Жаңалықтар

Колледж оқытушылары пара ала ма?

САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ «НЕ ДЕЙДІ?»

 Кеше Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы өтті.

Әуелі Қобда ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің қоғамдық орындағы әдепсіз іс-әрекеттері үшін басқарма басшысының үстінен тәртіптік іс қаралды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Ләззат Қосаева айтып берді. Жұмысын ауыстырған басшыға кеңес мүшелерінің шешімімен  қатаң сөгіс берілетін болды.

Отырыс барысында Ақтөбе облысы бойынша әділет департаментінің басшысы Бекболат Колумбаев пен Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметтерге қатысты атқарған жұмыстары туралы баяндады.

  • Жыл басынан бері 10 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның үшеуін тәртіптік комиссия қарады. Атап айтқанда, 5 ескерту, 2 сөгіс, 3 қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жазалар. Облыстық және қалалық прокуратура органдарымен жүргізілген бірқатар тексерулердің нәтижесімен сот орындаушылардың заңға қайшы қабылданған қаулыларына наразылықтар енгізіліп, әділет департаментіне 7 заңбұзушылықты жою жөніндегі ұсыныс келіп түсті. Аталған ұсыныстар негізінде 9 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда, тәртіптік жауапкершілікке тарту көрсеткіші 67 пайызға төмендеді, — дейді Ақтөбе облысы бойынша әділет департаментінің басшысы Бекболат Колумбаев.

Одан соң сөз сөйлеген Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева «Ақтөбе — адалдық алаңы» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында жүргізілген жұмыстар туралы әңгімеледі.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мақсатында басқарма тарапынан арнайы комиссия  құрылып, 18 колледждің 3250 студентінен анонимді  сауалнама алынды. Зерделеу барысында 10 колледжден 263 студент пара алу туралы факті бар екендігін растады. Қазіргі таңда  мәселе қатаң бақылауға алынып, білім беру ұйымдары басшыларының және қызметкерлерінің сыйлықтар алу, ақша жинау, соған сәйкес мәжбүрлеуге қатысты дербес жауапкершілігі ескертілді. Сондай-ақ, біздің басқарма Агенттікпен бірлесіп, «Мен сыйлық алмаймын»» акциясын өткізді. Қазіргі таңда мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары құрылып, «Парасатты азамат» бұрыштары, «Адалдық дүкені» акциясы ұйымдастырылды, — дейді Ләззат Оразбаева.

Сондай-ақ, осы жылдың үшінші тоқсаны бойынша тәртіптік тәжірибені талдау қорытындылары негізінде Ақтөбе облысындағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелері қаралды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі М.Бибитова әңгімеледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button