Экономика

Төрт түлік саны өсіп келеді

Хромтау — облыстағы ірі өндіріс орындары орналасқан әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Облыс бюджетін толықтыру жөнінен де бұл ауданның көрсеткіші айтарлықтай ілгері. Аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған осындағы ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары екендігі белгілі. Өндірісті өлке аталып кеткен ауданда соңғы кезде ауыл шаруашылығы саласыда қарқынды дамып келеді.

Аудан бойынша аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы, ветеренария және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннен сұрап білген едік.

Ауыл шаруашылығы саласы — ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күш.

Аудан бойынша биыл қамбаға 39,1 мың тонна дәнді дақыл, орташа есеппен  3,4 мың тонна майлы дақыл құйылса, 177 200 тонна мал азығы жиналған. Сөйтіп, бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 16,6 млн теңгені құрап, жоспар өткен жылмен салыстырғанда 100,1 пайызға орындалған.

Еліміздің агроөнеркәсібінің негізгі мақсаты — ішкі нарықты өзіміздің азық-түлікпен және отандық өнімдермен қамтамасыз ету. Мемлекет бұл бағытта ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп отыр. Соңғы жылдары аграрлық секторды дамыту бағытында ауданымыз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі заманғы технологияларды енгізудің арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы артып, көлемі ұлғаюда. Мәселен, тек биылғы жылдың 9 айында ауданда жалпы құны 16,6 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Оның 5,8 миллион теңгесі егін шаруашылығынан болса, 10,8 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Нәтижесінде жоспар 100,1%-ға орындалды. Әрине, бұл жетістіктер аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосып отырған шаруалардың еңбегі деп білемін, — деген Қойшыбай Рсалин жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 9 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылғанын айтты. Субсидия алу бағытында да нақты жұмыстар жүріп жатыр.

Биыл субсидия алуға аудандағы егін шаруашылығы бойынша 15 шаруа қожалығы, мал шаруашылығы бойынша 215 шаруашылық құжаттарын тапсырды. Қазіргі таңда 62 шаруашылық 55 миллион 700 мың теңге алса, 32 шаруашылықтың 82 миллион теңге мөлшеріндегі құжаты мақұлданып, 70 шаруа қожалығы 226 миллион 900 мың теңге мөлшерінде субсидия алу кезегінде тұр, — дейді бөлім басшысы.

Қазір Хромтауда 19 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 325 шаруа қожалығы бар.  Аталған саладағы мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмектердің арқасында мал басының барлық түрінен де өсім бар.

— 2018 жылмен салыстырғанда мал басының барлық түрі де көбейді Бүгінгі таңда жалпы аудан бойынша 49 550 бас ірі қара малы болса, оның 16 мыңнан астамы асылтұқымды. Ал аудандағы қой-ешкі саны — 51296. Оның 4000-нан астамы асылдандырылған. Сондай-ақ өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда жылқылар санында да айтарлықтай өсім бар. Барлығы 8834 бас жылқы болса, оның 1720-ы асылтұқымды. Сонымен қатар өлкеде 147 түйе, 750 шошқа, 50 мыңға жуық құс бар, — деген бөлім басшысы ауданда асылтұқымды мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстар да өз ретімен орындалып жатқанын тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда мал басын асылдандыруға қарапайым ауыл тұрғындарының да мүмкіндігі бар. Бұл бағытта түрлі мемлекет тарапынан бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, өткен жылы Дөң ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 30 миллион теңгеге 1000 бас асылтұқымды аналық ұсақ мүйізді мал сатып алып, биыл оның 100 басынан төл алып отыр.  Ал биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 700 бас асылтұқымды аналық ұсақ мүйізді мал сатып алды. Сонымен қатар Қызылсу ауылдық округінде «Хромтау Биф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, қазіргі таңда заманауи талаптарға сай тұрғын үй, қора-жай тұрғызылып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы   40 миллион теңге рәсімдеп, 200 бас асылтұқымды мал басын әкелуде. Аталған шаруашылық  асылтұқымды ірі қара малын мыңға  жеткізуді жоспарлауда, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы, ветеренария және жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, аудан тұрғындары соңғы жылдары дәстүрлі емес шаруашылыққа да ден қойған. Бүгінгі таңда ауылдарда ешкі сүтін өнідіріп, бөдене өсірумен айналысатын шаруалар бар.

—  Аудан шаруалары бұл бағытқа соңғы 3-4 жылдықта ден қойып, пайдасын түсініп жатқандай. Ел аузында дәстүрлі емес деп аталып кеткен, қосалқы шаруашылықпен айналысатын бірнеше шаруашылықтар бар. Мәселен, Көктөбе ауылындағы «Мамыт» шаруа қожалығы ешкі шаруашылығын жолға қойса, Ақжар ауылдық округіндегі «Көкжар-2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөдене өсірумен айналысады. Бүгінгі күні сұранысқа ие бөдене жұмыртқаларын коммуналдық базарларға апарып тапсырады.  Бұдан өзге, Табантал, Қопа ауылдық округтерінде балық шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар бар,— деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс»,— деп бұл бағытта қолға алынуы тиіс жұмыстарды Үкімет пен Парламентке тапсырған болатын.

Бұл бағытта Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес Хромтау ауданы бойынша нақты жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, тек биылдың өзінде аудан бойынша мемлекеттік қорға 26098 гектар пайдаланылмай жатқан жер телімі қайтарылды. Оның 4270 гектары егістік, ал 20365 гектары жайылым жерлері, — деді Қ.Рсалин.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button