Басты жаңалықтарМәселе

Тісі сау бала қалмай барады…

Қазір тісі сау бала жоқ. Балалардың тоқсан пайызы түрлі тіс ауруына шалдыққан. Ал  тіс ауруы мен ауыз қуысының қабынуы баланың бет сүйегін қисайтып, тіпті түр әлпетінің өзгеріп кетуіне әкелуі мүмкін. Облыстық балалар ауруханасының балалар бет-жақ хирургі, медицина ғылымының докторы, профессор,  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің стоматология интернатурасы және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кафедрасының жетекшісі Бақыт Жаналина балалар арасындағы осы аурудың алдын алмаса, соңы жақсылыққа апармайтынын айтады.

Жылына екі рет тіс дәрігеріне қаралу керек

Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары балалар арасында тіс ауруы көбейіп, соның салдарынан ауыз қуысының қабынулары жиілеген.

Осы салада еңбек еткеніме 35 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында байқағаным, жыл сайын ауру көбеймесе, азаймай отыр. Мәселен, бөлімшеге аптасына отызға жуық бала түссе, соның 70 пайызы ауыз қуысының іріңді қабынуларымен келеді. Аурудың себебі әртүрлі. Бұрын мектептерде тіс емдейтін кабинеттер болатын. Тісінде тіс жегісі бар балалар міндетті түрде сол жерде емделетін. Ал қазір жағдай басқа. Алдын алу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Ата-аналардың көпшілігі баланың тісінің саулығына аса мән бермейді. Түсінген адамға денсаулықтың  мықты болуы  ауыз қуысының саулығынан басталады, — дейді дәрігер.

Бақыт Секербекқызының айтуынша, аптасына бір рет ауыз қуысын тексеріп отырған жөн. Алты жастан бастап баланың ауыз қуысындағы тіндердің саулығы  тістің тазалығымен тікелей байланысты. Бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. Ал 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Егер осы кезде жақтың тістесуі дұрыс болмаса, жақ сүйегі бұзылып, өспей қалуы мүмкін. Дәрігердің айтуынша, жақ сүйектің аумағындағы өсінділер 23-25 жасқа дейін өсіп, тұрақталады. Сондықтан баланы жылына екі рет тіс дәрігеріне қарату керек. Егер бала жүйке, жүрек, омыртқа ауруларына шалдыққан болса, жылына үш рет тіс дәрігеріне апарған жөн. Мәселен, төменгі самай буыны омыртқа ауруымен тікелей байланысты екен.

—  Тісінің сау болмауынан қазір адамдардың бет пішіні өзгеріп жатыр. Сондай-ақ бұрынғыдай емес, қазір қоздырғыштар да құрылымын өзгертті. Бұрын тіс қақсап ауыратын болса, бүгінде білдіртпейді. Тіс сау болуы үшін дұрыс тамақтану маңызды. Табиғи тамақ ас қорыту мүшелеріне зиянын тигізбейді. Ас дұрыс қорытылса, тіс бұзылмайды. Дисбактериоз секілді ішек аурулары астың қорытылуына кедергі келтіреді. Дәрумендер ағзаға сіңбейді. Тіс эмалі — денедегі ең қатты тін. Соған қарамастан ол бұзылады. Жасанды қоспалары бар тағамдар мен газдалған түрлі лимонадтар — бала тісінің бірден-бір жауы, — дейді Бақыт Секербекқызы.

Сондай-ақ дәрігер тіс ауруының көбеюі алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуінен екенін айтады. Балалар стоматологиясында кадр тапшы. Бұл жерде жұмыс жасауға тіс дәрігерлері аса құлшыныс танытпайды. Себебі баламен жұмыс жасау оңай емес. Қазір науқас балалар көп. Оларға ем жүргізу үшін үлкен күш қажет. Сондықтан балалар тіс дәрігеріне қаржылай қолдау көрсету қажеттігін айтады.

Еңбекақысына үстеме қосып, қандай да бір материалдық көмек көрсетілсе, мамандардың құлшынысы оянар еді, — дейді дәрігер.

Тегін көмек көрсетіледі

Аурухананың бет-жақ хирургиясында жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі жастарға медициналық көмек көрсетіледі. Көпшілік арасында «қоянжырық» «қасқыр таңдай» аталатын туабітті және тіспен байланысты аурулар, жұмсақ тіндердің іріңдеуі, сілекей без, төменгі самай, жақ буын аурулары секілді түрлі науқасқа шалдыққан балалар осы хирургияда ем алады. Жалпы облыстағы балалар бет-жақ хирургиясы бөлімшесі 2008 жылы ашылған. 2009 жылы бөлімше жабылып, жалпы хирургия бөлімінің құрамына қосылады. Аталған бөлімшенің құрылуына Бақыт Жаналинаның еңбегі зор. Білікті дәрігер 2005 жылы Қарағанды облысынан көшіп келген.

Тек тоғыз жылдан кейін ғана облыстық балалар ауруханасында бұл бөлім қайта жасақталды. Қазір мұнда өте жоғары дәрежелі команда жұмыс жасайды. Сондай-ақ  аурухана  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған. Жүйе бойынша, балаларға тегін медициналық көмек көрсетіледі, — дейді Бақыт Жаналина. 

Аурухана медициналық кластерге енгендіктен тек қана облыстың емес, еліміздің батыс өңірінен және Қызылорда облысынан келген науқас балаларға ем жүргізіледі. Мәселен, бет-жақ құрылысының түрлі ақауы бойынша айына — 10-12, жылына шамамен 30-40 балаға ота жасалады. Бөлімшеде 12 кереует бар.

Таңдай жырығы неден пайда болады?

Бақыт Жаналинаның айтуынша, нәрестелерде жоғары ерін мен таңдай жырығы жиі кездеседі. Қазақстанда орта есеппен мың баланың біреуі осындай ақаумен өмірге келсе, біздің облыста 800 нәрестенің біреуі осы патологиямен туады. Дәрігердің айтуынша, аурудың себебі әртүрлі.

— Негізгі екі себебі бар. Біріншісі —  қанмен беріледі, яғни медицинада мұрагерлік фактор деп аталады.  Аурудың әкесі немесе анасынан балаға берілу ықтималдығы —  10 пайыз. Екіншісі —  жүктілік кезінде келіншектің денсаулығы нашар болуы, ағзаға дәрумендер, микроэлементтердің жетіспеуі. Жүкті әйелдің дене температурасы тұрақсыз болса, бұл іште шарананың жетілуіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ көп түсік тастау, созылмалы вирус дүниеге ақауы бар бала  әкелу қаупін жоғарылатады. Жоғарғы ерін мен таңдай жырығы ақауымен туатын сәбилердің 80 пайызында бірнеше қосымша дерт анықталып жатады. Бұған басты себеп —  әйелдің ағзасындағы цитомеголовирус. Бұл — созылмалы вирусты инфекция. Жүктілік кезіндегі күйзеліс те іштегі баланың дамуын тежейді. Күйзеліс кезінде адреналин көп мөлшерде бөлінеді. Ал адреналин тамырларды қысады. 6-дан 12 аптаға дейінгі аралықта сәбидің бет-жақ бөлігі пайда бола бастайды. Үстіңгі ерін мен таңдай бірнеше бөлшектің бірігуінен туындайды. Егер бас сүйекте тамырлар қысылса, осы бөлшектер бірікпей қалуы мүмкін. Біздің денеміздегі сызық болып түскен жерлердің барлығы бөлшектердің тоғысқан жерлері. Әйел жүктіліктің 6-дан 12 аптаға дейінгі аралығында тұмауратып қалса, баланың «қоян жырық», «қасқыр таңдаймен» туу ықтималдығы жоғары болады. Егер нәрестеде басқа қосалқы аурулар болмаса, туғаннан кейін екінші күні-ақ ота жасауға болады, — деді дәрігер.

Қазір облыстық балалар ауруханасының жанынан перинаталдық орталық салынып  жатыр. Ғимарат  пайдалануға берілген уақытта Бақыт Жаналина осы мәселені қайта көтеретінін айтты. Ол уақытта амбулаторлық деңгейде жүкті келіншекте қандай да бір диагноз анықталса,  оны толық медициналық тексеруден өткізіп, кейін босандырып, науқас нәрестеге ота жасайды.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін  бұл бағыттағы жұмыстар біріздене түспек. 2023 жылдан бастап медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға бөлек қаржы қарастырылмақ. Бұл жаңалық дәрігерді қатты қуантыпты. Әрине, медицинаның дамуы, құрал-жабдықтың жаңалығымен тікелей байланысты.

Учаскелік дәрігер салғырт болмауы тиіс

Бақыт Жаналина бұл саладағы қиындықтарды да айтып өтті. Оның айтуынша, емхана мен ауруханалар арасындағы байланысты әлі де нығайту қажет.

— Мәселен, менің учаскелік дәрігерлерге сұрағым көп. Нақты менің саламда, яғни бет-жақ хирургиясында учаскелік дәрігерлер отаға баланы әзірлеп жіберуді білмейді. Тіпті кейбір  балалар емханаларда диспансерлік тіркеуге алынбайды. Бар болса да қағаз жүзінде. Порталға қояды да, жібере береді. Іс жүзінде операция үстеліне жатпастан бұрын науқастың барлық денсаулық көрсеткіштері қалыпты нормаға келтірілуі тиіс. Емханада толық медициналық тексеруден өткізіп, сынама алулары қажет. Сараптама қорытындысында табылған ауруларды емдеулері керек. Ол аурудың неден пайда болғанын анықтаулары қажет. Содан кейін барып қана бізге жіберсін. Ауыл балаларымен учаскелік деңгейде мүлдем ешкім айналыспайды. Ертең міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілсе, бұндай салғырттық азайып, дәрігерлердің жауапкершілігі артады деген ойдамыз. Себебі бәсекелестік артады. Соған сенеміз.  Бұл жүйе емханалық, стационарлық деңгейде көрсетілетін медициналық қызметтер сапасын  арттырады деп ойлаймын. Емделушілердің де өз денсаулығына деген жауапкершілігі жоғарылайды. Мәселен, 15 санатқа кіретін 10 миллиондай халық тегін медициналық көмек алады. Солардың ішінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге елдегі барлық медициналық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.  Өзіміз 18 миллионнан сәл асатын халықпыз. Елдің жартысынан көбі тегін емделетін болса, бұл жақсы емес пе?! Мемлекет өзіне осындай әлеуметтік жауапкершілік алып отыр. Сол сияқты әр адам өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы керек, — деді дәрігер.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button