараңғылығын қоюлата түс», — деп жүріп кетті.

Сол күні түн ортасы ауа Бестөбе жақтан қатты жалын өрт шықты. Таңертең ертесімен Тайшым тобы Қызылкөл бекетіне келіп аялдап, шай-су ішіп болып Бажақанға: «Кешегі көрген көлік-лаулар осылар ма?» деді, даладағы олжаланған қару-жарақ, көлік-лауды көрсетті. Оны таныған Бажақан: «Сендердің бұларға қалай әлдерің келді?» деп сұрады.

— Біздің мол олжамен жеңіске жетуімізге Домбығұлдың қысқы отынға дайындаған шағыры көп қол берді, —  деді Тайшымның жігіттері. Біз  Қызылкөл бекетінде ат дайындаушы Сабыр мен паң Сағынайдың оққа ұшып өртеніп кеткенін естідік. Осыдан кейін Тайшым тобы көп қару-жарақ, күйлі көлік-лауларымен Ырғызға қарай жүріп кетті. Бажақан екеуіміз Шалқарға қарай жол тарттық. Жолай  соңымыздан  ат тұяғының дүбірі естілген соң қарасақ,  жанымыздан белін бекем буынып алған әйел ағызып өте шықты. Мінгені — Жылтырда көрген қос қара аттың бірі.  Біз де ыждағаттап жүріп Бестөбеге келсек, үйден дым қалмапты. Бәрі өртенген. Үй ішінде өлген солдаттар, терезеден омырауын  аса құлаған екі қазақ  жатыр. Қара ат шылбырын сүйреткен бойы ентігіп тұр. Ал әлгі қыздың  терезеге асыла өлген адамдардың сүйегін жинап жүріп, көкірек жара  айтқан жоқтауы әлі есімде тұр:

Тайшым деген хан шықты,

Сағынай деген паң шықты.

Терезеден атқанда,

Жан көкемнен жан шықты, —

деген ұзақ жоқтау, толғау осы Бестөбе бекетінде өмірге келген. Естіген адамның көкірегі қарс айырылатын жоқтауды оққа ұшқан пошта бастығының қызы — Салтанат  шығарды. Іле-шала Шалқардан  пошта қатынасы мен құрылысының басшылары адам жинап келіп, өлген солдаттардың сүйегін Қаңбақты жақ беткейден бес шұңқыр қазып көмді.

Келесі жазда Бестөбеге келіп, кесек басып, пошта бекетін қайта қалпына келтірдім. Содан 1941 жылға дейін осы Бестөбеде болдым.

Тайшым осылайша 1916 жылдың  қарашасында Бестөбе бекетіне аялдаған орыстың  жазалаушы тобын қоршап алып, жойып жіберген еді. Сарбаздар аттанарда Өтеміс деген жігіт  аяғы  ақсап қалған бір семіз атты: «Мынаны көршілерің болып сойып ал»  деп тастап кеткен болатын. Көрші болғанда пошта үйінің иесі сол жолы  оққа ұшты. Оның әйелі — Рабиға мен қызы Салтанат, менің әйелім Несібелі, төртеуміз ғана қалдық.  Осы оқиғадан соң да пошта қатынасы тоқтаған жоқ.  Бажақан мен Жақия жас. Қарғабай мен Қаракүшік кезектесіп Ырғыз бен Шалқарға пошта жеткізеді. Менің міндетім — пошта аттарын жайласып, пошта айдаушыларға (жылынып алғанша) ат ауыстырып беру, жол бойына белгілер қадау. Белгілерді қыстық ақтүтек борандарында ат айдаушылардың жолдан ауытқып кетпеуі үшін қадаймын. Содан кейін Тайшымды көрген жоқпын. Бірақ атағы ел ішінде дүркіреп  жатты…

Кейкіні көрген адам

Кейкі туралы Кемпірбайұлы Малдығұлдың айтқандары:

— Мен Тайшымның баласы Қыстаубаймен құрдаспын. 1916 жылдың көктемінен жазға ауған сәті. Бір күні  Сүйінтай ақсақал  Ырғызбай екеумізді Әлжанның жылқысынан бөліп қойған 56 бас мініс ат пен  сойысқа дайындаған 24 бас құнан тайды Добардағы Тайшым Орысұлының қосынына жеткізіңдер  деп тапсырды. Әлжан байдың жайлауы — Қарабұлақта. Әлжанға барып, жылқыларды түнделете Тайшымға   жеткізіңдер де,  ертелетіп қайтып келіңдер. Тағы шаруа бар, —деп бізді шығарып салды.  Ол кезде біздің  ауыл Тоқсанбай құмының шетінде еді.  Ырғызбай екеуіміз  80 бас жылқыны түнделетіп айдап, Тайшымға  таң ата келдік. Атын естігеніміз болмаса, осы жолы Тайшымды бірінші рет көрдік. Бізден  не шаруа тындырып келгенімізді сұрап алып: «Сендер айдап келген жылқының ішіндегі жүйрік қарабайталды Кейкі деген кісіге әкеп мінгізесіңдер», — деген соң жылқыны қосынға жақын айдап келіп, ішінен сұлу қара байталды ұстап, ерттеп әкелдік.

Біз келгенде, Тайшымның қасында орта бойлы, толықша келген,  көзі ойнап тұрған, қараторы жігіт тұрды. Шылбырды осы жігіттің қолына ұстаттық.  Ол  көз ілеспес жылдамдықпен  қара байталға ырғып мінді де, бір айналып келіп: «Жігіттер, сендерге де, осы жылқыны баққан адамға да ризамын», — деп аттан түсіп, бізге күлімсіреді. Кетіп бара жатып бізге: «Жігіттер, жолдарың болсын», — деді.  Тайшымның қасындағы  көрікті жігіттің Кейкі атты мерген екенін кейін білдік. Біз  содан кейін Тайшымды  көрмедік.  Тайшымның  Жылқыбай деген баласы  Ырғыздың Ақшиінде тұрды.

…Біз, Тайшымның ұрпақтары, ел ішінен атамыздың көзін көрген ақсақалдардан деректер жинау барысында, Малдығұл атамыздан «Басқұдық»  совхозы жағында Қара байтал деген жер бар екенін, елсізде екі мал қора болғанын айтқанбыз. Ырғызбай атамыздан осы жердің неге Қара байтал атанғанын сұрадық. Сонда  қарт: «Әлгі біз апарып ерттеп Кейкі деген мергенге мінгізген қара байтал атыс-шабыс кезінде осы жерде мерт болғандықтан, осы  жерді  қоныстанған  бақшақ руының адамдары қара байтал атандырған», — деді.

Кейкі мергеннің талай шайқастан батырды аман алып шыққан қара байталының  мерт болғанын естіген Сейітқұл руының  Ұзағының Тұқай, Қалыбай, Молыбай деген ақсақалдары  өз  жылқыларынан жарау 30 сәйгүлікті Тайшым Орысұлының қосынына жеткізіп беріпті. Ұзақтар  қазіргі Ырғыздың Қалыбайында жайлауда тұрған. Қалыбайдың бұрынғы атауы — Жарбұлақ.

*   *   *

Сол кездегі Ырғыз өңірін жайлаған жұрт Тайшым Орысұлының ұлт-азаттық көтерілісінен ештеңе аямаған. Сарбаздар қатарына балаларын қосып, жарақты аттарын сайлап беріп отырған. 1970-жылдары өмірден өткен қарттардың естеліктеріне қарасаңыз, сол уақытта Кейкі мерген мен Тайшым арасында тұрақты байланыс орнап, екі батыр Торғай мен Ырғыз даласындағы  толқуларды ұйымдастырып отырғанын көреміз.

                                                               Асылбек ЖАДЫРАСЫНОВ,

зейнеткер.

                                                                Қарабұтақ селосы,

                                                                Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button