Пікір

Ақтөбенің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,

 Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының

бірінші орынбасары, ақын

Қазақстан Жазушылар одағы өзінің 85 жылдық тарихында, әсіресе, тәуелсіздік жылдарының соңғы бір-екі жылында, шын мәнінде, рухани кезеңді бастан кешіріп отыр. Себебі Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын әдебиетсіз, сөз өнерінсіз, қаламгерлерсіз, ақын-жазушыларсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Және ол бізге де көмектесті. Қазіргі таңда мемлекеттің, биліктің әдебиетке назары ауып, әдебиеттің шын мәнінде қажет дүние екенін, сол арқылы сананы өзгертуге болатындығын, қазақ халқының рухани дүниесін байытуға бірден-бір және таптырмас құрал екенін түсінді. Соңғы екі жылда Нұр-Сұлтан, Алматы, тағы басқа еліміздің ірі қалаларында бірнеше халықаралық әдеби форумдар, жиындар, конференциялар өтті. Сонымен қатар бүгінде өңірлердегі әдебиеттің дамуы адам қуантарлық жағдайда. Мысалы, Түркістан, Атырау, Қарағанды, Ақмола облыстарында үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде ең озығы Ақтөбе қаласында өткелі отыр.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі филиалына оң көзқарас білдіріп отыр. Сол үшін мен қуаныштымын және облыс басшысына алғысымды білдіремін.

Айта кету керек, биылғы мерейтой қарсаңында 10 жас қаламгердің кітабы жарыққа шығады. Бұл да әдебиет үшін ең қуанышты жаңалық. Бір қарасақ, бұл шара өңірлік деңгейде өткізілгенімен, республикалық деңгейде аты шығайын деп тұрған үлкен форум болғалы отыр. Сондықтан бұл форумға Алматыдағы ғана емес, барлық республиканың ақын-жазушылары елеңдеп, үлкен ризашылықтарын білдіруде.

Жалпы Ақтөбе өңірі — Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағанбетов, Мейірхан Ақдәулетұлы сияқты белгілі ақын-жазушыларды дүниеге әкелген өңір. Сондықтан осы форум аясында өңірдің қайтадан әдебиетке деген махаббатын оятып, болашақта үлкен таланттар шоғыры шығатынына біз үлкен сеніммен қараймыз. Және бұл форумның жоғары дәрежеде өтетініне сенеміз.

Жалпы форум аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, ақын-жазушыларымыз аудандарды аралап, әдебиеттің тойын өткізгелі отыр. Сондықтан бұл форум елдің түкпір-түкпірінен барған, сондай-ақ өңірдегі ақын-жазушыларға үлкен мейрам болмақ.

Ал өңірдегі әдебиеттің дамуына, осы форумды өткізуге облыстық «Ақтөбе» газеті мен «Адырна» журналының қосар үлесі зор. Мәселен, бүгінгі күні «Адырна» журналы ұйымдастырған «Алтын жебе» әдеби бәйгесінің Қазақстан бойынша дүмпуі жер жарып тұр. Демек, мұның өзі Ақтөбенің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button