Мәдениет

Қазанғаптың күйлері күмбірледі

Өнер

Сәрсенбі күні Өнер орталығында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония мен «XXI ғасыр дарындары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ақтөбе өңірінде күй мектебін қалыптастырушы, күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына арналған «Күйдің пірі – Қазанғап» атты концерт өтті.

Кеште А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жайлау Асылханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин, халықаралық конкурстардың лауреаты Құрманғазы Асылханов, республикалық конкурстардың лауреаты Жалғас Болатұлы, т.б. өнерпаздар өнер көрсетті.

Концерт барысында Жайлау Асылханов Қазанғап Тілепбергенұлының «Әлиманың боз жорғасы», «Балжан әйел» күйін орындаса, Талап Хамзин «Рұқсат берші, Балжан қыз» күйін тартып берді. Сондай-ақ жас күйшілердің орындауында Қазанғаптың «Бұраңдаған келіншек», «Табақ тарту», «Торы жорғаның бөгелек қағуы», «Күй шақырғыш Ақжелең», «Кәрі Ақжелең», «Шырылдатпа»,  «Ақжелең», «Ұршықтың жұртта қалғаны», «Жем суының тасқыны», т.б. күйлері көрермен назарына ұсынылды.

Кеш соңында А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі орындаған Қазанғаптың «Боз жорға аттың бөгелек қағуы», «Көкіл», «Құс қайтару» күйлері залға жиналған көрерменді ерекше серпілтіп тастады.

Осылайша бұл шара қалың көрерменге күй өнерінің құдіретін ұғындырған мағыналы, мәнді кеш болды.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, мұндай шараның дәстүрлі өнерді насихаттауда, жастарды, болашақ ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде, ұлттық өнерді дәріптеуде мәні зор.

— Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына арнап өткізілген шараға Ақтөбенің белгілі күйшілерімен қатар музыкалық колледждің, Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Бұл кешті күй өнерін дәріптеу, күй атасы — Қазанғаптың күйлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Жуырда жас әнші, жерлесіміз Димаштың Нью-Йоркте қойған концертінде қолына домбыра алып, күй орындағанда қандай сезімде болғанымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, біз осындай патриоттық сезімді жоғалтпауымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда көрермен қазақтың күй өнерінен алшақтап барады. Соңғы жылдары елімізде эстрадалық өнер көп насихатталып, соның себебінен ұлттық өнеріміз, күй өнері қалып барады. Сондықтан бүгінгі күні біз болашақ ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеуді балабақшадан бастап үйретуіміз керек. Егер балаларымыз белгілі күйшілердің күйлерін біліп, естіп өссе, олардың бойында елге, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Өз елінің патриоты болып өседі. Міне, осы мақсатта біз алдағы уақытта білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, бірқатар бастамалар мен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді филармония директоры.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button