Мереке

Жанарсыз жандардың жарығы

Биыл Ақтөбе зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осындай атаулы жыл аясында Ақтөбедегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Көпшілік кітапханалардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігі» атты республикалық семинар ұйымдастырылды.

Семинарға Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Семей, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Атырау қалаларынан және облыстық, аудандық, қалалық, кітапханалардың басшылары қатысты.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары  Айбек Жандосов семинарды кіріспе сөз айтып ашты. Одан соң зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов Ақтөбедегі арнайы кітапхана ұжымын елужылдық мерейтойларымен құттықтады.

  • Тәуелсіздік алғаннан бері кітапхана ісінде де біраз өзгерістер бар. Электрондық кітапханаға көшіп жатырмыз. Дыбыстандырылған кітаптар қорын көбейттік. Қазақ әдебиет кітаптары сұранысқа орай дыбыстандырылып жатыр. Жыл сайын біздің қорымыз жаңаланып отырады. Мәселе деуге келмейтін шығар, бірақ дыбыстандыру кезінде дикторлар қажет. Құлаққа жағымды дауыс иесін табу өте қиын. Әр адам келіп, кітапты оқи салмайды. Ал брайль қарпімен жазылған кітаптар Алматы қаласындағы біздің кітапханада шығарылып жатыр, — дейді Асхат Байұзақов.

Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры Гүлстан Хамзина «Арнаулы кітапхана: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында жарты ғасырлық тарихы бар кітапхана туралы баяндама жасады.

  • Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының іргетасы 1969 жылы қаланды. Содан бері облыстағы көз мүгедектеріне және облыс тұрғындарына қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда кітапханада 40 мыңнан астам кітап қоры және 1250-дей оқырман бар. Арнаулы зағиптар кітапханасы көптеген республикалық, облыстық байқауларға және халықаралық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр, — дейді Г.Хамзина.

Одан соң алдын ала ұйымдастырылған «Ерекше оқырман кітапханашысы» республикалық байқауы қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. Мұнда Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының кітапханашысы Ербек Бакиев І орынды жеңіп алды. ІІ орынға №6 Хромтау мектеп-гимназиясының кітапханашысы Әлия Елеусізова мен Мәртөк аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Альбина Тілеубаева ие болды. ІІІ орынды Мәртөк аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Лариса Волкова, Шалқар аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Серімбетова және Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы кітапханашысы Нұрия Набиева иеленді. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Семинар барысында жан-жақтан келген кітапхана қызметкерлері ортақ тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, өзара пікірлесті.

Сондай-ақ, осы топқа Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Асан Қожин досы екеуі зағип және көзі нашар көретін азаматтарға бағыт көрсетіп отыратын таяқ жасағанын әңгімелеп берді.

  • Бұл құрылғы ғимаратта орналасқан NFS модульдері арқылы және қара немесе басқа түсті жолақшалар арқылы адамға қай кезде, қашан, қалай бұрылып, қалай жүруге бағыт көрсетіп отырады, — дейді жас өнертапқыш жобасы туралы айтып.

Семинарға қатысушылар әуелі облыстық тарихи-өлкетану музейді аралап көрді, одан соң облыстық планетарийге, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасына, басқа да қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button