Білім

Балдырған

Жасыл әлем

Ағашты нәрлендіреді, бөренені ұнтақтайды

Біздің газетіміз облысымыздың, әсіресе, ағаш-талды, орман-тоғайлы өңірлеріндегі тұрғындар саңырауқұлақты қысқа сақтайтын азық ретінде әзірлеп, саудаға шығаратындарын бірнеше рет жазған еді. Сол саңырауқұлақтар туралы әңгімеге зер салайық.

Кейде саңырауқұлақ ұрығы деп аталатын жіп-жіңішке бір ұзын жіпшелер жерден теріп жүрген саңырауқұлақпен бірге шығады. Саңырауқұлақ өсімдігі дегеніміздің өзі осы жіңішке жіпшелер болып табылады. Ал біздің әдетте саңырауқұлақ деп жүргеніміз осы өсімдіктің жемісті денесі ғана.

Міне, ағаштың түбінен қылтиып саңырауқұлақ көрінеді. Ол бір-ақ күнде дүниеге келген-ді. Ал түбіне саңырауқұлақ шыққан ағаштың өсіп тұрғанына талай жыл болған. Саңырауқұлақ ұрығының жас мөлшері де осы ағашпен шамалас. Тіпті әуелі саңырауқұлақ ұрығы әлгі ағаштан бұрын пайда болып, оның өсуіне жәрдемдесуі де мүмкін. Дәлірек айтқанда, оған жәрдемдескен.  Саңырауқұлақ ұрығының жіңішке жіпшелері көп жағдайда ағаш тамырының ұшын шырмап алады. Бұл оның екеуіне де пайдалы. Ағаш саңырауқұлаққа тамырынан бөлінетін даяр қорек, яғни қант береді. Ал саңырауқұлақ оны топырақтағы ыдыраған заттардың өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Саңырауқұлақ өзінің түріне қарай әр түрлі ағашпен «серіктесіп» өседі.

Мәселен, қызғылт сары саңырауқұлақ — көктеректің, қайың-құлақ — қайыңның, түлкіжем — орманжаңғақтың түбіне шығады.

Алайда бұл өсімдік ормандағы саңырауқұлақтармен шектелмейді. Мысалы, кәдімгі зең (көк) біз білетін саңырауқұлаққа мүлде ұқсамайды. Ол — сансыз көп жіңішке жіпшелердің жиынтығы. Осыған қарамастан бұл да саңырауқұлақ. Сондай-ақ бұлардың ішінде жуан бөренелерді де ұнтаққа айналдырып, ағаштарды шірітетін, тіпті үйлерді құлататын «бүлдіргіштері» де аз емес. Оған керісінше зең саңырауқұлағының кейбір түрлерінен аса маңызды пенициллин дәрісі алынады.

Кәдімгі ашытқы да өте ұсақ саңырауқұлақ болып табылады. Олар қолайсыз жағдайларда тіршілігін уақытша тоқтата тұрады да, жылы әрі ылғалды жерге түссе болғаны, бірден жанданып, тыныс алып, көбейе бастайды. Тыныстаған кезде көмірқышқыл газын бөліп шығарады. Адам ашытқы саңырауқұлағының бұл қасиетін нан ашытуға және басқа азық-түліктерді әзірлеуге пайдаланады.

Жануарлар әлемі

Миллион-миллион бизон еді…

Бұдан 200 жыл шамасы бұрын Американың ұланғайыр далаларын миллиондаған бизондар кезіп жүретін. Бірақ ХХ ғасырдың басына таман ақ өңді аңшылар мен еуропалық қоныс аударушылардың ұрпақтары бұларды есепсіз қырып тастады.

Осыдан соң ғана бизондар қорғауға алынды. Әсіресе, 1905 жылы құрылған Америкалық бизондарды қорғау қоғамының арқасында бұлардың саны қорықтар мен ұлттық парктерде шамамен 20 мыңға дейін өсті.

Еркек бизондардың шоқтығына дейінгі биіктігі 2,9 метрге дейін жетеді. Арқасындағы дөңеш өркешін, сосын басы мен мойнын, алдыңғы аяғын сұр-қара жүн басқан бұл аңдардың ұрғашысы еркектерінен гөрі ұсақтау болады, ал төлдері жирен түсті болып туады.

Бизондардың еркегінің де, ұрғашысының да қысқа да өткір мүйізі болады. Негізінен бұлардың тұрқы — 2,1-3,5 метр, құйрығының ұзындығы — 50-60 сантиметр.

Бұлар әр түрлі мөлшерде табын-табын болып жүреді. Кей табындар мың басқа дейін жетеді. Бұрын олар жойқын көп табынға бірігіп жақсы жайылымдар іздеп көшіп жүретін еді. Бизондар ертеңгісін және кешкісін жайылады да, күндіз демалады, күйіс қайырады, денелеріне жабысатын паразиттерден құтылу үшін шаңға, шалшық суға аунайды.

Күйек кезінде бұқалар ұрғашы бизондар үшін аянбай сүзіседі. Ұрғашы бизондар 9 айдан соң өз бетімен кетеді де, бір бұзау туады. Бұзау екі-үш сағаттан соң табынға ілесіп кете береді. Ол енесінің сүтімен тамақтанады, және үш жылға дейін енесінен ажырамайды.

Біліп жүр

…Қашан пайда болды?

Абак (көне есеп) — біздің заманымызға дейінгі 550 жылдардың шамасы. Қытай.

Температураның абсалютті шкаласы — 1848 жыл. Уильям Томсон (лорд Кельвин). Ұлыбритания.

Калашников автоматы (АК) —1947 жыл. Михаил Тимофеевич Калашников. КСРО.

Үш доңғалақты, бензинмен жұмыс істейтін двигательді автомобиль — 1886 жыл. Карл Бенц. Германия.

Төрт доңғалақты, бензинмен жұмыс істейтін автомобиль — 1889 жыл. Готтлиб Даймлер. Германия.

Автоматты телефон-жауап бергіш — 1898 жыл. Валдемар Поулсен.

Дания.

Темірұшты автоқалам — 1884 жыл. Льюис Уотермен. АҚШ

Шарикті автоқалам — 1938 жыл. Ласло Биро. Венгрия.

Акваланг — 1943 жыл. Жак Ив Кусто, Эмиль Ганьян. Франция.

Аккумулятор батареясы — 1859 жыл. Гастон Планте. Франция.

Жасанды алмаздар — 1955 жыл. «Дженерал Электрик» компаниясы. АҚШ.

Алфавит — біздің заманымызға дейінгі ХVІІ-ХV ғ.ғ. Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауы.

Парк аттракциондары — 1884 жыл. Лемаркус Э.Томпсон. АҚШ

Анимация (қозғалыссыз денеге «жан бітіру») — 1906 жыл. Дж. Стюарт Блэктон. АҚШ.

Арифометр — 1642 жыл. Блез Паскаль. Франция.

Арфа — біздің заманымызға дейінгі 3 мыңыншы жылдар шамасы. Месопотамия.

Аудиолента — 1928 жыл. Фриц Пфлеймер. Германия.

Аэрозоль баллоны — 1926 жыл. Эрик Ротхейм. Норвегия.

Оқушының өлеңі

Мектебім

Алтын ұя мектебім,

Өзіңмен түлеп көктедім.

Сен болмасаң не етер ем?!

Надан болып өтер ем.

Жеткерген ҚОЖАБАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Егер…

Егер «Т»-дан бастасаң,

Өркешімін жеріңнің.

«Т»-ны алып тастасаң,

Қармағымын көліңнің.

(Тау — ау)

Х   Х   Х

Тағы «Т»-дан бастасаң,

Жайқалып көктеп өсемін.

«Т»-ны алып тастасаң,

Тек беруге көшемін.

(Тал — ал)

Нұрила ҚАРАБАСОВА,

Бершүгір орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button