Ақтөбе — 95Тарих

«Коммунизм жолы»—өз тұсының шындығы

«Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» деген данышпанның сөзі ақыры елес болып қалды. Бірақ соны елуінші жылдардың басында  КСРО-ның билік басына келген Н.С.Хрущев алдағы жиырма жылда орнатамыз деп, әлемге жар салды. Сол-ақ екен, бұрын «Сталин туы», «Еңбек туы», «Стахановшы», «Октябрь туы», «Социализм жолы», тағы басқа атанып келген мерзімдік басылымдар  «Коммунизм үшін», «Коммунизм туы», «Коммунизм таңы», «Коммунизм жолы» деп, аттың басын қиялдағы коммунизмге қарай бұрды. 1965 жылы Хрущев биліктен тайдырылғаннан кейін және Қазақстанда өлкелер тарауымен байланысты «Батыс Қазақстан» газеті де «Коммунизм жолына» түсті. Бірақ жаңа атауға ие болған газет қиялдағы қоғамның жырын айтып келмеді. Себебі, бұл кезде елде жиырма жылда коммунизм құрмақ идеяның бір адамнан шыққаны, билік басында ұзағырақ отыру қамын көздегені, коммунизм ауылының тым алыста екені белгілі болып қалып еді.Алайда халықтың болашақтан үмітін үзбеу саясатын берік ұстанатын кеңестік заман ұранды түбегейлі алып тастамады.

Шыға бастағанына биыл 95 жыл толған Ақтөбе облыстық газетінің ширек ғасырға жуық «Коммунизм жолы»  аталуының осындай тарихы бар еді.

Газеттің облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған алғашқы тігіндісінен-ақ сол тұстың шындығын, өз болмысын көруге болады. Әсіресе, сол заманды бастан кешкен бүгінгі аға буын өкілдеріне таныс жай. Жеке басқа табынуды әшкерелеп, оның зардаптарын жоюға құлшына кірісуімен есте қалған Хрущев,  кейін өзі де соған айналып, биліктен шеттетілгені белгілі. Оны ардақтылықтың атынан құлатқандар өздері билік тізгінін алғасын алғашқы жылдары коллегиялық басшылық принциптерін сақтады. Бірсыпыра  уақытқа дейін мемлекет басындағы басшылардың суреттері жарияланбады, бұрынғыдай құлаш-құлаш ресми материалдар да берілмеді. Сондықтан газет негізінен өзінде қызмет істейтін журналистердің, аудандардағы меншікті тілшілерінің, ауыл-селодағы жергілікті авторлардың мақалаларымен шығып отырды. Газеттің очерк, фельетон, көлемді суреттеме, репортаж сынды жанрларына молырақ орын тиді. Тіпті екі номердің бірінде өлеңдер жиі жарияланып, әдебиет, мәдениет тақырыбына кең жол ашылды.

Мысалы, сол 1965 жылдың 16-21 шілде аралығында Ақтөбе облысында Қазақ әдебиетінің апталығы өтеді. Сол апталыққа қатысу үшін облысқа Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылардың үлкен тобы келеді. Әдебиет қайраткерлерінің арасында көрнекті жазушы Хамза Есенжанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары, ақын Жұбан Молдағалиев, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, жазушы Жәрдем Тілеков, ақындар Сағынғали Сейітов, Ғафу Қайырбеков, Леонид Кривощеков, Сағи Жиенбаев, Валерий Антонов, Қадыр Мырзалиев, сыншы Серік Қирабаев, тағы басқалары болады. Мұны тізіп жазып отырғаным, газет осындай үлкен топ  жазушылармен апта ішінде өткен Шалқар ауданындағы, Ақтөбе қаласындағы кездесулерді тәптіштеп жазумен бірге, кейін әр номер сайын айлар бойы олардың жеке-жеке шығармаларын да жариялап отырған.

Біз бұған дейін шыққан облыстық газет номерлеріне редакциялық коллегия атынан қол қойылып келгенін  жазған едік. Осы үрдіс газет жаңа атауға ие болғаннан кейін де жалғасып, 1965 жылдың екінші жартысынан бастап шыға бастаған газет номерлерінен редактор Нұрқайыр Телеуов, ол болмаған кезде редактордың орынбасары Смағұл Мұқашев, жауапты хатшы Ұлықпан Жұмабаевтың қол қойғанын көруге болады.

Газеттің басты тақырыбы негізінен ауылдың өмірімен, тыныс-тіршілігімен байланысты болғанын онда жарияланған төмендегі мақалалардан аңғаруға болады.

 Жаңа комбинат

Алға ауданының Ильинка поселкесінде жуықта жаңа тұрмыстық қамту комбинаты ашылды. Үйдің құрылысын селолық Совет атқару комитетінің председателі

Б.Төлегенов жолдас бастаған комиссия көріп шығып, комбинат жақсы жабдықталғанына әбден көзі жеткен соң қабылдау актісіне қол қойылды.

«Парижская коммуна» колхозының нақ орталығында тастан салынған бұл сәнді үйге бес өндірістік цех орналасқан. Мұнда сырткиім, аяқ киімдер тігуге заказдар алады, ескі киімдерді бүтіндейді, сағатшеберханасы  мен шаштараз да осында орналасқан.

—Біздің артель еңбеккерлеріне тұрмыстық қамтушылар жақсы сый тартты. Енді олар ол-пұл керегін іздеп аудан, облыс орталықтарына барып жүру машақатынан құтылды,—дейді колхозшылар.

И.ИВАНОВ.

(«Коммунизм жолы», №207. 19 қазан 1965 жыл).

 Ұзақ уәде

Биыл апрель айында «Бөгетсай»совхозының директоры И.А.Дунаев бір жолы №3 фермаға келіп жиналыс ашып, сөзінің соңында былай дегені әлі есімізде:

—Сіздер тұратын Белқопа поселкесі анау-мынау совхоз орталығымен пара-пар. Бірақ, осында осы кезге дейін бір монша салынбады. Оған біз кінәліміз. Осы жай есіме түсіп, сіздерге келген сайын ұяламын. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін қазір көшпелі монша әзірлетіп жатырмын. Бір аптадан кейін орталарыңызда болады.

Директордың мына қамқорлығына ферма жұмысшылары қол шапалақтап құптады. Енді сол монша тезірек келсе екен деп асыға күтті.

Сонан бері арада 3-4 ай уақыт өтті. Қыр басынан жалғыз қара көрінсе, бізге келе жатқанкөшпелі монша болар деп қас қақпай қараймыз. Бірақ келетұғын монша көрінбейді.

Қазір жұмысшылар: «Апырай, бәрінен де бізді алдағаны қиын болды-ау. Қайтеміз, қыста қар суы, жазда жаңбырға жуына тұрармыз да» деп қынжылады.

С.ҚҰРАМЫСОВ.

Қарабұтақ ауданы.

(«Коммунизм жолы», №155. 7 тамыз 1965 жыл).

 Жүгерінің қатар аралығын өңдеуде

«40 лет Октября» колхозындағы механизатор Александр Щеглов жолдаспен жүгері егісін өңдеп жүргенде кездестік. Ол өзінің «Беларусь» тракторына культиваторды тіркеп, шаршы-ұялап егілген жүгеріні қопсытып әрі арасындағы арамшөбін отап жүр екен.

—Жұмысыңыз өнімді болсын, — дейміз біз оған.

—Рақмет, —дейді ол, —қай егіске де бап керек. Мына жүгеріні екінші ретбаптаудамын. Түбін қопсытып, арамшөбін екінші рет отап жатқаным. Арамшөп дегенің жаны тірі өсімдік екен, дақылмен бірге ере өседі. Енді шыға қоймас.

А.Щеглов жолдас өткен жылы да жүгері егіп, оның әрбір гектарынан 140 центнерден сүрлем алды. Биылғы меже одан көп жоғары. Звеноға 174 гектар егіс бекітілген.

Ә.ЖАНБОСЫНОВ.

Қобда ауданы.

Мәдени бригада

Байғанин ауданының Мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған А.Айтбаевтың басқаруындағы мәдениет-үгіт, көркемөнерпаздар бригадасы аудан шаруашылықтарындағы малшы, шопандарды аралау сапарынан оралды. Бригада «Сағыз», «Қарауылкелді»совхоздары мен «Қопа» колхозының фермаларында болып, ойын-сауық көрсетті.

Малшы, шопандар өнерпаздар коллективін жылы шыраймен қуана қарсы алды. Оларға пьеса көрсетіліп, концерт берілді. Әсіресе, мұғалімдер Құрмашев, Өтеғалиева, дәрігер Жанесенованың өнеріне көрермендер риза болды.

А.АСАРОВ.

(«Коммунизм жолы», №112. 8 маусым 1965 жыл).

Маңдайшадағы мағынасыздықтар

Демалыс күні еді. Көптен бері көрмеген Ақтөбенің әсем үйлерін, жаңа құрылыстары мен өзгерістерін тамашалап іштей риза болып келе жатқанбыз. Қаланың Максим Горький көшесіндегі еңселі екі қатарлы үйдің маңдайшасындағы жазуға көзіміз түсіп, аңырап қалдық. Япыр-ай дейміз таңырқап, мына жазуды шынымен байқамады ма екен, әлде дұрысы осы дегендегісі ме? Сенерімізді не сенбесімізді білмей, зорға оқып шықтық. Онда «ССРО мемлекет банкісі, Ақтөбе облыстық конторы» деп жазылыпты.

Міне, қызық, сол тұрған орнымыздан артымызға бұрылуымыз мұң екен, «Қазақ ССР Ақтөбе облыстық сот» деген маңдайшадағы сөздерді тағы оқыдық.

Облыс орталығындағы мына мағынасыз жазуларды көріп, ренжіп қалдық. Бұл қалай, маңдайшадағы екі ауыз сөзді жөндеп жазатын сауатты адамның табылмағаны ма?

Енді Карл Либкнехт көшесімен Елекке қарай жүріп келеміз. Әлгі ренішімізді ұмытып, сәнді қаланың көрінісіне сүйсініп келе жатқанымызда алдымыздан тағы бір маңдайшадағы мағынасыздықтың  кездеспесі бар ма. Мұнда: «Кәсіптік техникалық білім беру жұмысшылар менқоныстанушыларды ұйымдасқан түрде қабылдау жөніндегі  Ақтөбе облыстық басқармасының №27 қолөнер училищесі» деген жазуды оқыдық.

Жолыңыз түсіп осы училищеге келе қалсаңыз, көшенің сол жағына көз жіберіңіз. маңдайшадан: «Саңырау-мылқаулардың Ақтөбе облыстық қазақ қоғамы» деген сөздерді оқыңыз. Ол—«Қазақ ССР тұрмыстық комитетінің  комбинаты» деген маңдайша да осында.

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа», — деп ұлы Абай айтқандай, туған топырағымызда жазу мәдениетіміздің қалыптасқанына қаншама жыл болды.  Солай болғанмен маңдайшаға мән бермейтін кейбіреулердің сауатсыздығын көрген сайын ұялып қынжыламыз. Мекеме маңдайшаларындағы осындай мағынасыздықтар қашан түзетіліп жазылар екен?

Сәндібек ӘЛІБЕКОВ.

(«Коммунизм жолы», №62. 30 наурыз 1965 жыл).

Назардан тыс қалмауға тиіс

Ойыл ауданындағы «Жетікөл» совхозында өткен жылы жаңа құрылыстарға 178 мың сом жұмсалды. Бірқатар тұрғын үйлер мен мал қоралары пайдалануға берілді. Совхоз бойынша биыл да жаңа құрылыстар салу белгіленіп отыр. Дегенмен құрылыстардың даму қарқыны қажетімізді өтей алмай келеді. Шопандардың көпшілігі әліде жертөледе тұрады. Демек, тұрғын үйлерді көптеп салуға назар аударылса екен дейміз.

Совхоздың №1 фермасының орталығына жаңа клуб, монша, электр станциясын салу қажет-ақ. Не пайда, бұл мәселелер әзірге екінші кезекке қалдырылуда. Электр станциясының үйі үшін деп өткен жылы тас тасылған еді, кәзір ол шашылып және әркімнің өз қажетіне алуы нәтижесінде құрып кетті.

Мал қоралары қасында қыстан қалған шөп аз емес. Ал оны ешкім бақыламайды. Ферма меңгерушісі де шөптің ысырап болуын, мал шашып жатқанын көре тұрса да көрмегенсіп өте шығады. Әрине, бұған төзуге болмайды. Бүкіл совхоз көлеміне дәрігер біреу-ақ. Әрине, ол барынша қызмет етуде, кейбір науқас адамдарға қажетінше қамқорлықтар жасауда. Бірақ ол жалғыз болғандықтан совхоз көлемін  қамти алмайды.Сондықтан бірқатар науқас адамдар дәрігерлердің назарынан тыс қалады.

Н.ҚҰЛЕКЕШОВ.

(«Коммунизм жолы», №94. 14 мамыр 1965 жыл).

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

(Облыстық мемлекеттік архив мекемесінің материалдары бойынша әзірленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button