«Мен қазақпын» — ескірмес қазына
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұсынысы бойынша Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде 2007 жылдан бері «Бір ел — бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Осы шара үшін биыл Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы таңдап алынып отыр. Әдебиетіміздегі ең үздік туындылар арқылы білімнің, даналық пен адамгершіліктің бастауы болып табылатын Кітапты насихаттау мақсатында өткізілетін «Бір ел — бір кітап» акциясының тарихы, тағылымы жөніндегі сөзді сәл кейінге қалдырып, әңгімені Жұбан ақыннан бастасақ дейміз
«Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың»
Үстіміздегі жылы қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Ол 1920 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде туған. Кезінде айтылған жоқ, бірақ Кеңес өкіметі орнағанға дейін Жұбан туған өңір ислам дінінің гүлденген жері болған деседі. Бүгінгі зерттеушілер осы Жыланды төңірегінде, 20-40 шақырым қашықтықтағы ауылдардың өзінде он шақты мешіт болғанын айтады. Мысалы, Жыландыдан 25 шақырым қашықтықтағы Сайқұдық ауылында сыртқы түрі Уфа қаласындағы әйгілі Ғалия медресесінен аумайтын мешіт болған екен, және бір айта кететін жайт — сол мешітте белгілі ақын Сағынғали Сейітовтің әкесі азаншы болыпты. Міне, қазақ тек ақын ретінде ғана емес, сонымен бірге туған халқына шын берілген үлкен жүректі азамат ретінде танитын Жұбан осындай топырақтан шыққан.
Жұбан жетіжылдық мектептен кейін, Орал ауылшаруашылығы техникумында, әскери-саяси курста оқыған. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ал әскер қатарынан босағаннан кейін, баспасөзде, Қазақстан Жазушылар Одағында басшылық қызметтер атқарды. КСРО Министрлер Кеңесінің Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болды.
Жұбан ақынның өлеңі алғаш рет баспасөз бетінде 1939 жылы жарық көрді. Бүгінге дейін оның алпыстан астам кітабы жарық көрген. Шығармалары орыс, ағылшын, неміс, француз, поляк, венгр, араб, моңғол, т.б. тілдерге аударылған. Айта кетейік, ақынның «Мен қазақпын» поэмасын орыс тіліне атақты Римма Казакова аударыпты.
Ақын «Кісен ашқан» поэмасы үшін Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын (1970 жыл), ал «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын (1978 жыл) алған. 1985 жылы ақынға Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді.
Жұбан ақын 1988 жылы өмірден озды. Оны жақсы білетіндер: «Желтоқсан оқиғасына байланысты жүрегіне түскен дерттен кетті» — дегенді айтады. Жалпы, әдебиетімізде Жұбан үні өзінің туған халқына, еліне, туған жерге деген асқақ сүйіспеншілігімен ерекшеленсе, ал тарихымызға оның есімі Желтоқсан оқиғасы кезінде ерекше ерлік көрсеткен тұлға ретінде жазылып отыр. Жұбан дегенде, оның нақ сол ерлігін еске алмай кету мүмкін емес.
…Желтоқсан оқиғасынан кейін аз күн өтіп, бүкіл КСРО көлемінде сол оқиғаға қатысты сан түрлі әңгімелер белең алып тұрған тұста, Колбин қазақтың зиялы қауым өкілдерімен кездесуді жоспарлаған еді. Бұл кездесу 31 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар Одағы ғимаратында өткен.
Міне, осы кездесудегі Жұбан ақын сөзін кейін баспасөз, Желтоқсан оқиғасына арналған кітаптар беттерінен талай рет оқыдық. Ақын былай дейді: «…өрт сөндіруші машиналарды, су атқылағышты, айбарлы иттерді, көп қатпарлы резеңке тоқпақтарды сұрқия арандатудың құрбаны болған жас жігіттер мен қыздарға қарсы ойланбастан шұғыл ала жүгіруді қостаймын десем, онда өз арымның алдында, Сіздердің барлықтарыңыздың алдарыңызда ақ-адал болмас едім. Мені мына мәселелер толғандырады: өкімет органдары тәртіпті қалпына келтіруге көмек көрсетуге шақырғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың барлығы етегіне намаз оқыған интернационалист екеніне біздің көзіміз жете ме? Олардың арасында тәртіпсіздікке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшін жағдайды пайдаланған және соның салдарынан ұлтаралық алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адамдар болмады ма екен? Көзімен көргендердің айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйрей сабаған солар емес пе? Ақырында сонан кейінгі күндері қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тіл тигізу мен қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен?».
Немесе оның сөйлеген сөзінің мына бір тұстарына тағы да көз салсақ: «…1972 жылы біз, бір топ жазушы, Жангелдин ауданында болып, бір кезде қала болған, қазақ сахарасындағы революция бесігі аталған, оның орталығы Торғайдың қораш күйін көріп, жағамызды ұстадық. Сол кезде онда, совет өкіметі құрылғанына 55 жыл болғанда, тіпті телеграф байланысы да жоқ еді. Ал олай болатын себебі мынау екен: бұрын бұл аудан қараған Қостанай облысының басшылары, қазақтар бәрібір ата жұртынан ешқайда кетпейді, сондықтан ең алдымен жағдайды келімсектерге жасау керек деп ұйғарыпты. Қазақтардың ұстамдылығы мен бекзаттығын осындай көзқараспен сынауға бола ма екен?».
Және: «Соңғы айтарым: кейде тіпті басшы жолдастардың қазақ жастарының республика жоғары оқу орындарындағы саны, айталық, орыс студенттерінен көп екен дегені кінәлағандай, тиісті министрлікке ескерткендей естіледі. Ал олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда болмақ?».
Ал сол кездесуде болып, Жұбан ақын сөзін естігендер кейін оның сөздері халыққа бұрмаланып, жұмсақталып жеткізілді дегенді айтады. Мысалы, Ақұштап Бақтыгереева өз естелігінде Жұбан ақынның Колбинге арнап: «Что хотите от моего народа, дорогой товарищ? Казахстан был лабороторией дружбы народов. Отняли у нашего народа все. И язык, и веру. Ваши братья поднимая целину, топтали тракторами степных могил моих предков. И это мы простили. Что еще хотите?» — дей келіп, сөзін «Я не могу быть вашим стороником» — деп аяқтағанын тебірене әңгімелейді. Сол кездесудегі Жұбан ақын ерлігі әсерімен Ақұштап Бақтыгерееваның «Ерлікті көзбен көрген күн» атты поэма жазғаны да көпшілікке мәлім.
Оның «Мен қазақпын» поэмасының 1960-жылдардың ішінде, ақынның өзі айтқанындай, тың жерлерді игеруші келімсектер ата-бабалар қабірін таптап, жермен-жексен етіп, барлық жерлерде қазақ мектептері жабылып, қазақты ұлт ретінде жою мақсатындағы істер үлкен құлшыныспен жүргізіліп жатқан тұста жазылуының өзі тегін болмаса керек. Әрине, бүгінгі оқырман поэманың көптеген тұстарына жатырқай қарайтыны анық. Әйткенмен, ол кезеңде көп жағдайда шындық тек өтірікке, дақпыртқа орап ұсыну арқылы ғана жарыққа шығарылды. Жұбан ақын да «Мен қазақпын» деген асқақ сезімін басқаша жеткізе алмас еді… Өз дәуірі тұрғысынан жазылса да, «Мен қазақпын» поэмасы өн бойындағы өршіл рухы арқылы біз үшін мәңгі ескірмес, тот баспас туынды болып қала бермек.
Абай, Мұхтар, Мағжан және Жұбан
Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын насихаттау мақсатында көптеген шаралар жоспарлап отыр. Шаралар, негізінен, қыркүйектің 20-24 күндері аралығына жоспарланған.
Осы жерде оқырманға жеткізе кетсек, қазір әлемнің көптеген елдерінде дәстүрге айналған «Бір ел — бір кітап» акциясының тарихы 1990 жылдар соңында АҚШ-тың Чикаго, Сиэтл қалаларындағы көпшілік кітапханаларда ұйымдастырылған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Бүкіл Сиэтл бір кітапты оқыса» атты Кітап мерекелерінен бастау алады.
Біздің еліміз бұл бастамаға 2007 жылы қосылды. Сол жылғы акция үшін Абайдың қара сөздері таңдап алынған еді. 2008 жылы бұл шара Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманы», өткен жылы Мағжан Жұмабаевтың лирикасы бойынша өткізілді.
— Ал биыл көпшілікке «Мен қазақпын» поэмасының ұсынылуы тегіннен-тегін емес, — дейді бізге Н.Байғанин атындағы кітапхананың директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Райса Қомпақова. — Өйткені келер жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Осы тұста «Мен қазақпын» сынды асыл қазынаға тағы бір үңіліп қараудың бізге берері көп деп білемін. Біздің кітапхана осыған байланысты поэзия кештерін, дөңгелек үстелдер, оқырмандармен кездесулер және кітап көрмелерін өткізуді жоспарлап, қазір қызу дайындық үстіндеміз. Осы шараларға Мейірхан Ақдәулетұлы, Амантай Өтегенов, Бауыржан Бабажанұлы сынды ақындар, тарихшылар мен әдебиетшілер, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актерлері қатысады. Әрине, ең бастысы — акция аясындағы шараларға оқырмандарды неғұрлым көбірек тартуға тырысамыз.
Кітапхана қызметкерлері тарапынан айтылған бір өкініш — міне, төртінші жыл өткізілгелі отырған «Бір ел — бір кітап» акциясына білім ошақтары (оқушылар, студенттер, ұстаздар) мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері ғана қатысады. «Қазіргідей интернет, теледидар арқылы түрлі келеңсіздіктер кең таралып отырған тұста, рухани байлық көзі болып табылатын кітапты насихаттаудың маңызы зор. Сондықтан осы акцияға ірі кәсіпорындар ұжымдары, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың белсене атсалысқанын қалар едік» — дейді олар.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Оқырмандарымызға Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасынан үзінділер ұсынып отырмыз.
Мен қазақпын
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.
Мен қара көз сұлумын, сайтан қызбын,
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.
Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.
Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір,
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.
О, замандас, соларға бір қараңыз;
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.
Мирасы ма, мұра ма, аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық, тарихым көп,
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.
Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім бірақ найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.
*********
Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
«Мен қазақпын» дегенді айта тұрдым.
«Мен қазақпын» дедім хан Темірге де.
Жезтырнақша қадалды жебір неме.
Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,
Біреуінен бірі кем елірді ме!?
О да Құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да кетті жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.
Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары,
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.
Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан-қазан «Ақтабан шұбырынды»,
Ала топан жоңғардың жорықтары…
Мал айрылды дағдылы жайлауынан,
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыран бүркіт адасты мекенінен,
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.
Сарыарқада сарнады Асан Қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсеңді көтер! — дедім, —
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.
«Ару — жолда, мал — терде, бала — белде»,
Уайым түбі — теңіз ғой, бара берме.
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге..
Күй емес пе ботасыз нар идірген?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.
Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күндікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу — зор бақыт» дер күн тіпті.
Сондай-сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өшіп кетіп бір жайда жер бетінен,
Өзге орында балалап өскен елмін.
******
Келбетім бар шой қара құздарымда,
Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.
Досыма көл, жауға шөл мінезімдей
Аптап шілде, ақ боран мұз-қары да.
Құшақтасам, сүйегім сынды деме,
Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.
Жылай қалсам жұбатпа, мұңды деме,
Сақ-сақ күлсем секіріп, жынды деме.
Құс ішінде ұнайды қыран маған.
Күрт құлаймын құласам, бұрандаман.
Іштей сүйем, сүйсем мен, іспен сүйем,
Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.
Аққу, бұлбұл әнімен сылаң қақтым,
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,
Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.
Қызық көрем жәндікте құмырсқаны,
Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.
Белі үзілген бейнетқор қайтер еді
Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?
Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,
Қалт-құлт етіп тірнектеп мал құрадым.
Жұлдызбен тең мен қазған құдық саны,
Сүйем судың мөлдірін, бал бұлағын.
Сүйем гүлдің қызылын, қызғалдағын,
Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.
Искеп тұрып соны мен, бақ аңсаймын,
Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.
Тамызықпын жолдасқа, пілтедеймін,
Жал-кұйрығын атының күлтелеймін.
Өз үйімде тимеймін жауыма да,
Жығылғанға жұдырық сілтемеймін.
Құнықпаймын дүние-шолаққа мен,
Асым барда қуанам қонаққа мен.
Жолаушыға сатпаймын көлеңкемді,
Болса болды бірер ән — қонақ қадең.
Даяшымын, бәйекпін, ең кішімін,
Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».
Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ,
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.
Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары»,
Қолымыздың бірдей ме саусақтары.
Есімімнен садақа кетсе олар,
Демес едім «қабырғам қаусап қалды».
********
…Жер деген, ал, зор байлық өз алдына.
Жерден адам ешқайда оза алды ма!
Сапқа тізсе, сол үшін өлгендерді
Жүз орайды жер шарын көз алдында:
Тілі болса жер үшін аққан қанның,
Айтар еді қаншама кақ қалғанын.
Айтар еді сұстанып сұр далаң да
Қандай құрбан арқылы сақталғанын.
Қарап тұрып жүзіңе жайраңдаған,
Бір нәрсеге сүйінем, қайран қалам:
Жүзге, руға ұнталған көшпе халық
Мұнша өлкені қалайша сайрандаған!
Жерге шағып өлшенсе ел күші бір,
Ұлылықтың емес пе белгісі бұл?
Белгісі бұл, алда әлі нағызы оның,
«Кереметке куәмін» дер кісі бір.
Жер-анадан табады мәртебе елің.
Ертеңі бар әр тақыр, әр төбенің.
Бетпағында бақ сыңсып, өзен ойнап,
Жасыл бұйра жабады бар төбелін.
Дәуірімізге дарынын дала арнайды,
Қаңбақтардың жолында қала орнайды.
Мүсіні емес жалаңаш қатындардың,
Ескерткішін ерліктің сала орнайды…



