Сабыр — иманның жартысы
Адам баласын кемелдік шыңына жетелейтін, бұралаңы көп өмір жолында жұмыр басты пендеге күш-қайрат беріп, сан түрлі ауыртпалықтардан абыроймен алып шығатын асыл қасиеттердің бірі — сабыр. Мұсылмандықтың басты парызы — иман болса, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың нұры жаусын!) бір хадисінде: «Сабыр иманның жартысы» — делінген екен. «Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа». Расында да, жан-жағыңызға қарасаңыз: қаншалықты қабілетті, ақ көңіл бола тұра, қажет жерінде шыдамдылық танытып, сабыр сақтай алмағаннан дос-дұшпанға күлкі болып жүрген жандар аз ба? Қиындыққа тап болғанда, басын тау мен тасқа соғып, қайғы-қасіретін одан әрі қалыңдатып жүргендер аз ба?
Екі дүниенің бақыты үшін де адам баласына ең керек қасиеттердің бірі — сабыр төңірегіндегі әңгімеге біз «Нұр Ғасыр» мешітінің найб – имамы Сансызбай Шоқпаровты шақырған едік.
Сонымен…
Ең күшті адам кім?
«Ислам ғалымдарының еңбектеріне үңілсек, олар сабырды бірнеше топқа бөліп қарастырыпты. Ең алдымен Аллаға құлшылық ету үшін де адам баласына сабырға жүгінуге тура келеді. Үлкен сабыр, мықты ерік — жігер иесі болмаса, адамға күніне бес уақыт намаз оқу, жылына бір ай ораза ұстау оңайға соқпайды. Айталық, ораза тек ас-судан тартынумен ғана шектелмейді ғой. Ораза ұстаған адам жанжал шығару, біреулерді арандату, басқаларды өсекке таңу, лас сөз айту секілді толып жатқан жамандықтардан өзін аулақ ұстауы тиіс. Біреу әдейі ашуландырған күнде де , «мен ораза едім» — деп, өзін-өзі ұстауы керек. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың нұры жаусын!) бір хадисінде: «Адамға ашу түрегеп тұрған кезінде келсе, дереу отыра қалсын. Егер ашуы сонда да басылмаса, жатып алсын» — дейді.
Бізге жеткен мынадай бір әңгіме бар. Бірде пайғамбарымыз сахабаларға: «Ең күшті адам кім деп ойлайсыңдар?» — деген сауал қойыпты.
Сахабалар бұған әртүрлі жауап айтқан. Яғни олардың жауабы арыстанды жеңу, басқа да сол секілді адамның зор күш иесі екендігін көрсететін іс-қимылдар төңірегінде болса керек. Сонда пайғамбарымыз оларға: «Жоқ, — дейді. — Ең күшті адамның кім екенін айтайын ба? Ол — ашудың , нәпсінің жетегінде кетпей, өзін-өзі жеңіп, сабыр сақтай білетін адам».
Адам баласы жаман істерден, күнәдан, нәпсіге берілуден, шайтанның азғыруынан сабыр арқылы сақтанады. Сол сабыр арқылы ораза, намаз секілді құлшылық істерді атқарып, өзінің ішкі жан сарайын тазартып-байытады. Сондықтан сабыр — иманның басты тірегі».
Ең көркем сабыр…
«Жайшылықта сабыр адамға құлшылық амалдарын атқару үшін және нәпсіге берілуден сақтану үшін қажет болса, ал үлкенді-кішілі қиындықтарға ұшырап, басына іс түскен шақта сабырға жүгіну — қайғы үстіне қайғы жамап алмаудың жолы. Жер үсті — сынақ мекені. Адам баласына түрлі ауыртпалықтар сынақ ретінде жіберіледі. Құранның «Бақара» сүресінің 155, 156-аяттарында былай делінген: «Сөзсіз, біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. (Мұхаммед ғ.с.) сондай жағдайларда сабыр сақтайтын жандарды қуант. Қашан да оларға бір ауыртпалық жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Алладан келдік және Оған қайта ораламыз» — дейді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және шапағат бар».
Өмірде қандай қиындыққа тап болса да, адам Үмітсіздікке берілмей, сабыр сақтауы тиіс.
Анас ибн Мәлік арқылы бізге жеткеніндей, бір күні Пайғамбарымыз қорым тұсынан өтіп бара жатып, баласының зираты жанында жылап отырған әйелді көреді. Әлгі әйел жай жыламай, шашын жұлып, бетін қан-жоса ғып тырнап, айғай сап, тағдырын қарғап-сілеп отыр екен. Пайғамбар оған жақындап барып, дәл бұлайша зарлап, түңілудің дұрыс еместігін түсіндіреді. Ал әлгі әйел оны танымайды әрі кім де болса, дұрыс сөз-ау деп, оның айтқанына құлақ асқысы да келмейді. «Сен менің қасіретімді түсіне алмайсың, менен аулақ кет» — деп, қатты ашуланып, ұрысып-сөгеді. Кейін сахабалар ол әйелге қабір басында өзін сабырға шақырған адамның Мұхаммед пайғамбар екенін айтады. Мұны естігенде әлгі әйелдің есі шығып кетеді. «Мен не істеп қойдым? Пайғамбардан кешірім сұрайын» — деп, сол мезетте-ақ тұра жүгіреді. Пайғамбарымыздың үйіне баса-көктеп кіріп барып, одан аяғына жығылып кешірім сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Сабырдың ең көркемі — қайғы-қасірет соққы боп тиген алғашқы сәттегі сабыр» — деген екен.
Қиындыққа ұшыраған алғашқы сәттен-ақ ұстамдылығын жоғалтпауға Аллаға шын сенген, өмірдің өткіншілігін бар жан-жүрегімен сезінген адамның ғана шамасы жетеді. Әрине, әсіресе, ең жақын жандарының бірі көз жұмса, адамның көңілі босамай тұрмайды. Қатты ауырып, өлім аузында жатқан немересін көргенде, Пайғамбарымыз да көзіне жас алған екен. Ондай жанашырлықтың, қимастықтың жөні бір бөлек. Ал тағдырға налу, қандай да бір қиындыққа тап болғанда болашақтан үміт үзу — жеңіліс. Ондай адам Жаратушының қаһарын шақырып, шайтанды қуантады.
Біз бұл дүниедегі барлық игіліктердің уақытша екенін, ал барлық қиындықтардың сынақ екенін сезіне білуге тиіспіз. Мұхаммед пайғамбарымыз былай деген: «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның барлық ісі қайырлы. Алайда бұл тек — мұсылманның ғана маңдайына жазылған бақыт. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді — бұл оған қайырлы. Егер қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады — бұл да оған қайырлы».
Сабыр суы…
«Күнделікті тірлікте, адамдармен қарым-қатынаста, қандай да бір мақсатқа ұмтылғанда да, сабыр — барлық жақсылықтың бастауы.
Бір әйелдің басынан мынадай оқиға өтіпті.
Ол мешітке жылап келіп, молдаға шағым айтады: «Күйеуім мені әрдайым ұрып-соғады. Тіпті күн көрсетпеуге айналды. Мен әбден шаршап, өзіңізден ақыл-кеңес, көмек сұрап келіп отырмын. Не амал етсем екен?». Молда ойланып отырып, әйелге бірнеше сұрақ қояды. Содан соң бір құты су береді. «Осы су саған көмектесуі тиіс, — дейді. — Күнде күйеуің жұмыстан келген кезде осы суды ұрттап ал. Бірақ оны бірден жұтып жібермей, аузыңда біраз уақыт ұстауың керек». Арада бірталай уақыт өткенде, әлгі әйел мешітке тағы жылап келеді. «Сірә, оқып берген болсаңыз керек, Сіз берген судың көмегі тиген еді. Бірақ ол су таусылғалы күйеуім баяғы «жырын» қайта бастады. Сіздің көмегіңізсіз болмайтын болды» — деп, тағы да су беруін сұрайды. Сонда молда күліп: «Айналайын, ол судың басқа ешқандай қасиеті жоқ, күнде өзің пайдаланып жүрген, кәдімгі су. Оның саған көмегі — күйеуің жұмыстан шаршап келген кезде әрнені айтуға аузыңның бос болмағаны, үндемей қарсы алуға мәжбүр болғаның. Ендеше, өзіңді-өзің қолға алып, шыдамдылыққа, сабырлылыққа үйренсең, өзіңді-өзің тізгіндей алсаң, бұл жағдайда саған басқаның көмегі керек еместігін түсінген шығарсың» — дейді.
Абырой, бедел, отбасы бірлігі мен берекесі адамға өздігінен келе бермейді, ұстамдылық, сабырлылық және байсалдылық арқылы келеді. Сабырсыз адам күнәдан бас тарта алмай; отбасының, айналасының мазасын кетіріп; ал аз қиындыққа тап болған жағдайда, салы суға кетіп, бейшара халге түспек…
Сонда сабырға жетудің жолы қайсы?
Адам өзін сабырлылыққа тәрбиелеймін десе, алдымен Құранға, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың нұры жаусын!) хадистеріне, пайғамбарлардың өмір жолына жиі үңілгені жөн. Құрандағы көптеген аяттарда Алла тағаланың сабырлы құлдарын жақсы көретіні, сабырлы жандардың шапағатқа, сый-сияпатқа бөленетіндігі жеткізілген. «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Әй, мүміндер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, Күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» — делінген. Ал «Нахл» сүресінің 96-аятында айтылады: «Әрине, сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз» немесе «Әли ғымран» сүресінің 133, 134-аяттарында былай делінген: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар. Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мол сарп қылғандар. Сондай-ақ олар ашуын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер».
Пайғамбарлардың өмір жолына үңілсеңіз, олардың небір құқайға, ауыр азаптарға төтеп берген асқан шыдамдылықтарына сүйсінбеу мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың нұры жаусын!) өзінің мызғымас сабырымен халықтың жүрегіне жол тауып, мыңдаған адамды ислам жолына түсірді. Пайғамбарымыздың сыр сақтаушысы Хузайфа: «Пайғамбар бір іске қайғырса, намаз оқитын еді» — дейді.
Ораза, намаз, әрдайым Алланы еске алу адамның рухын шыңдап, сабырлылыққа үйретеді. Жер бетіндегі тірліктің мағынасына да, о дүниенің бақытына да адам тек Сабыр арқылы жетпек…».
***
Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен:
Адамға ашу түрегеп тұрған кезде келсе, дереу отыра қалсын. Егер сонда да ашуы басылмаса, жатып алсын.
***
Иманның абзалы — сабырлылық пен кеңпейілділік.
***
Сабырлылық қайғы-қасіреттің алғашқы сәтінде танылады.
***
Сабыр мен шыдам — Алладан, күйгелектік — шайтаннан.
***
Ашу сабырды бұзғаны сияқты, күншілдік пен қызғаншақтық та иманды бұзады.
***
Алла алдында ашуды жұтып қоюдан артық сауап жоқ.
***
Қайғы түскенде сабыр сақтаушы, берілген несібеге қанағат етуші, біреулердің жамандығын кешіре алатын, өзі біреуге жамандық жасаса, тәубеге келетін адам бейбіт, тыныш өмір сүреді.
***
Кімде-кім сабыр, қанағатпен іс қылса, істеген ісі дұрыс шешіледі, әйтпесе соған жақын болады. Сабырсыз адамның ісі қате болады немесе соған жақын болады.
Жазып алған Индира ӨТЕМІС.




