Спорт

Абат соққан екі гол

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 3:2

Иә, ақтөбелік шабуылшы Абат Айымбетов биылғы чемпионатта осымен екі рет бір ойында екі голдан соқты. Сәл таратып айтар болсақ, ол 22-турда «Астананың» қақпашысын екі рет қапы қалдырса, 25-турда «Қайсардың» қақпасына үш гол тоғытқан болатын. Дода басталғалы 16 гол соққан жерлесіміз қазір шетелдерден қыруар қаржыға шақырылған Марин Томасов («Астана», 19 гол), Адеринсола Эсеола («Қайрат», 18 гол), Мартон Эппель («Қайрат», 16 гол) тәрізді легионерлермен бірге сұрмергендердің алғашқы төрттігінде тұр.

Енді 32-турдан соңғы жағдайға келейік.

Сонымен, чемпионат аяқталуына бір тур қалғанда сырт алаңда сәл басымдықпен жеңіске жеткен «Астана» алтыншы рет чемпион атанды. Бұған дейін «Ақтөбе» және «Ертіс» командаларымен қатар бес рет жеңімпаздық тәж киген елордалықтар ақыры ілгері шықты. Қуанышты жай. Дегенмен бұл командамыздың биылғы Еуропа Лигасындағы үш ойында үш рет жеңіліп, оның үстіне қақпасына 9 гол жіберіп алуы, оған 1 ғана голмен жауап қатуы сол қуанышқа сәл көлеңке түсіріп тұрғанын да жасыруға болмас.

Ал жұрт күтпеген жеңіліске ұшыраған «Қайрат» биыл да чемпиондықтан алдын ала күдер үзді. Мейлі, сырт алаңда болса да, 9-орында ілбіп келе жатқан ортақол командадан 0:5 есебімен ұтылуы алматылықтардың сын сағатта үнемі сыр беріп алатындығының айқын бір дәлелі. Еуропа алаңдарындағы ойындарда жыл сайын сүрініп, топтық кезеңге жете алмай діңкелеп келе жатқан «Қайрат» Павлодарда да сақалды қолдан беріп, қолы жетер-жетпес болып тұрған алтын медальдан біржола үмітін үзді. Жалпы «Қайрат» Қазақстан чемпионатында 2004 жылдан бері чемпиондық тұғырға көтеріле алмай келеді.

Осы турдағы жеңісі ешқандай ерекше роль атқармаса да «Қайратты» тұқыртып, айды аспанға бір шығарған «Ертістің» ерлігі «Тобылдың» қолынан келмеді, қостанайлықтар өз алаңында ұтылып қалды. Чемпионат бойы алғашқы үштіктен түспей, тіпті 1-орынға шығып жүрген қостанайлықтардың қола медальға қол жеткізуі енді неғайбыл шаруаға айналып кетті.

Ал шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңдағы сенімді жеңісі арқылы келесі жылы да Еуропа Лигасы ойындарына қатысу мүмкіндігіне жақын-ақ қалып тұр. Соңғы турда өз алаңында көштің соңғы жағында келе жатқан «Таразды» қабылдайтын шымкенттіктердің биылғы доданы алғашқы үштіктің сапында аяқтайтындығына күдік келтіру қиын.

Қалған бір турдың есебіне қарамастан «Жетісу» биылғы чемпионатты 5-орынмен аяқтайтын болды.

Қысқасы, алғашқы бестіктің жайы шамамен белгілі болып тұрған жайы бар.

Бұдан кейінгі орындардың кей тұстары соңғы турдан соң ғана мәлім болады.

*   *   *

Өз алаңында биылғы чемпионаттың соңғы ойынын өткізген «Ақтөбе» Қазақстандағы ең белсенді жанкүйерлерімен көтеріңкі көңіл күйде қоштасқанды жөн көрді.

«Шахтерді» қабылдаған жерлестеріміз допқа аяқ тиісімен бірден шабуылға көшті. 4-минутта-ақ қарсыластар қақпасына қауіп төнді. Әттең, Бағдат Қайыров тастаған тамаша пасты Абат Айымбетов тиімді пайдалана алмай қалды. 8-минутта ақтөбеліктер қарағандылық қақпашының қырағылығын тағы бір байқап көрді. Дегенмен аңдыған алмай қоймайтыны белгілі. 29-минутта «Шахтердің» қақпашысы өзіне қорғаушы амалсыздан тастаған допты алаңның ортасына қарай әуелете тепті де, доп біздің Александр Кицактың дәл алдына түсті. Асықпай қимылдаған Александр допты өз ыңғайына келтіріп алды да, еңірете соққы жасады, қарсыластар қақпасының сол жақ бүйірін дәл көздеді, Игорь Шацкий жанталаса ұмтылғанымен, еш қайран жасай алмай қалды — 1:0.

Бұдан соң да ақөбеліктер екпінді бәсеңдете қойған жоқ, үнемі алға ұмтылумен болды. Сондай сәттердің бірінде, 35-минутта қонақтар айып алаңында жүрген Есен Жасановты шалып құлатты да, бас төреші Сәкен Байымбет 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді орындауға келген Абат Айымбетов қателескен жоқ — 2:0.

Бұдан соң да жерлестеріміз қонақтарды тықсырумен болды. Әттең, Есен Жасанов есепті ұлғайту мүмкіндігін пайдалана алмай қалды.

Ойынның бірінші бөлігі осы есеппен аяқталды.

Ал екінші тайм «Шахтердің» табысымен басталды. 46-минутта қорғаушылар назарынан тыс қалған Иван Пешич өзіне Нияз Шугаев тастаған пасты тамаша пайдаланды да кетті — 2:1.

Осылайша үзілістен соң ойынға жаңа қарқынмен кіріскен қарағандылықтар 58-минутта есепті теңестіріп те үлгерді. Біздің қорғаушылар еш бөгет жасамаған Артур Режиналдо өзіне Сергей Зенев тастаған допты қағып түсіп, қақпаны дәл нысанаға алды, бұл ретте қақпашыға кінә арту да қиын еді — 2:2.

Бұдан кейін іле-шала жерлестеріміз атқа мінді. Әуелі Абат қарағандылық қақпашымен бетпе-бет шыққан сәтін тиімді пайдалана алмай қалды. Сол бойда дерлік алаң иелері қайтадан тайлы-таяғымен шабуылға көшіп, «Шахтердің» айып алаңы қарбаласқа толды да кетті. Біздің футболшылар допты айып алаңына қайта-қайта әуелете тастады, оны қарсыластар кері тебумен болды. Сөйтіп жүргенде Әлішер Әжімовтің әуелете жасаған кезекті соққысынан соң айып алаңының ішінде екі жақтың футболшылары арасында әрлі-берлі зырғыған доп өзіне келе қалған сәтті Абат Айымбетов тамаша пайдаланды, лып еткізіп қақпаға сүңгітті де жіберді — 3:2.

Тең ойын есебін ұстап тұра алмаған қонақтар бұдан соң дереу есе қайтаруға тырысты, енді олар біздің қақпаны торуылдауға көшті. Дегенмен бір соққыдан соң доп қақпа діңгегіне тиіп кері серпілсе, екі мәрте қауіп төндірген соққыны жас қақпашы Мұхамбет Тамабай шеберлікпен тойтарды. Әрине, жерлестеріміз тек қорғаныспен ғана шектелмей, қарымта шабуылдарға көшіп отырды. Әттең, Ерлан Жасановтың, екі рет Маркос Пиззеллидің соққылары нысанаға жетпеді.

«Ақтөбенің» жеңісі күннің суықтығына қарамастан стадионға мол жиналған жанкүйерлерді серпілтіп тастады. Рас, футболшыларымыздың биылғы жалпы көрсеткіші, әлбетте, ФИФА-ның 12 ұпайымызды шегеріп тастағаннан кейінгі көрсеткіші көңіл көншіте қоймас. Дегенмен ақтөбелік футбол жанкүйерлері өз командасын қалай қолдау керектігін күллі Қазақстанға үйретті. Осы 32-турда стадиондарға барлығы 16 200 адам келсе, соның ішіндегі ақтөбелік жанкүйерлердің үлесі — 5000 адам. Турнир кестесінде ең соңғы орында тұрған команданы бұлайша қолдайтын жанкүйерлерге қалайша риза болмайсың.

«Ақтөбе»-«Шахтер» —3:2

Гол авторлары: Александр Кицак, 29-минут (1:0); Абат Айымбетов, пенальти, 35-минут (2:0); Иван Пешич, 46-минут (2:1); Артур Режиналдо, 58-минут (2:2); Абат Айымбетов, 64-минут (3:2).

Ескерту қағазын алғандар: Ж.Пайруз, 33-минут; Д.Шкодра, 56-минут («Шахтер») — Е.Жасанов, 45-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе»: Мұхамбет Тамабай (қақпашы), Виталий Волков (капитан), Рустам Темірхан, Александр Кицак, Бағдат Қайыров, Есен Жасанов, Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Ардақ Сәулет (Жамбыл Көкеев, 87-минут), ​Асланбек Кәкімов (Маркос Пиззелли, 67-минут), Абат Айымбетов (Рустам Сахибов, 81-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

«Шахтёр»: Игорь Шацкий (қақпашы, капитан), Нияз Шугаев, Артём Барановский, Антон Чичулин, Доньет Шкодра, Марат Шахметов (Бауыржан Байтана, 67-минут), Жан Али Пайруз (Станислав Лунин, 72-минут), Сергей Зенев, Иван Пешич, Режиналдо, Лувага (Еркебұлан Нұрғалиев, 46-минут).

Бас бапкер Николай Костов.

3 қараша 2019 жыл, Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 5000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Ертіс» (Павлодар)-«Қайрат» (Алматы) — 5:0

«Атырау» (Атырау)-«Ордабасы» (Шымкент) — 1:3

«Тобыл (Қостанай)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 0:1

«Тараз» (Тараз»)-«Қайсар» (Қызылорда) — 2:1

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Жетісу» (Талдықорған) — 1:1

*   *   *

Бұл турда 20 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді, бір ойын тең есеппен аяқталды. Қайталанған ойын есептері болған жоқ.

24 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 73-минутта ойын ережесін бұзғаны үшін Алекс Бруно («Атырау») жасыл алаңнан қуылды.

Бір ойында Абат Айымбетов («Ақтөбе») 2 гол соғып, дубль иесі атанды.

Шапшаң гол авторлары — Әлішер Сүлей, 11-минут («Тараз»); Гжельчак, 12-минут («Атырау»).

1:3 есебімен жеңілген «Атырау» екі голды 87-ші және 90+2 минуттарда жіберіп алды.

0:5 есебімен жеңілген «Қайрат» 4 голды екінші таймда (65-ші; 80-ші; 86-шы және 90+2 минуттарда) жіберіп алды.

*   *   *

32-турдан соң турнир кестесіндегі жағдай төмендегідей.

1-3 орын иелері: «Астана» (69 ұпай), «Қайрат» (65 ұпай), «Ордабасы» (62 ұпай).

4-6 орындардағы командалар: «Тобыл» (60 ұпай), «Жетісу» (53 ұпай), «Қайсар» (41 ұпай).

7-9 орын иелері бұрынғы орындарында қалды: «Оқжетпес» (39 ұпай), «Шахтер» (35 ұпай), «Ертіс» (34 ұпай).

10-12 орындағы командалардың да орындары өзгерген жоқ: «Тараз» (29 ұпай), «Атырау» (26 ұпай), «Ақтөбе» (15 ұпай).

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

33-тур ойындары 9 қараша, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» Қостанайда «Тобыл» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Ертіс»

«Қайрат» — «Атырау»

«Ордабасы» — «Тараз»

«Жетісу» — «Шахтер»

«Қайсар» — «Оқжетпес»

*   *   *

Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасының ойындары аяқталды.

Премьер-Лигага 58 ұпай жинаған «Қызылжар СК» (Петропавл) мен 56 ұпай жинаған «Каспий» (Ақтау) жолдама алды.

Ал 55 ұпайы бар «Ақжайық» (Орал) Премьер-Лигаға жолдама әперетін қосымша ойынға қатысады. Оралдықтар Премьер-Лига чемпионатында 10-орын алған командамен күш сынасып, үшінші жолдаманы таразыға салады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button