Білім

Балдырған

50 метр. 150 жас

Жиі айтылатын ағаштардың бірі — терек.

Ал терек — тал тұқымдасының бір туысы. Бұл ағаш Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеуінде көбірек таралған.

Қазақстан жерінде ақ терек, көк терек, қара терек, мырза терек сияқты 18 түрі өсіріледі. Өседі демей, өсіріледі деп отырғанымыздың өз мәні бар.

Өте тез өсетін және биіктігі 50 метрге дейін жететін бұл әсем де ірі ағаш көше бойына, аулаға, су қоймаларының жағалауына отырғызылып, қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға, егіс алқабын қорғауға пайдаланылады.

Тағы бір артықшылығы, терек көп күтім тілемейді және оны қалемше — көшеттерінен-ақ көбейтуге болады. Көктемде 30 сантиметрлік қалемше отырғызсаңдар, күзге қарай ол 2-3 метрлік ағашқа айналады. Қайсыбір түрлері 120-150 жыл өседі.

Жаздың басында теректің мақта секілді мамығы ұшып, желмен жан-жаққа таралып жатады. Мұндай мамық аналық теректерден ұшады және осы мамықта ағаштың тұқымы болады. Терек осы тұқымнан да көбейеді.

Терек қолданылмайтын жұмыс саласы аз. Ағашы жұмсақ болғандықтан одан сіріңке, қағаз, фанера, түрлі бұйымдар жасалады, сондай-ақ ол құрылыста да кеңінен пайдаланылады.

Жануарлар әлемі

Таң мен кештің аңшысы

Мысықтұқымдастардың танымал өкілдерінің бірі — пумалардың мекені — Канаданың оңтүстік-батысы, АҚШ-тың батыс өңірі, Мексика, Орталық Америка мен Оңтүстік Америка.

Қысқасы, Американы тұстастай дерлік жайлап алған бұл аң, өкінішке қарай, соңғы жылдары көзге жиі шалынбайтын болып бара жатыр. Ал кейбір түрлері таусылудың аз-ақ алдында тұр. Әрқилы аймақтарда жүретін бұл аңдардың дене көлемінде де, бояу-түсінде де айтарлықтай өзгешеліктер болады. Дегенмен негізінен сары-қоңыр және сұр-көкшіл болып келеді.

Пумалар жеке ғұмыр кешкенді ұнатады және өз территориясының шекарасынан басқа тұқымдастарын аттатпайды. Сондай есеппен бұл территорияда бір еркек, сосын бір немесе бірнеше ұрғашы пума ғана жүреді.

Бұлар ертеңгісін және ымырт үйіріле белсенді қимылдайды. Рас, тәуліктің басқа мезгілдерінде де аңға шығатын сәттері кездеседі. Азықтары — бұғы, қоян, тышқан. Үй жануарларына да шабуыл жасайтындары бар. Өз құрбандықтарын әдетте желкесінен шап беріп тістеп өлтіреді.

Қоңыржай климатты және оңтүстік аймақтарда ұрғашы пума жаз айларында төлдейді де, тропикалық аймақтарда кез келген уақытта балалайды. 2-4 күшікті 92-96 күн шамасында дүниеге әкеледі. Балалайтын кезде тау-тастың немесе қалың қамыс-құрақтың ортасына кетеді. Ал күшіктер 6-7 айда анасы әкелген етті жей бастайды. Олар енесінің соңында 1-2 жыл еріп жүреді.

Негізінен алғанда тау шатқалдарын, орманды, батпақ пен жазық даланы мекендейтін пумалардың дене тұрқы 1-1,6 метр, құйрығының ұзындығы 60-85 сантиметр болады.

Біліп жүр

Теңіздің тұзы

Расында да теңіздің суы неге тұзды болады? Себебі мынау.

Теңізге құятын өзендер топырақтан тұз бен басқа да минералдарды сорып алады. Содан соң оларды ерітеді де теңізге алып келеді.

Тұздың тағы бір көзі — теңіздің түбі. Теңіз суын буландырып, бұлттарға айналдыратын Күн тұз бен минералдарды теңіздің өзіне тастап кетеді. Сол себепті теңіз суы өзендер мен көлдердің суынан әлдеқайда тұздылау болады.

Ал, теңіздің тұздылығын тіпті жаңбырлар да азайта алмайды.

Оқушының өлеңі

Абай

Таныс оған Шыңғыстаудың бөктері,

Таныс оған Қасқабұлақ шөптері.

Он үшінде ой түсіріп оянған

Абай — ұлы тарихымның беттері.

Қарар болсақ сол тарихты ақтарып,

Абай жолы сан соқпақты жатты алып.

Алтын жатыр ойларының түбінде

Әлі ешкімге аян болмай сақталып.

Ұлағат боп ұлы ақынның әлі де

Шығар талай кітаптары қатталып.

Нұрболат ДОСЖАН,

Ырғыз гимназиясының оқушысы.

Аға

Ағамды жақсы көремін,

Ылғи еріп жүремін.

Айтқан сөзін тыңдаймын,

Ақылымды шыңдаймын.

Жангүл АМАНҚҰЛОВА,

Шұбарши орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Ана тілім

Ана тілім, өркендей бер сен деймін,

Сен барда мен алаулаймын, сөнбеймін.

Тілім менің тіршілігім, тынысым,

Сенсіз бақыт бар дегенге сенбеймін.

Нұрсұлтан АХМЕТКЕРЕЙ,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың оқушысы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button