Пікір

Бизнес өкілдері сенімді ақтауы тиіс

Анар ДАРЖАНОВА,

өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры

Жұмысын жаңадан бастаған шағын кәсіпорындардың жан-жақтан көрсетілетін қысым салдарынан жабылып қалып жатқан жағдайлардың жиі болатынын тек отандық ғана емес, халықаралық тәжірибе де айғақтайды. Сондықтан, ісін жаңа бастаған микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан босату қазынаға аса кері әсер етпейді. Екінші жағынан, жас кәсіп иелерін салықтан босату олардың аз уақыттың ішінде аяқтан тік тұруына септігін тигізеді және экономиканың түрлі салаларында жаңа компаниялардың пайда болуына мүмкіндік береді. Осы тұста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша оқып, кәсібін бастаған немесе енді бастағалы жүрген жас кәсіпкерлер үшін де тиімді болары сөзсіз. Бұл жобалар бойынша оқыған кәсіпкерлер, негізінен, ауылдық жерлерде кәсіптерін бастап жатыр.

Президент жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босатуүшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Бұл жеке кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізеді. Жолдауда айтылғандай, мораторий кезеңінде бизнес өкілдері өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек.

Бүгінгі міндет — шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді дамыта отырып, олардың орта кәсіпкерлік деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік жасау. АҚШ, Қытай, Германия, Өзбекстан секілді шағын және орта бизнес саласы жақсы дамыған бірқатар елдерде жаңа кәсіпорындарды табыс салығынан босату үш жылдан бес жылға дейінгі мерзім аралығында.

Бизнес өкілдері өздеріне жасалған қамқорлыққа жауапкершілікпен қарауы тиіс, яғни, Президент Жолдауында айтылғандай, «тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс».Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылатыны да айтылды. Сондықтан, мемлекеттің, халықтың сенімін ақтау — парызымыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button