Мәдениет

Дала фольклоры дәріптелді

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын іске асыру һәм насихаттау мақсатында «Жастары белсенді елдің — ертеңі жарқын» атты музыкалық байқау ұйымдастырылды. Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің мұрындық болуымен өткен шара — Жастар жылындағы жоспарлы жұмыстардың бірі.

Жоғарыда аталған оқу орнында білім алып жатқан жігіттер мен қыздардың қатысуымен өткізілген шарада қазақтың музыка фольклоры, мақал-мәтелдері мен биі қамтылды. Атап айтсақ, колледждің белсенді жастарынан құралған 2 топ өзара «Естен кетпес әуендер», «Мың бір мақал», «Қазағымның әні, күйі, биі — баға жетпес байлығым», т.б. кезеңдерде бақ пен бабын ортаға салып, ең мықтыны анықтауға тырысты. Ұйымдастырушылар дайындаған түрлі сұрақтарға жауап берді.

— Жастар естен кетпес әуендерді еске түсіріп, даналық мәйегі болған қазақтың мақал-мәтелдерін жалғастырып, ұлттық аспаптарына шолу жасады. Байқау қорытындысы бойынша «Жалынды жастар» тобы Кубокқа ие болды. Жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізіп әрі рухани жаңғыруына сеп болатын мұндай байқаулар жалғасын міндетті түрде табады, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

Шараға 20-дан астам жас қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button