Тарих

Елін қорғаған ер Ақтан

Ақтан Ақайұлы — ХVII-XVIII ғасырларда қазақ халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күресіп, бар өмірін ат үстінде өткізген Кіші жүздің атақты, аруақты батырларының бірі. Ол — Хиуа, Қоқан хандығының шапқыншылығына, орыс патшаларының отарлау саясатына қарсы күрескен атақты қолбасшы Жанқожа Нұрмағамбетұлының сенімді серігі, бас батыры. Жанқожа Ақтансыз жауға шаппаған деседі. Ақтанның ақ бұлты ойнап шыға келген кезде ол:

Ақтан келіп қасыма,

Ақ күн туды басыма,

Ал, аттанайық! – дейді екен. Ақтанның ақ бұлты қалың жауға найзағай ойнаған нөсер боп жауып, сарбаздар жауға лап қойып, қуып тастап отырған. Шежіре деректер бойынша Әлімнің алты ұлының ең кенжесі Ұланақ жасында болбыр болып өскен. Атасы Қаракесек (шын аты Кәдірқожа — Әлімнің әкесі): «Осы балам түбінде сасыған бай болады» – дейді екен. Содан Ұланақ Сасықбай атанады. Бірақ әкесі Әлімді атамай, «Мен Қаракесектің баласымын» – деп еркелеп өседі. Ұланақтың Әлімнің ең кенжесі екендігін атақты шайыр Қарасақал Ерімбеттің мына бір шумақ жыры дәлелдейді:

Ор қоян, орғыл қоян құм сақтаған,

Алтайы қызыл түлкі шың сақтаған.

Әлімнің ең кенжесі Қаракесек,

Атаның мұраларын сол сақтаган.

Атасы Қаракесек өлген соң қара шаңырақтың иесі боп қалған Ұланақ, Қаракесек атанып кетеді. Осы Қаракесектен тараған, қарадан шығып хан болған Жақау батырдан Тінібек, Тінібектен Тілес, Тілестен Ақай туған. Ал Ақайдың ұлы Ақтан 1870 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылының «Тілес арығы» бойында, «Түлкі қашқан» деген жерде дүниеге келеді. Анасы оған аяғы ауыр кезінде Ақпан есімді әулие қарт: «Дүниеге киелі ұл келейін деп тұр екен. Болашақта бүкіл Әлімді қорғайтын ұл болар. Бірақ мен оны көре алмаймын. Мына жастықты балаға өсіп, ер жеткен соң беріңдер. Алла қолдап менің аруағым қонсын!» — деп, мінген атының үстіне салып жүрген боз жастығын Ақайға ұсынып, ақ ниетпен батасын береді. Күні жетіп дүниеге бала келгенде, әкесі Ақай ат шаптырып той жасап, Ақпан әулиенің есіміне ұйқастырып, Ақтан деп азан шақырып, ат қояды. Өсе келе баланың керемет қасиеттері көріне бастайды. Бір күні жолы түсіп, айдалада оңаша тігілген қараша үйге кіріп келсе, керегеде байлаулы тұрған бір адамды көреді. Ол адам ауыр дертке шалдығып, есі ауысып, ағайындарына бой бермеген соң, амалсыз байлап қойған екен. Ақтан үйге кіргеннен-ақ аласұрып жатқан адам тыныштала бастайды.

Ал аз күннен соң есі кіріп, құлантаза жазылып, қатарға қосылып кетеді. Мұны көрген жұрт Ақтанның қасиетіне бас иіп, құрметтей бастайды.

Әкесі Ақай осы кезде халықты жинап садақа беріп, құран бағыштайды. Көпшілік алдында аруақты Ақпан бабасының баяғы боз жастығын Ақтанға табыс етіп, ақсақалдардың ақ батасын алып береді. Міне, осыдан бастап Ақтан бабаның ақ бұлты қиын-қыстау кездерде көмекке келетін сенімді киесіне айналады.

Ақтан бабаның жасанған жаудан беті қайтпаған батырлығы, ел намысы, ел намысы үшін қылышынан қан тамған жаудың — ордасына жалғыз барған ерліктері, әулиелігі, даналығы туралы көнекөз қариялардан қалған аңыз әңгімелер көп. Бұлардың бірқатары көрнекті ақын-жазушы 3. Шүкіровтың «Сырдария», Ә. Оспановтың «Жанқожа» атты романдарында айтылады.

Ақтан батырдың туған елге деген, сол елді қорғау үшін аянбай күрескен ерлерге деген адалдығы бүкіл жұртқа үлгі.

Атақты төртқара Байқазақ батырды билеуші топтар орыс әкімдеріне ұстап беріп, ол Елек абақтысына қамалып, ұзақтау жатып қалады. Ақтан батыр бір топ сарбаздарымен шабуыл жасап Байқазақты абақтыдан босатып алып кетеді. Бұл оқиға туралы ақынның Жолдасбай Қошқарбайұлы дастанында Байқазақ батыр былай толғайды:

Төртқара Байқазақпын мақпалдай-ақ,

Мен жүрмін әлемге мақтанбай-ақ.

Жанымды Жанқожа үшін қиып едім,

Бұл күнде түсіп тұр ғой қақпанга аяқ.

Аузынан арыстанның алып шыққан

Қатын туса ұл тусын Ақтандай-ақ.

Хиуа хандарының Сыр бойының қазақ ауылдарына салық жинаушы жасақшыларын жиі-жиі жіберіп, жұртты әбден титықтатып тұрған кезі. Бірде Хиуа ханы Мәделінің салық жинаушы жасауылдарын Ақтан батыр ұстап алып: «Мен тірі тұрғанда бұл ел салық төлемейді. Хандарыңа осылай айта барыңдар» — деп сабап-сабап қоя береді. Мұны естіген Мәделі хан қаһарланып: «Егер Ақтан шын қорықпайтын, намысты батыр болса, менің сарайыма жалғыз келіп сәлемдессін. Қорықса өзі білсін» — деп, барған жасақшыларын қайта жұмсап жібереді. Бұлар келіп Ақтанға ханның айтқанын жеткізеді. Ханның сөзіне шыдамаған Ақтан батыр:  «Бір күн туыппын, бір күн өліппін» – деп хан ордасына жиналады.

— «Ханның ойында не бар екенін қайдан білесің, шақырып отырып жазым етер, бармай-ақ қойсаң қайтеді?» — деген ағайындарына көнбей, жалғыз аттанады. Сан қатар күзеттен өтіп, хан сарайына «Ассауламағалейкум» — деп кіріп келгенде, айнала уәзір-нөкерлерімен түстік ас ішіп отырған хан еріксіз орнынан ұшып тұрып, «Уағалайкумассалам!» — деп амандасады.

— «Ал, батырым, түскі ас үстіне жақсы келдің. Мынаны асап жібере ғой» – деп қолындағы қойдың асықты жілігін ұмсына береді. Ханның қандай оймен сынап тұрғанын сезген Ақтан ешбір саспастан жілікті асап жіберіп, өңеш тұсына келгенде мойнын толғап тұрып жілікті өңештің күшімен сындырып жұтып жіберіпті деседі. Айнала қарап отырғандар: «Астапыралла!»— деп жағаларын ұстайды. Сонда Мәделі хан қасынан орын беріп, қайта дастарқан жайып сыйлап әңгімелеседі. Хан:

— Батыр қарамағыңызда қанша үй бар? — деп сұрайды.

— Отыз шақты үй бар — дейді Ақтан батыр.

— Онда сол отыз үйіңіз бүгіннен бастап барлық салық, зекеттен босатылады, — деп қолына анықтама қағазын беріп ат-шапанымен аттандырады. Ақтан батыр артынан: «Қап, әттеген-ай, бүкіл Әлімге азаттық сұрауым керек еді» — деп қатты өкініпті. Ақтан батыр кеткеннен кейін ордада отырған уәзір, бектері ханға: «Уа тақсыр, жалғыз келген   бір   қазаққа   соншама   құрмет   көрсетіп,   отыз   үйін   барлық   салықтан босатқаныңыз қалай?» — дейді. Сонда:

— «Әй ақымақтарым-ай, ол әуелі ордаға кіріп келгенде оның иығында айдаһар, омырауынан жыландар ысылдап, от шашып мені еріксіз орнымнан тұрғызды ғой. Оның үстіне қойдың тұтас жілігін мойнымен бұрап сындырып жұтқан қандай батырды көрдіңдер? Отыз үйден түсетін салықтан менің қазынам ортайып қалмас. Доғарыңдар сөзді!» — деген екен қаһарлы хан.

* * *

Жанқожа Ақтанның дара батырлығымен қатар даналығына да тәнті болып ерекше сыйлаған, онсыз жауға шаппаған, дау шешпеген.

Хиуа ханы Қазалы жеріндегі Жанкент қаласының маңынан айнала ор қаздырып, бекініс қамал салдырып, оның билеуші бегі етіп Бабажан сартты қояды. Бабажан сарт, халықты талан-таражға ұшыратады. Тіпті әдемі қыздарына дейін алдырып, халықтың ар-намысын қорлайды. Қарсылық көрсеткен Жанқожаның ағасы Ақмырзаның мойнына тас байлап дарияға батырып өлтіреді. Осы ауыр жағдайларды есіткен Жанқожа елдегі батыр, билерді шақырып кеңеседі. Кеңесте күздің бір күні Бабажан сартқа шабуыл жасайтын болып келісіп, сарбаздар жинап үлкен айқасқа дайындала бастайды. Ақиректегі Ақтан батырға шабуыл жасайтын күнді айтып хабар жібереді.

Ақтан батыр 2000-дай қарулы сарбаздарымен уәделі күннен жаңылысып, Бабажан сарттың бекінісіне бір күн ерте жетеді. Алайда мұндағы сарттардың шаруа қазақтарға беріп жатқан азарына шыдамаған Ақтан батыр шабуылды бастап жібереді.

Хиуадан көмекке алдырған Бабажан сарттың 200 мылтықпен қаруланған әскері оқ жаудырып қарсы тұрады. Шабуылдаған сарбаздар абыржып қалған кезде, аспаннан ақ бұлт ойнақтап шығып, жауға нөсер болып құяды. Оның үстіне найзағай жарқылдап жаудың білтелі мылтықтары от алмай, берекеті кетеді. Осы кезде Ақтан батыр сарбаздарымен ұрандап бекініске ордан аттарын қарғытып кіріп жаумен шайқасқа түседі.

Ұзамай қолбасшы Жанқожа бастаған үлкен сарбаздар қолы келіп жетеді. Аруақты қос батыр бастаған сарбаздар жаудың быт-шытын шығарады. Артына баласы Майқараны міңгестіріп, қамалдан шығып қашып бара жатқан Бабажанды Ақтан батыр сүңгі лақтырып атын құлатып, ұстайды. Бабажанды азары мен мазағын көрген сол жердің шаруаларына беріп, олар оның артына қазық қағып өлтіреді.

Осы жеңіске қуанған халық жиналып, Жанқожаның ауылы той-думанға айналады.

Жанқожа кешкісін бір топ игі жақсылармен, батыр-билермен кеңеседі. Жанқожа кеңесте: «Кешегі ел басына қиындық туған шақта осы елде үш бидің алдында жасаған күнәлары өте ауыр. Олар халықты тонап-қанауға Хиуа ханының жасауыл-бектеріне көмектесіп отырды. Оларды сатқын ретінде өлім жазасына кесу керек» – деп ұсыныс айтады. Кеңеске қатысушылардың бірде-біреуі дұрыс деп үн қатпайды. Жанқожаның ұсынысы өте әділ жаза болғанымен, олардың күнәларынан бейхабар бұқара жұрттың арасында жік туып кететінін түсінген Ақтан батыр:

—  «Уа Жәкем, сатқын үш биге берген жазаң — әділ жаза. Дегенмен, сен мынадай жеңісті күні ондай ауыр жазаны қолданбай-ақ қой. Егер сен оларды өлтіртсең, ізіңе ерген жұртты өзіңе қарсы қойып аласың. Халық алдында осы абырой-беделіңді сақтаймын, жоғарылата түсем десең, оларды өз руларының билігіне бер. Жазаларын өздері шешіп, өздері кессін»  — деп ағалық ақылын айтады. Ақтанның даналық ақылын Жанқожа да, игі жақсылар да мақұлдап осыған тоқтайды. Елге сатқындық жасаған үш биді өз руларының ақсақалдары үлкен айыппен жазалайды. Олар өлім жазасынан құтылғанымен, халық алдында қарабет болып, қарғыс-налаға ұшырайды. Ал, Ақтан ағасының ақылын алған Жанқожаның абырой-беделі одан әрі биіктеп, оған деген бұқара халықтың сенім-ықыласы күшейе түседі.

* * *

Кешегі аласапыран заманда «жаным арымның садақасы» деп елін, жерін қорғауда бар өмірін ат үстінде өткізген әрі батыр, әрі әулие, әрі данагөй Ақтан Ақайұлы бабамыз туралы айта берсе халық аузында жүрген аңыз-әңгімелер де, тарихи деректер де, белгілі ақын-жыраулар жазып кеткен жыр-дастандар да көп. Ол — әңгіме емес, бірі кітапқа жүк боларлық тағылымды асыл қазына.

Ақтан батыр өмірінің соңғы кезеңін Ақтөбе өңірінде өткізіп, 1854 жылы ат үстінде жүріп 84 жасында өз ажалынан қайтыс болады.

Бейіті Шалқар ауданының Бершүгір стансасынан отыз шақырым қашықтықта — «Тебенсайдың» «Ақтан-Садық» қорымында. Шалқар, Ырғыз, Шұбар аудандарының халқының аузында Ақтан батыр туралы аңыз-әңгімелер көп. Оның бейіті жаны жабырқау жандар, науқасқа шалдыққандар, бала тілеген әйелдер арнайылап барып түнейтін киелі орынға айналған…

Мұрат СЫДЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.

«Қаракесек Ақтан Батыр» қоғамдық қоры құрылды.

Оның Банктік реквизиттері:

ОФ «Қаракесек Ақтан Батыр»

СТТН/РНН               061800298128

БЖК/БИК                 KCJBKZKX

КБЕ-14

Банктік есепшоты  KZ618560000004047481

«Банк ЦентрКредит» АҚ, Ақтөбе қ. Филиалында

Қордың қамқоршылық кеңесінің байланыс  телефондары:

8 (7132) 21-53-22, 40-02-99, 40-03-52

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button