Мереке

«Тәуелсіздік» стелласы бой көтерді

Ақтөбеде «Тәуелсіздік» стелласының ашылуына орай салтанатты жиын өтті.

Жиынға еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, қалың көпшілік, сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының гимнімен басталды. Гимн қалалық Мәдениет үйінің үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды.

Еңбек ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков құттықтау сөзінде:

— «Тәуелсіздік бізге не берді?» дегенде, атап айтатын жетістіктеріміз көп. Соның ішінде басты жетістіктердің бірі — туған тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы. Міне, ұлы ақын Абайдың атындағы даңғыл бойына «Тәуелсіздік» стелласы орнатылды. Стелланың өн бойына Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері айшықталып берілген. Бұл — жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бағытындағы құптарлық қадам, — деді.

Еңбек ардагері Александр Прихно:

— Бүгінде елімізді бүкіл әлем таниды, біздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді бүкіл дүниежүзі мойындайды. Мемлекеттік рәміздер — біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің қала ортасындағы алып стеллада тұруы өте маңызды деп білемін, балалар оларды кішкентайынан көріп-біліп, мақтаныш тұтып өседі, — дей келіп, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Бұл жобаның авторы әрі жүзеге асырушы — белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев. Стелланың биіктігі 20 метрге таяу. Оның төменгі тұғырының бір бетінде — Қазақстан Республикасы гимнінің мәтіні, оған жалғас келесі бетінде гимннің музыкалық редакциясы берілген, үшінші бетіне мемлекеттік рәміздер авторларының аты-жөндері жазылыпты. Төртінші бетте Ақтөбе қаласының символы бар. Стелланың ұшар басында Елтаңба тұр.

Автордың айтуынша, стелланы көтеру үшін пайдаланылған материалдардың барлығы да жергілікті өнімдер.

Стелланы салтанатты түрде ашу құрметі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев пен еңбек ардагері Еркін Құрманбековке берілді.

Жиын соңы ән-биге ұласты.

Айна САРЫБАЙ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button