Мереке

ОРАЗА АЙТТАН ЕШКІМ ДЕ ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Сонымен, мұсылман әлемінде қасиетті, мүбәрак саналатын Ережеп, Шағбан және Рамазан айлары аяқталды. Жаңа ай — шәууал айының бірінші жұлдызында мұсылмандар Ораза айт мерекесін тойлайды.
Анас ибн Мәліктен бізге жеткендей, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) Мәдинаға келгенде осы қала тұрғындарының мейрамдап, көңіл көтеретін күндері бар екен. Пайғамбар (с.а.у.) олардан: «Бұл не күндер?» — деп сұраса, «Бұлар — біздің жаһилият (Исламнан алдыңғы) кезеңіндегі мерекелеріміз» — деген жауап қайтарылыпты. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.у.) айтты: «Расында, Аллаһ сендерге ол мерекелердің орнына одан ұлық екі мейрам берді: Рамазан және Құрбан айттары». Сонымен бірге, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.): «Рамазан айты – адамдар ауыз ашқан күнде, ал Құрбан айты – адамдар құрбандық шалған күнде» — деген.
Ораза айт мерекесін іштей сезініп, оған құрмет көрсету – имандылықтың, тақуалықтың белгісі. Өйткені, ол Алланың белгілеген рәсімдеріне жатады. Ал «Хаж» сүресінің 32-аятында айтылған: «Кім Аллаһтың рәсімдерін ұлықтаса, расында, ол жүректің тақуалығынан».
Айт күніне мұсылмандар мерекелік рухпен, ең сәнді, әдемі киімдерін киіп, тазаланып, үлкен әзірлікпен келулері тиіс.
Ораза айтының шарттарының бірі – Рамазан айынан аман шыққан мұсылман, мейлі үлкен, мейлі кіші болсын, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, мейлі азат, мейлі құл болсын, айт намазына дейін жан басына пітір садақасын беруі уәжіп. Басқаша айтқанда, пітір садақасы айт намазына дейін беріліп бітуі тиіс. Ол міскіндерге, кедей-кепшіктерге, мұқтаж жандарға беріледі.

Айт күні мұсылмандар мешітке келіп, күн шыққаннан кейін, дінбасылардың белгілеген уақытында, өзіндік шартымен екі бас айт намазын оқиды және имамның құтпасын тыңдайды.
Ол күні мешітке айт намазына ғұсыл құйынып бару — мұстахаб (ұнамды) амал. Ал үйінен шығып мешітке барғанша «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә илләллаһ, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лилләһил-хамд» деп тәкбір айту  сүннетке жатады. Абдуллаһ ибн Омар: «Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) ораза айты күні үйінен шыққан уақыттан бастап мешітке жеткенше тәкбір айтатын» — деген екен.
Сонымен қатар, мүмкін болса, намазға жаяу бару да сүннет. Айт намазы сүннеттерінің тағы бірі – үйге қайтқанда намазға барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайту.
Айт намазы оқылып болған соң, мұсылмандар өзара құттықтасып, бір-біріне «қабыл болсын» — айтады.

Ал кім де кім айт намазының уақытын өткізіп алса, ол айт намазының тәртібімен екі бас намаз оқуы керек. Егер, айт намазы жұма күніне тура келсе, айт намазын оқыған кісі жұма намазын оқуға міндетті емес. Абдуллаһ ибн Аббастан риуаят етілгендей, Алланың елшісі (с.а.у.) былай деген екен: «Сендердің мына күндеріңде (яғни, жұма күні) екі айттарың қосылды. Кім қаласа, оны (айт намазын жұма намазынан) ажыратсын. Ал біз, Алла қаласа, біріктіреміз».
Өзін мұсылман санайтын кез келген адам бұл мерекеден тыс қалмауы тиіс.
Пайғамбарымыз мерекелік намаздан ешкімді тыс қалдырмаған деседі: жас балаларды, әйелдерді, тіпті, олардың хайыздарын да ( яғни, етеккір жағдайында жүргендер) шығарған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар жақсылыққа және мүміндердің дұғасына қатыссын!» — деп өсиет еткен. Бірақ хайыз әйелдер намаз оқымайды, намаз оқушылардан бөлек, әрірек тұрады.
Бұл күні мұсылмандар жүрегін өшпенділіктен, кекшілдік сезімдерден тазалап, өздері араздасып жүрген жандарды кешіріп, олармен табысуға тырысуы керек. Сондай-ақ ата-анасына, бауырларына, жақын туыстарына хабарласып, мүмкіндігі жетсе, оларды аралап шығып, жақсы тілектермен қауышқан дұрыс. Ал кембағалдар мен жетім-жесірлерге әр түрлі жолмен жәрдемдесіп, олардың қуаныштарына себеп бола алсаңыз — нұр үстіне нұр.

Айт күні Рамазан айында қаза болған оразаны өтеу мақсатында ауыз бекітуге болмайды. Ол мәкрүк саналады.

Ал айт күнінен кейін, шәууәл айынан алты күн нәпіл ораза ұстауға ниет еткендер болса, ол — үлкен сауап. Пайғамбарымыз Рамазан айынан кейін, шәууал айында тағы алты күн ораза ұстаған. Хадисте бұл туралы: «Кім де кім Рамазан айының оразасын ұстаса, бұған шәууал айындағы алты күнгі оразаны да қосса, жыл бойы ораза ұстағандай сауап алады» делінген.

Ғұламалар: “Жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей” деген сөздің мағынасын былай түсіндіреді: Рамазан бойы ораза ұстаған адам, әр оразасына он сауаптан алған болса, барлығы үш жүз болады. Шәууәл айында ұстаған алты оразасына он сауаптан алатын болса (алпыс болады), барлығы үш жүз алпыс шығады, ал Хижра күнтізбесі бойынша бір жылда үш жүз алпыс күн бар.

Бұл оразаны айттан кейін сол айдың ішінде үзбей немесе кез келген күні үзіп-үзіп ұстауға да болады.Құранда айтылғандай, «Кім Аллаһ ризалығы үшін бір күн ораза ұстаса, Аллаһ сол күн үшін ол адамды тозақтан жетпіс жылға алыстатады».

Мұсылман қауымы үшін Рамазан айы бітсе, Пайғамбар (с.а.у.) сүннеті көрсеткен шәууәл айынан алты күн ораза тұту, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері, арапа күні ораза ұстау секілді, т.б. нәпіл оразалар бар.

Айт құтты болсын! Айттан айтқа жеткізсін дейік.

Діни әдебиеттер бойынша әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Айт мерекесі мүбарак болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар!

Мінекей, Ораза ұстап, тарауих намазын оқып, пітір садақамызды беретін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы бұл аймен қоштасарда, қөңілде қимастық сезімі ұялайды. Алайда, қасиетті айдың артынша Айт мерекесі де келіп, дүние мен ақыреттің ғажап құндылықтарын сездіріп, жүрегімізді ерекше рахатқа кенелтеді. Бұл мереке бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауызашар іспетті.

Екі дүние сардары, Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадистерінде Айт мейрамына тағам жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту тән екендігі білдірілген. Ендеше, айт күндерін құлшылығымызды кемітпестен көтеріңкі көңіл күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізгеніміз абзал. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Ораза айтында ата-ана мен қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да ізгілікті амалдарға жатады. Сонымен қатар ренжісіп қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала «Сен, Кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят), — деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Көңілі қаяу, мұқтаж адамдар мен жарлы-жабықай, міскіндер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметеді. Сондықтанда мұндай мұқтаж адамдарға қайыр садақа үлестіріп, көңілдерін аулау керек.

Алла тағала Рамазан айында тұтқан Оразаларымыз бен құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!

Ақ ниетпен

ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша Өкіл имамы,

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр»

мешітінің Бас имамы                                                                         Б.ЕСМАХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button