Пікір

Оң септігін тигізетініне үміттенеміз

Надежда ШАБАЕВА,

«Глобал» компаниялар тобының президенті

Жолдауды мен басшылық ететін компанияның барлық жұмысшылары тыңдады. Президенттің инновацияны дамытуға, сапалы өсімді қамтамасыз етуге ерекше тоқталғаны көңілімнен шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзінде шағын және орта бизнес өкілдеріне деген қамқорлықты күшейтіп, тарифтерді реттеу жайын тапсырғаны бізді, кәсіпкерлерді қуантты. Сонымен қатар, оның кәсіпкерлерді, әсіресе, шағын бизнес иелерін алдағы үш жылда салықтан босататын заң шығару керектігі жөнінде ұсынысы жақсы бастама деп ойлаймын. Жалпы, кәсіпкерлік нысандарды бейберекет тексеруді тоқтату керектігі жөнінде айтқаны да өте орынды. Бұл бізге жасалған үлкен қолдау деп білемін.

Жолдауда зейнетақы төлемдеріне қатысты да тың ұсыныстар айтылды. Бизнес-қауымдастықтың бұны қолдайтынына күмәнім жоқ.

Атаулы әлеуметтік көмектер, аз қамтылған отбасыларға демеу болу керектігі жөнінде жақсы айтылды. Өз басым көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларға кез келген көмектің көрсетілгенін, оларға жеңілдіктер барлық істе жасалу керектігін құптаймын. Қалталы азаматтар да бұл жағынан қалыс қалмаса екен деймін…

Мемлекет басшысының осы Жолдауы халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң септігін тигізеді деп үміттенемін. Барлық жоба-жоспарлардың енді тез арада жүзеге асуын тілеймін.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button