Ауыл

Науқан

«Комсомол» ЖШС шөп бағасын арзандатты

— Біздің «Комсомол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал азығын дайындау жұмыстарын биылғы жылы әдеттегіден кеш аяқтады, бұған себеп — ауа райының қиын жағдайы, — дейді серіктестік директоры Виталий Волынец, — Дегенмен, шөп шабылып, тұрғындардың ауласына 700 тонна шөп түсірілді.  Бұл мөлшер былтырғыдан аз емес және шөп тек өз серіктестігіміздің жұмысшыларының ғана емес, зейнеткерлердің де, басқа да ауыл тұрғындарының аулаларына да жеткізілді. Күн райының қиын жағдайында да шөп шабылды, өйткені жайсыз ауа райы болғандықтан, биыл еркекшөп шықпапты,  сондықтан батпақты жерлерге, яғни лимандарға да шөп шабатын агрегаттарды түсірдік. Барлығы 3 мың га жер шабылды. Шөп шабуға арналған 4 агрегат жұмыс істеді.

Серіктестік директоры әңгімесін одан әрі жалғады:

— Науқан басталғалы бригадир Марат Қабденов те шаруаның басында, пішеншілердің қасында жүрді. Шөп шабу науқанының қорытындысы бойынша, І орынды Бердібек Айтқұлов жеңіп алды. ІІ орынды Алмас Разақов иеленді. ІІІ орынды бірдей нәтиже көрсеткен Дүйсен Асқаров пен Оразбай Жармаханов бөлісті. Тракторшылар Кәдірбек Елеуов пен Әкімгерей Берсүгіровтің де еңбегі зор. Көлік жүргізуші Болат Әбдібалиев те ала жаздай шөп тасудан босамады. Дәнекерлеуші Дмитрий Шевченко да ескі агрегаттарды қажет кезінде дәнекерлеп, шаруаға қосуға атсалысты. Мал азығын әзірлеуге қатысты барлық шаруаны ұйымдастырып жүрген орынбасарым — Сергей Курпис. Мен серіктестік ұжымына табысты еңбек еткендері үшін ризамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, осы азаматтардың арқасында ауылдағы тұрғындардың шаруасы да жеңілдей түсті».

Биыл «Комсомол» ЖШС шөп бағасын арзандатты, бір тонна шөп — 8 мың теңге.

Виталий Волынец мұны былай түсіндіреді: «Дағдарыс кезеңі мен қуаңшылық жағдайында тұрғындар қосалқы шаруашылықтағы малдарын пышаққа түсірмеуі үшін осылай жасадым. Қомақты дивидендті төлейтін мүмкіндігіміз болмаса да, көмектесуге тырысып жатырмыз. Биыл шөптің өзіндік құны өсті, бір тоннасы — 12000-13000 теңге. Арақашықтығы 40-50 шақырым шабындықтардан шабылған шөпті тасу да біраз шығын шығарады. Рас, жемшөп әзірлеуге мемлекеттік субсидия бөлінді. Жалпы, ауданымыздағы тұрғындардың қораларындағы малды қысқы азықпен қамтамасыз етіп жатырмыз».

С.ГЕНИН.

Әйтеке би ауданы.

***

Лизингтің игілігі

Ақтоғай селолық округінің шаруа қожалықтары мен жеке шөп шабушылары қазір негізінен қыс қамын көбірек ойлап жүр.

Қазір 8 шөп бригадасында 52 адам жүр. Жұмысқа 8 трактор, 27 орақ, 2 шөп тиегіш, 2 шөп тайлағыш, 5 автокөлік, 8 тіркеме тартылды. Биылғы жаздың өте ыстық, аңызақ болғаны, жауын жоқтығы белгілі. Дегенмен қажетті пішен дайындауға мүмкіндік жеткілікті.

Соңғы жылдары лизингіге техника алған «Байжан»,  биылғы жылы  лизингіге шөп шабу машинасын алған «Ынтымақ» шаруа қожалықтары жаңа техникаларының игілігін көруде. Жеке шөп шабушы Жақсыберген Үзмағанбетов шөп шабу барысында аз қамтылған төрт отбасына бір тіркемеден тегін, «Емшан» компаниясының президенті М.Өндіргеновтің қолдауымен төрт отбасына 50 пайыз жеңілдікпен шөп беретін болды.

Шаруасы жақсы жүріп жатқан басқа да шаруа қожалықтары бұл іске өз мүмкіндіктеріне қарай келешекте үлестерін қосатындығын айтып отыр. Екпінді екі айлық барысында «Ынтымақ», «Байжан», «Сартөбе», «Маханбеталы», «Қонысбай», «Рифат» шаруа қожалықтары және жеке шөп шабушылар Ж.Үзмағанбетов, А.Досанов белсене еңбек етуде. Шөптің бір орамының бағасы 1200-1300 теңге, тіркемесі 12-13 мың теңгеден сатылуда. Шөп дайындаушы бригадалардың арқасында қысқа 100 пайыз шөп дайындалып, қамтамасыз етілетініне сенімдіміз.

Ғ.САҒЫН,

Ақтоғай селолық округі әкімшілігінің бас маманы.

Шалқар ауданы.

***

Қарап отырмайтын қарт

Сонау бір жылдары нарық жағадан алған кезде қарапайым халық үшін қолындағы азғантай малына жем шөп тауып беру мұң болған еді. Сол бір қиын шақтарда да жергілікті тұрғындар жоқтан бар жасап, тіршіліктерін жалғастыра берді. Қолға қараған төрт түлік малына өз күштерімен шөп тасып, барға қанағат ете білді…

Бүгінде еліміздің экономикасына жан бітіп, дамыған сайын түйе арба, ат арба жегіп, бау тасығанды сирек көретін болдық. Ауданымызда шөп дайындаумен айналысатын шаруашылық құрылымдары, жекелеген кәсіпкерлер көбейгелі тұрғындар мал азығын сатып алатын болды. Бұл халықтың әл-ауқаты тәуір екенін білдіреді. Себебі қалтасында қаржысы бар адамның қопада не шаруасы бар?!

Дегенмен Ырғызда әлі де дайын асқа тік қасық бола бермей, көл жағалап, бау орып жүргендер жетеді. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер жұмысты қопарып тастайтын жиырма-отыздағы жігіт емес. Ол — жасы жетпісті желкелеген, зейнет жасындағы Сержан Шейітов ақсақал. Ал, таңданбай көріңіз!

— Мен бау орғалы жиырма шақты жылдың жүзі болды. Бұл кәсіпті 1991-1992 жылдары зейнеткерлікке шыққалы бастаған едім. Кемпірім екеуміз, құдайға шүкір, он екі бала тәрбиелеп, өсірдік. Бүгінде олардың барлығы үйлі-баранды, жан-жақта қызмет етіп жүр. Кенжеміз жоғары оқу орнында білім алуда, биыл соңғы жылы. Отбасылық қаржыма азғантай болса да демеу болсын деп жасап жүрген тіршілігім ғой, қарағым. Қарап отырған жанға кім шөп әкеп бере қояр дейсің?! Арасында жегжат-жұрағатымыздың той-томалағы, садақасы бар дегендей, жасымыз үлкен болған соң, шақырған жерден қалғымыз келмейді, — дейді өзі.

Сержан ақсақалдың өзінің түйе арбасы бар екен. Кепкен бауды, қопа арасынан қолдап шығарып, байлап, оны түйеге артып тасиды екен. Әрине, мұның барлығы айтуға ғана оңай, бау дайындаудың машақатын тек оны орған жандар біледі.

— Қолымызда азды-көпті ірі қарамыз бен ұсақ жандықтарымыз бар. Жылына екі жүз, екі жүз елудей бау орамын. Бұрын қасымда бірге оратын азаматтар көп еді. Биыл олардың қарасы аздау. Қопаның іші де тізеден асатын су. Кепкен бауды жағаға тасу оңай емес. Көмекші, серігім — кемпірім, — дейді Сержан ақсақал.

Қорасындағы жиналған шөбін көзімізбен көрдік, ақсақалымыздың орған бауының бір данасы қыста әкеп сататын кейбір пысақайлардың екі-үш бауына татиды. Сондай ірі етіп буылған. Түйе арбасына осындайдың жиырма данасы сыяды екен…

Мінекей, жетпіске келсе де өзінің қажыры мен қайратына сенген Сержан ақсақалымыздың ісі осындай.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

***

Қолдаудан тыс қалмайсыз!

Тұрғындарға алдағы қыстың қандай болатыны, әрине, мәлім емес. Бірақ қоян жылының қысы қатты болатынын және еске алып қояды.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов өңір тұрғындарына арнаған үндеуінде мал азығын дайындау жұмыстарына айрықша назар аудару қажеттігін қозғаған еді. Осы мақсатта ауданымызда да нақтылы іс-шаралар қолға алынып жатқанын бұдан бұрын да хабарлаған едік.

Мал азығын дайындаушыларға нақтылы қандай жәрдемдер берілетіні туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Самат Ержановты әңгімеге тартқанбыз.

— Республикалық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуды қолдау бағдарламасы бойынша аудандағы 12 шаруашылық құрылымдарына 4 млн. 859 мың теңге субсидия берілді, — дейді ол, — мұндай мүмкіндікке «Алтын-Әсел», «Наурыз СИМ», «Ақсақал-Тәуіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «МТС» өндірістік кооперативі, «Сер-Мақ», «Бауыржан», «Ғаламат», «Балтай», «Құлтума», «Рамазан», «Бердалы», «Төлебай» шаруа қожалықтары ие болды.

Сонымен қатар шаруашылық құрылымдарына елу пайыз жеңілдікпен 144 тонна жанар-жағармай бөлінді.

Жалпы, қысқы мал азығын дайындаумен айналысатын адамдарға барынша жәрдем беріледі. Мал азығын дайындап, сатқан кәсіпкерге пішеннің әр тоннасына 400 теңгеден субсидия төленеді. Осы орайда мал азығын дайындау ісіне бел буған жекелеген адамдарға да тиісінше қолдау көрсетілетін болады.

М.МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

***

Жеке шаруа. Ортақ мүдде

Өткен қыстың соңы ұзап, кейбір малды ауылдардың шөп түсірген ауласы тақырланып қалғаны белгілі. Биылғы жаздың жайы және мәлім.

Осыған байланысты облыс әкімі барлық ауыл тұрғындарына жеке үй шаруашылығындағы малды жемшөппен қамтамасыз етуге белсене қатысу жөнінде үндеу жолдаған соң, көптеген шаралар қолға алынды. Бірқатар мәселелер тұрғындардың қатысуымен талқыланды.

Аудандық аумақтық инспекция бастығы Ғазиз Шамшиннің Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі — сол шаралардың бірі болды. Орталық мәдениет үйінде өткен жиынды ауыл әкімі Бекболат Құлмағанбетов ашып, Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылдарында жиындар өткізілгендігін жеткізді. Сонымен қатар ауыл басшысы шөп дайындап жатқан  20 ЖШС мен шаруа қожалықтары басшыларына ауыл тұрғындарына шөпті арзан бағамен (1 орам шөпті 150 теңгеден) сату, 1 тіркеме шөпті 15 мың теңгеден асырмау жөнінде ұсыныс жасалғанын айтты. Ауыл басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауылдық округте 29 трактор, 25 шөп шабатын агрегат, 12 шөп тайлағыш, 5 шөп тиегіш, 33 тіркеме үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Шөп шабу жұмыстарына 69 адам жұмылдырылған. Бүгінде Қаракөл ауылында 192 үй болса, 42 аула шөппен қамтылған, 50 аула ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейді. Ауыл басшысы енді 100 аула тұрғындарын ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекіту қажет болса, әр үйден 1 адам шөп шабу жұмысына қатысуы қажеттігін ескертті.

Жиында инспекция бастығы Ғазиз Шамшин сөз алып, облыс басшысының халыққа жолдаған үндеуінің басты мақсаты — негізгі табыс көзі мал шаруашылығына байланысты ауыл тұрғындарына қолдағы мал басын азайтуға жол бермеу екендігін,  зейнеткерлердің, мүгедектердің және аз қамтылған отбасыларының мал басын жемшөппен қамтамасыз етуге басты назар аудару қажеттігін ескертті. Ауыл тұрғындарын жемшөп дайындау науқанына қатысып, шөптің арзан кезінде мол қор жинап алуға шақырды.

Ауылдық округте қысқы мал азығын дайындау туралы екі айлық жоспарға сәйкес ұйымдастыру жұмыстарымен танысу үшін ауыл маңындағы көлдер мен жайылымдарды аралап, орман маңындағы жолақтардан шөп шауып, мал азығын жинап жатқан ауыл тұрғындарымен кездестік. Жекеге шөп шауып, тайлап жатқан механизатор Қуаныш Сегізбаев жаздың қуаңшылығына қарамастан шөптің жоспарын орындайтындығын айтты.

Ауыл басшысы Бекболат Құлмағанбетовтің тынымсыз еңбегі мен жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылығын көріп, ауыл тұрғындары биылғы қуаңшылықтың салдарын жеңіп шығатынына және алдағы қыста малды қажетті мөлшердегі жемшөппен қамтамасыз ететіндігіне сеніп оралдық.

Қ.БАЙСҰЛТАНҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button