Спорт

Біз саған сенеміз, Мейрамбек!

Кеше бір топ ақтөбелік жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында қола медальге ие болып, Токио Олимпиадасына жолдаманы иемденген жерлесіміз Мейрамбек Айнағұловты күтіп алды.

Ақтөбе теміржол вокзалында құшақ-құшақ гүлдер, әдемі шарлар мен «Мейрамбек — чемпион!», «Алға, Мейрамбек!», «Біз саған сенеміз!» деген жүрекжарды лебіздер жазылған плакаттарды ұстаған қауым спортшыға айрықша ықылас танытты. Перронда бірінші боп сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов:

— Қазақта «Елдің атын ер шығарады» деген сөз бар. Мейрамбек пен Нұрислам бауырларымыз әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Мұндай үлкен додада жүлдегер атану оңай емес. Көк байрағымызды желбіретіп, мерейімізді асырған батырларға алдағы Токио Олимпиадасында жеңіс тілейміз! Біз соған бәріміз тілектеспіз. Ақ жол! Бапкерлерге де ризашылығымыз шексіз, оларға осындай шәкірттеріңіз көбейе берсін деп тілек білдіреміз, — деді.

Елордада өткен жаһандық жарыста грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейрамбектің өзі қолдау көрсетіп, қошеметпен қарсы алған жерлестеріне алғысын айтты. Ендігі мақсат — келер жылы Жапония төрінде өтетін дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалу.

— Әрине, өз елімізде ұйымдастырылған әлем чемпионатына қатысудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қолдан келгенше есе жібермеуге тырыстым. Чемпионатта, әсіресе, ресейлік палуанмен белдесу қиынға соқты. Қалған кездесулер ойдағыдай өтті. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер, қола медальді иелендім.

Енді дайындық жұмыстарын одан сайын күшейтіп, Токио Олимпиадасына тың күш-жігермен барсам деймін. Сол жақта биік белестен көрінуді армандаймын. Осы орайда елеп-ескеріп, пойыздан күтіп алған барша жанкүйерлеріме рақметімді айтамын. Барлықтарыңызға ризамын, — деді Мейрамбек.

Өз кезегінде палуанның бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжановта ерекше толқып тұрғанын жеткізіп, Мейрамбекке алдағы Олимпиадада тек жеңіс тілейтінін қосты.

Айта кетейік, 25 жастағы Мейрамбек Айнағұлов — 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері, 2018 жылғы Азия Ойындарының қола жүлдегері. Грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

…Сырбаз мінезді, қашан көрсең де жылы жымиып жүретін Мейрамбекке «Олимпиада ойындарынан олжалы орал!» деген тілегімізді білдіреміз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button