Мәдениет

Үкілі арудың үлгісі

Ақтөбенің маңдайалды өнер ұжымдарының бірі — «Аққу» би ансамблі көрермендерін «Үкілі ару» деген жаңа концерттік бағдарламасымен қуантты.

Өнер орталығы ғимаратында өткізілген кеште қазақ, әлем халықтарының билері орындалды. Мың бұрала билеген арулардың, әсіресе, «Япурай», «Ене тәрбиесі», «Томирис», «Шаттық» билері көпшілікті тәнті етті. Ал олардың әр номерге тыңғылықты дайындықпен һәм көздің жауын алатын сахналық костюммен шығуы — бөлек әңгіме…

Құрылғанына 19 жыл толған ансамбльдің көркемдік жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі Омар Мәмбетов, ал бас балетмейстері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Мәмбетова.

«Аққу» би ансамблінің концертіне жыл сайын көрермен ретінде қатысамын. Кішкентай қызымды да көрсін, биші қыздарға еліктесін деп арнайы ертіп келемін. Екеумізге де ұнайды. Өйткені әр би жай ғана қимыл-қозғалыс емес, белгілі бір оқиғаны, сұлулықты суреттейтін әсем өнер. Бір қуантатыны, жылма-жыл концертке келушілердің қатары артып келе жатыр. Яғни би өнеріне деген қызығушылық ұлғайып келеді. Қаламызға өзге өңірлердің де ұжымдары келіп, осылай концерт қойса, керемет болар еді, — дейді көрермен Ақгүл Молдабек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button