Білім

«Мектепке жол»

Елу оқушы — ел қамқорлығында

Ақтөбе қаласындағы №39 қазақ орта мектебінде тамыз-қыркүйек айларында аз қамтылған және көп балалы отбасындағы 50 оқушы мектепке толық әзірленді. Оқушылар акция барысында жиналған алты жүз мың теңге көлеміндегі қаржыға киім-кешектерді таңдап киіп, оқу құралдарын алды. Бұл ретте олармен қаржылай көмек көрсеткен мекеме өкілдері мен сынып жетекшілері, ата-аналары бірге болды. 

Оқушыларға қамқор болып, көмек берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұжымы бұл игілікті іске  мол үлес қосты. Акцияға атсалысқан мекемелер қатарында облыстық құрылыс басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті, облыстық сот, «Ақтөбе» демалыс жайы мекемесі, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті, облыстық бақылау және мемлекеттік сатып алу инспекциясы бар. Бұл тізімді жеке кәсіпкерлер Талғат Ізтілеуов, Гүлбақыт Шоқпаровалар жалғастырды.

Рамазан айында жасаған қайырымдылық істері үшін бұл азаматтардың дендері сау, жан-жақтары аман, жұмыстары жемісті болғай дейміз.

Сондай-ақ, «Жол картасы» бағдарламасына  сәйкес, мектептің есік-терезелері, жылу-су құбырлары жаңартылып жөнделді. Бұл да балаларға жасалып жатқан қамқорлық, осындай қамқорлықтары үшін қалалық әкімдікке де алғысымыз шексіз.

Жарық, жылы әрі таза бөлмеге су жаңа киінген, жаңа оқу құралдарымен енген оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Әрі мектеп биыл автобус көлігіне де ие болды.

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасына бұл мектептен 200 оқушы қатысып, еңбекақыларына өздеріне, мектепке қажет құралдарын алды, әрі тәжірибе жинады. Бұл — ата-ана үшін үлкен қуаныш, әрі бала тәрбиесіне өте қажет мәселе. Жаз бойы еңбек еткен оқушылар енді тек озат оқып, тәртіпті болулары қажет.

Жанар АМАНЖОЛОВА,

№39 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button