Пікір

Әлеуметтік желі әдебиетті алмастыра алмайды

Дәурен ҚУАТ,

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

— Менің білуімше, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көрші елдерде, Татарстан, Башқұртстанда, іргелес Ресейде, шығыстағы Қытайда, күншығыс жапон елінде, Латын Америкасында жыл он екі ай бойы ақын-жазушылардың фестивальдері өткізіліп тұрады. Түгесіліп бара жатқан руханият дүниесін аман алып қалу экономистердің де, саясаткерлердің де, ІТ-мамандарының да, басқаның да қолынан келмейді. Құдай сүйіп жаратқан жер бетіндегі тыныштықты, махаббатты, сол іңкәр дүниені бір-бірімен жалғастырып, сақтап қалуды ақын-жазушыларға аманат еткен. Сондықтан ақын-жазушылардың басын қосатын жиындар, форумдар жиі өткізіліп тұруы тиіс. Ақын-жазушылар халықтың ортасында көбірек болуы керек. Әлемнің көптеген елдерінде тозған, түгесіліп бара жатқан рухани дүниені сақтап қалу үшін ақын-жазушылармен кездесулерді жиі ұйымдастыруды қолға алған. Мәселен, АҚШ-та қандай да бір қайғылы, қатерлі жағдай болатын болса, халықтың алдында басу сөз айту үшін шоу-бизнес өкілдерін, әнші-бишілерді емес, қаламгерлерді шығарады. Себебі қалам ұстағандар халықтың жаралы жанын емдей алады. Бізде де сондай көзқарас болуы тиіс. Ақтөбеде өткелі жатқан форум соның бір бастауы шығар. Дәл осындай форум Ақтөбеден бұрын Қарағандыда өтті. Қарағандыдағы форумға қатыстым: халық өте көп жиналды, қаламгерлермен кездесті, тыңдады, пікірлесті. Ешқандай әлеуметтік желі, ғаламтор, анау айтқандай, әдебиетті алмастыра алмайды екен, керісінше олар әдебиетке қызмет етеді екен. Соған көзім жетті. Міне, осындай мүмкіндікті пайдаланып, елмен кездесіп, сөйлесуге ақындар, жазушылар Ақтөбеге бара жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button