Спорт

Он команда қатысып жатыр

Волейбол

Ақтөбе қаласында ерлер арасындағы жоғарғы лигада волейболдан ҚР XXVIII чемпионатының екінші кезеңі басталды.

Қаламыздағы «Жастар-Арена» спорт клубында өтіп жатқан чемпионаттың екінші кезеңінің алғашқы ойынына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, «Ақтөбе» командасы мен қостанайлық «Динамо» командасы арасындағы кездесуді тамашалады.

Чемпионатқа  Түркістан облысы, Алматы, Орал, Көкшетау, Астана және Ақтөбе қалаларынан 10 команда қатысуда. Жоғарғы лигада өнер көрсететін «Ақтөбе» командасы жергілікті жастардан құралған.

Бұдан былай облыстық команданың құрамында тек жергілікті жердің балалары ғана ойнайтын болады. Команда құрамына Әйтеке би, Байғанин, Мәртөк, Ойыл, Қобда, Темір аудандарынан спортшыларды тарттық. Команданың құрылғанына көп болмаса да жақсы нәтиже көрсетіп тұр. Бұған дейін  қараша айында Щучинск қаласында чемпионаттың бірінші кезеңі өткен болатын. Онда «Ақтөбе» командасы 6 ойын өткізіп, жалпы есеп бойынша 7 орынға тұрақтады. Біздің спортшыларымыз Алматы мен Астанадан келген командаларды ұтты.

Мақсатымыз — жергілікті жастарды жоғарғы лигаға ойнатып, кейінгі балалардың волейболға қызығушылығын арттыру, — дейді облыстық волейбол федерациясының президенті Мұрат Тәжіғұлов.

Жалпы «Ақтөбе» командасы республикалық біріншілікте соңғы екі жыл қатарынан екінші орын алған.

«Ақтөбе» командасының бас жаттықтырушысы, Ресей жастар құрамасы сапында волейболдан Европа чемпионы атанып, кейін Қазақстан азаматтығын қабылдап, ұлттық құраманың сапында ойнаған — Сергей Трикоз.

Чемпионат 26 желтоқсанға дейін жалғасады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button