Басты жаңалықтар

Ерліктің мекені Қобда ауданына — 90 жыл

М.ШЕРМАҒАНБЕТ,

Қобда ауданының әкімі

Өткенін ұмытпай, кемел келешекке зор үмітпен қараған Қобда ауданының іргесінің қаланғанына биыл 90 жыл толып отыр. 90 жылдық мерейтойды атап өтудегі мақсат—тарихымызды зерделеп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, жетістіктерімізді саралап, Қобданың қасиетті топырағында туып, елдің атын шығарған ерлерін насихаттау.

Солтүстігінде Ресей өңірлерімен, батысында Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Алға, Мәртөк, оңтүстігінде Темір, Ойыл аудандарымен шектесетін Қобда ауданы — қойнауына құт қонған киелі өңір. Ежелгі тарихында ұлан-байтақ жерімізді мекен қылған сақтар мен ғұндар, басқа да түркі тектес тайпалар, одан беріде Жошы хандығы, Алтын Орданың баһадүр бектері, қазақтың бірлігін бір тудың астына біріктіру жолында жандарын пида еткен аруақты батырлары, жоңғар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында Қаратаудың басынан көшкен қаралы көшті қайта болдырмауды мақсат еткен халықтың тағдырын шешу үшін Әбілқайырдың тұсында орыс патшасының алдына барған Әжібай би мен Арал батырлар бастаған ел бірлігін, ұлт ынтымағын сақтаудағы үлкен істер, қазақтың тұтас тарихын қалыптастыруға үлес қосқанбасқа да тарихи оқиғалар осы өңірде өткені айғақ. 39 нұсқасы бар жырдың кейіпкері Қарақыпшақ Қобыланды тұлпарының тұяғы дүбірлеткен, қалмақ ханы Омбы Дондукқа қарсы ұлы жорыққа бастаған қалың қолдың аруақты батыры Алтайдың арғымағының ізі қалған жер — осы құтты мекен. Абат батырдың жаны мәңгілік тыныш тапқан Абат-Байтақ қорымы, Малай батыр туған Бесқопа, отаршылдыққа қарсы күрестерді бастаған Исатай Тайманұлының кесенесі — осы өңірдің тарихи жәдігерлері.Ел қорғаған Жездібай батырдың,Орынбор губерниясы «көрінбейтін әйел» атаған, Пугачев көтерілісін жалғастырып, әділетсіздікке қарсы қол бастаған Сапар Мәтенқызының жорықтары өткен жер. Одан беріде патша үкіметі кезіндегі алғашқы қоныс аударушыларды, кеңес өкіметі жер аударған шешендер мен неміс ұлты өкілдерін, одан беріде тың игеру мақсатымен келген бұрынғы одақтас 15 республикалық өкілдерін құшақ жая қарсы алған, аштықта бір тілім нанын бөліп берген өңір. Бұл жерде Дербісәлі, Сөгәлі, Қыз әулие, Бекпан, Бисен хазіреттер секілді аруағын ұрпағы пір тұтқан, қасиет тұнған қорымдар бар.

Қобда жері әйгілі батыр бабаларының даңқын екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Қобдалықтар күллі кеңестік шығыстан шыққан екі қаһарман қыздың бірі Әлия Молдағұлова бастаған Кеңес Одағының 8 батырының есімін мақтан етеді. Сол жылдары облыс орталығында құрылған312-атқыштар дивизиясының және 101-ұлттық бригада жауынгерлерінің қатарында, Мәскеу түбіндегі фашист басқыншыларына қарсы күресте қобдалықтар асқан ерліктің үлгісін көрсетті.

Қобда жұрты жасампаз еңбекте де тамаша үлгілер көрсетті. Ерен еңбектері еленгендердің қатарында Нұршау Сағитов, Таңатар Әбішев, Дүйсенбай Әбдіхалықов, Николай Шаповаловтар төстерінде Ленин орденін жарқыратса, сұрапыл соғыстан кейінгі бесжылдықта ауылшаруашылығын өркендету бағытындағы еңбектегі ерекше жетістіктері үшін Мұқан Тәжіғұлов, Мерген Ізтілеуов, Әжіғали Орынбаевтар Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ауданның еңбек тарландары құрметті атақтармен, орден-медальдармен марапатталды.Ақ тарыдан мол өнім алып, шаруашылықты ерекше табысқа кенелткен Әсима Бектенованы нағыз еңбек адамының үлгісі деуге болады. Тың игеру жылдары тынымсыз еңбек еткен басшылардың ұйымдастырушылық қабілеті табысты еңбектің көзі болды. Аудан құрылған кезден бастап әр жылдарда Ф.Жмуцкий, А.Басенко, С.Набойченко, С.Үжкенов, И.Өтеғұлов, В.Московченко, М.Борисов, А.Фартуков, Б.Бикашевтербірінші басшы болып қызмет атқарды. Осы кісілердің жолын жалғастырып,тың игеру жылдары аудандық партия комитетінің алғашқы хатшысы болған, халық арасында азаматтық пайым-парасатымен есте қалған, аудан халқын еселі еңбекке жұмылдыра білгенАлтынбек Әкімжановты көзі көргендер ерекше құрметпен айтып отырады.Былтыр Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған Құралай Байменова ауданымыздыңЕңбек Ерлерінің қатарын толықтырды. Халқымызда «Еріне қарап, елін таны» деген қанатты сөз бар. Даңқты өңірдің бергі тарихында да есімдері елге мәлім ірі қоғам қайраткерлері де аз емес. Қобдалық азаматтар республикалық органдарды, облыстың, аудандар мен ірі кәсіпорындардың тізгінін ұстады. Қобда өңірінің киелі топырағынан жаралған қоғам қайраткерлерінің алдыңғы шебінде белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Елеусін Сағындықов  тұр. Ақтөбе облысының әкімі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған Е.Сағындықов Ақтөбе облысын Қазақстан экономикасының локомотивіне айналдыруға өлшеусіз үлес қосты. 1997-2003 жылдары Сенат депутаты  болған Боранбай Құсайынов, көп жылдар бойы ауданымызға басшылық етіп, одан кейінгі жылдары облыс көлемінде әртүрлібасшылық қызметтерде жасаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиевті де мақтанышпен айта аламыз. «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі, ядролық сынақ алаңын жабуға қатысқан Ізімғали Көбенов те Парламентте ұлт болашағы мен елдік істерге қатысты талай күрмеуі қиын мәселелерді шешуге атсалысты.

Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан әр жылдардағы аудан басшылары И.Луценко, А.Волков, Исатай аудандық атқару комитетінің төрағасы, Исатай ауданының әкімі, 1996-2000 жылдары сенатор болған Ислям Медеубаев, Исатай ауданында бірінші хатшы болған Мақсот Балғынов, Ерсайын Әжібаев, Исатай ауданында екінші хатшы, Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен Зәкіретдин Байдосов сынды білікті, аса тәжірибелі басшылар Қобда ауданының қарқынды дамуына қажыр-қайратын аянбай жұмсады. Тәуелсіздік жылдары ауданымызға басшылық еткен Серік Ботағарин, Любовь Исмағанбетова, Асқар Жүсібалиев теауданның дамуына айтарлықтай үлестерін қосты. Әр жылдары ауданымызды басқарған алдыңғы толқын ағаларымыз Қобданы бүгінгі дәрежеге жеткізу жолында орасан зор еңбек сіңірді.

Тойға келіңіз!

5 қазан күні Қобда ауданы орталығында ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай көпшілік-мәдени шаралар өткізіледі. Қобдалықтар мен қонақтар үшін «Отан Ана»  саябағында ақшаңқан киіз үйлер тігіледі.

Салтанатты шара барысындаауданның 90 жылдығына арналған «Тарих толқынындағы 90 жыл» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, «Ұлы Қобданың даңқты батырлары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіледі. Ауданның дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға, ауылшаруашылығы саласының үздіктеріне құрмет көрсетіледі.

Той барысында қобдалықтарға сегіз пәтерлі тұрғын үйдің кілттері тапсырылмақ. Сондай-ақ, той қонақтары Қобда-Бестамақ бағытындағы магистральдік тасымалдаушы газ құбырының және Калиновка мен Бегалыда ауылішілік газ құбырларының салтанатты түрде пайдаланылуға берілгеніне куә болады.

Тоқсан жылдық аясында спорт, білім алаңдары, Шәріп молда мешітінің алаңында «Руханият әлемі», «Денсаулық» аллеялары, «Ұлы даланың жеті қыры» сквері, «Ауданның ерен еңбек иелері»  алаңы ашылады. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де осы салтанатты шара аясында өткізілгелі отыр. Бәйге, қазақ күресі, теңге алу, қыз қуу секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. «Қобыланды батыр» спектаклі мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.

Сол абзал азаматтардың жолын жалғастыру бүгінгі ұрпақ — бізге жүктеліп отыр. Бұл — біз үшін үлкен жауапкершілік, әрі зор мәртебе!Алдыңғы аға буын салған жолды жалғастыру мақсатында соңғы жылдарыхалықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Терісаққан, Бестау, Талдысай, Калиновка, И.Білтабанов атындағы ауылдарға ауызсу құбыры тартылып,аудан тұрғындарына 100 пәтер берілді. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, аудан орталығында заманауи үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 320 орындық мектеп-гимназиясы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Бестау, Талдысай, Терісаққан ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Ауылдық елді мекендердің ең өзекті мәселелерінің бірі — жол мәселесі. Осы бағытта да бірқатар жұмыстар қолға алынып, шешімін тауып жатыр. Жиренқопа-Первомайск шекара бекетіне дейінгі Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе бағытындағы облыстық маңызы бар жолдарғакүрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.Сонымен қатар аудан орталығындағы А.Иманов, И.Тайманов, М.Колесников, С.Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, И.Құрманов атындағы ауылішілік 6 көше мен Бұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық елді мекендерді газдандыру мақсатында Қобда-Бестамақ бағытындағы магистральді тасымалдаушы газ құбырының құрылысы басталып, Егіндібұлақ, Бегалы, Калиновка, И.Білтабанов атындағы ауылдық елді мекендерге көгілдір отын жеткізіліп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес,аудан көлемінде бірқатар жұмыс қолға алынып, ұлы дала батырларының, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің есімдерін есте қалдыру, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында аудан орталығында «Мәңгілік Ел», «Отан Ана» саябақтары жасақталды.Қобыланды мен Алтай батырдың,И.Тайманұлы мен Ә.Молдағұлованың ескерткіштері орналастырылып, тарихи-танымдық скверлер ашылды. Қазақстанның 100 киелі орындарының тізіміне енген орта ғасырлардағы сәулет өнерінің озық үлгісі  Абат-Байтақ кесенесі мен Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр кесенесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кесене жанынан қонақүй салынды.

Соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсарып, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салаларындағы жетістіктері, әлеуметтік-мәдени өміріндегі жағымды жаңалықтары ауданымыздың дамуына тың серпін берді. Қобдалық талай азамат республика, облыс көлемінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып отыр. Жасампаз өңірдің түлектерінің арасында толағай табысқа жеткен кәсіпкерлеріміз де көп. «Туған жерге тағзым» акциясының аясында туған өлкелерінде іргелі әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне және қайырымдылық шараларға демеу болып жүрген кәсіпкерлеріміз бен ауданымыздың қалыптасуына зор еңбек сіңірген қобдалықтар аудан дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.

Бүгінгі Қобда — ұрпақтар мен іскерлік сабақтастығы бар, түтіні түзу шыққан қасиетті мекен. Қобда — батырлар жері. Тарихи деректер Қобданың айбарын айшықтап тұр. Осы 90 жыл ішінде сүрлеу жолдарды ынтымақпен еңсерген аудан жұртшылығының Қобданың бүгінгідей сән-салтанат құрып, рухани дамуына сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс» деген болатын. Еліміздің тәуелсіздік таңын зор қуанышпен, ерекше серпіліспен қарсы алған қобдалықтардың тарихи кезеңдердегі облыс жетістіктеріне қосып отырған үлесі де елеулі.Құт қонған Қобда ауданы — облысымыздың тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Бүгінгі таңда Қобда ауданы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мал басын өсіру, егіс алқаптары мен суармалы жерлерді игеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Алдағы уақытта да қобдалықтар ынтымақ пен ауызбіршілікте алға қойған асқақ мақсаттарға абыроймен қол жеткізу үшін аянбай еңбек етері анық. Ендеше, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген барлық қобдалықтарды ауданымыздың 90 жылдық мерейлі мерейтойымен шын ықыласыммен құттықтаймын. Алты Алашқа атағы жайылған Қобда ауданы қарыштап дами берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button