Экономика

Биыл 25 өнеркәсіптік жоба іске асырылмақ 

Облыстық  индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетов осы жылдың 9 айында өңірге тартылған инвестиция мен жүзеге асырылатын жобалар туралы журналистерге баяндап берді.

— Жыл басталғалы тартылған инвестиция көлемі оң нәтиже көрсетіп отыр. 9 айда облыстың негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 371,6 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 36 миллиард теңгеге өсім бар. Сондай-ақ, 1 409,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Жыл соңына дейін өңір экономикасына 600 миллиард теңгеге инвестиция тарту жоспарланып отыр, — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін облыста 25 жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Сол арқылы 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Жаңа өндіріс орындарының қатарында «Фотон» СҮ» ЖШС ұялы автокланды газ бетонын өндіру зауыты, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжайы, АЗХС-та пигментті хром оксидін өндіру цехы, «FIBC Kazakhstan» ЖШС биг-бэг шығару цехы, «БауМастер International» ЖШС лак-бояу материалдарын шығару цехы, т.б. бар. Мұнымен бірге, жылына 120 миллион дана силикат кірпіш, 18 мың тонна әк және 72 мың тонна қиыршық тас шығаратын «Көктас-Ақтөбе» құрылыс материалдарын өндіру зауыты, қуаты 48 МВт «Arm Wind»  ЖШС жел электр станциясы ашылады деп күтілуде.

— Былтыр 20 өнеркәсіптік жоба қолға алынса, осы жылы бұл жағынан да ілгерілеу бар. Облыс экономикасының дамуына сеп болатын жобалардың саны 25-ке жетіп отыр. Олардың кейбірі қазірдің өзінде жұмысын бастап кетті, — деді Дархан Жанысханұлы.

Қазіргі таңда индустрияландырудың үшінші бесжылдығы бойынша бағдарлама әзірлеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқаны да айтылды. Мақсат — ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігіне жағдай жасау. Цифрландыру және «Индустрия 4.0» элементтерін белсенді қолдануға, «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға, жалпы өндірушілерді қолдауға да ерекше назар аударылмақ.

Брифингке, сондай-ақ «Kazakh invest» Ұлттық компаниясы» АҚ аймақтық өкілдігінің директоры Әнуар Сабыр қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button