Басты жаңалықтарЖастар

Жастарға серпін берген форум

Сейсенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында облыстық «Jas barys» жастар форумы өтті. Жастар жылының қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылған мерекелік кешке облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова және әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-жігіттер, жастар ұйымдарының төрағалары мен белсенділері қатысты.

Түске дейін форумның панельді отырысы өтті. Ал түстен кейін жастар бірнеше секцияға бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Шара барысында өз саласында биіктерді бағындырған, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосқан жастар сөз алып, әріптестеріне жетістікке жетудің қыр-сырын айтып берді. Форум жұмысында жастарға рух берген паралимпиадашы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматовтың сөздері болды. Жас жігіттің өмірге деген құштарлығы ақтөбелік жастарды бейжай қалдырмады.

Ал форумның қорытынды шарасында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген 20 жас марапатталды.  Олардың арасында мәдениет, спорт, журналистика саласындағы жас мамандар, еріктілер, т.б. бар.

Бұдан бөлек мерекелік кеште мемлекеттік жастар саясатының дамуына атсалысып, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан жас азаматтар бірнеше номинация бойынша «Жас Ақтөбе-2019» облыстық жастар сыйлығымен марапатталды.

Шара барысында жастарды құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жастар еліміздің болашағы екендігін айтып, олардың еш кедергісіз өмір сүрулері үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылуында жастарды жұмыспен,  баспанамен қамтамасыз ету, сұранысқа ие мамандықтарды игеру, жастар кәсіпкерлігін қолдау, волонтерлық қызметті жандандыру,  патриоттық  ұйымдарды күшейту мақсатында  бірнеше өзекті мәселелерді қозғаған еді. Осы тапсырмаға сәйкес мәселелер  өңірімізде бірыңғай жолға қойылған. Бағдарлама аясында Ақтөбе қаласындағы  жас отбасыларға  «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы салынған үйлерден жүз пәтер,  аудан орталықтарында салынған үйлерден он екі пәтер берілді. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша да баспанамен қамтамасыз ету үшін жалпы  бюджеттен 282 жас маманға  сомасы 987 миллион теңге көлемінде  қаражат бөлінді. Жоспарланған іс-шаралар жастарымызды тиісті жұмыс орнымен қамтамасыз етуге тиімді ықпал етті, — деп атап өтті облыс басшысы.

Айта кетейік, 2016 жылы облыс әкімі шығармашыл және дарынды жастарды ынталандырып,  айтулы еңбектерін елеу мақсатында «Жас Ақтөбе» сыйлығын бекіткен болатын. Ол жыл сайын түрлі аталымдар бойынша табысталады. Осы жылы оған оқуда, жұмыста және шығармашылықта үздік нәтижеге жеткен 10 жас ие болды.

Облыстық жастар ресурстық орталығы берген мәліметке сәйкес, биылғы «Жас Ақтөбе-2019» облыстық жастар сыйлығы «Үздік жұмысшы жас», «Өнер саласының үздігі», «Медиа саласының үздігі», «Үздік волонтерлық топ», «Ауылдың үздік жас маманы», «Үздік жас кәсіпкер», «Жыл қаһарманы», «Үздік жас отбасы», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет» номинациялары бойынша тапсырылды.

Шара барысында «Жас Ақтөбе-2019» байқауына қатысып, облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сертификатына ие болған жастардың бірі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Ақтөбе облыстық филиалының қызметкері Мақсат Заитов ақтөбелік жастар атынан  облыс әкіміне жастарға көрсетіліп жатқан  қолдаулары мен қамқорлығы  үшін алғысын білдірді.

Бүгінде Ақтөбе облысында 14 пен 29 жас аралығында 202 мыңнан астам жас тұрады.  Тек биылдың өзінде облыстағы 16 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Ал «Бизнес Бастау» жобасы аясында 195 жас өз істерін ашу үшін шағын несие алуға мүмкіндік алыпты. Сондай-ақ, 500-ге тарта жас жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз негізде гранттарға ие болған. Ал 5000-ға  жуық  жас  «Жасыл ел» жасақтары қатарында  жұмыс жасады. Биыл Стартап жобаларына 40 миллион теңге қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам жас  кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылды. Олардың 300-ден астамы шағын несие, грант алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Бұл — биылғы Жастар жылы аясында атқарылған жұмыстардың бір бөлігі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button