Рухани жаңғыру

Ғасырлар шежіресін жаңғыртқан

Өткен аптаның соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей — ғасырлар шежіресі» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Іргелі мәдени ошақтың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға Нұр-Сұлтан қаласынан, Түркістан мен Батыс Қазақстан облыстарынан келген музей ісінің мамандары қатысты.

Шараның бірінші күнінде өткен дөңгелек үстел барысында «Музей ісін автоматтандыру мен сандық технологияларды енгізу», «Музей экспозициясына жаңа технологияларды пайдалану», «Музей маркетингі және музей педагогикасы», «Музей ісі және өлкетану» бағыттары бойынша нақты мәселелер талқыланып, мамандар өз ойларын ортаға салды.

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ұлттық мұраны қастерлеуге, сақтауға ерекше ден қойылып отыр. Музей ісінде, қоғамдық ортада, тіпті әлемдік мәдениетке үлес қосатын, құнды болып табылатын өткеніміздің белгісіндей болған музей қорындағы сан түрлі жәдігерлердің халқымыздың баға жетпес асыл мұралары екені даусыз. Осы ретте қоғамның белгілі бір дамуында мәдени құндылықтарымызды сақтау жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің орны бөлек екендігін айтқым келеді.

Музейдің тоқсан жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан екі күндік шараның негізгі мақсаты — жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді музей саласында кеңінен пайдалану, музей үшін көкейтесті мәселелерді талқылау, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Арман Ержанов.

Шараның екінші күні ҚР Ұлттық музейінің мамандары, атап айтар болсақ, консервациялау және қалпына келтіру қызметі басшысының міндетін атқарушы Гүлайым Молдиманова, металл, ағаш, тері және сүйек бұйымдарын консервациялау және қалпына келтіру секторының жетекшісі Манат Аятбеков, кескіндеме, графика және қағаз бұйымдарын консервациялау және қалпына келтіру секторының суретші-реставраторы Нұргүл Әшімбаева музей қызметкерлері мен шара қонақтарына арнайы семинар-тренингтер өткізді.

Нұргүл Әшімбаева көрермендерге көне газет қиындысын қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша шеберлік сағатын өткізсе, Манат Аятбеков VIII-XI ғасырларға жататын тиындарды қалай тазалап, бетіндегі жазуды айқындаудың жолдарын айтты.

— Музейдегі кез келген экспонат біз үшін өте құнды. Оларды қайта қалпына келтіріп, өзімізге тапсырылған жұмысты аяқтағанша үлкен ой мен уайымда жүреміз. Өйткені, бұл жерде біз — «дәрігер» де, ал экспонаттар біздің «емделушілеріміз» тәрізді. Экспонаттар «мынаны бүлдіріп алсам, тағы біреуін сатып алармын» дейтіндей нәрсе емес. Олар тек бір ғана данамен келеді. Біздің мақсат — ерте заманнан қалған құнды жәдігерлерді еш өзгертпестен, қалпына келтіру, — деді кескіндеме, графика және қағаз бұйымдарын консервациялау және қалпына келтіру секторының суретші-реставраторы Нұргүл Әшімбаева.

Екі күндік шара барысында қонақтар Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары —Есет Көкіұлы атындағы мемориалдық кешен мен Абат-Байтақ қорымында болып, Ақтөбе қаласының көрікті жерлерін аралады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған қорытынды мерекелік кеш Жұбановтар әлемі ғимаратында өтті. Мұнда музей саласының үздіктері марапатталып, құрметті қонақтарға әннен шашу шашылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button