Жаңалықтар

Жұмыла жасайтын шаруалар

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын арнады. Мұны тыңдауға Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорыныңмәжіліс залына мүмкіндігі шектеулі бір топ азамат жиналды.

Тыңдап, көріп болған соң әуелі аталған қордың атқарушы директоры Гүлмирам Сражова бес бөлімнен тұратын Жолдаудың басты бағыттарын тағы бір қайталап, пысықтады. Сосын өзіне ұнаған тұстарына тоқталып өтті.

  • Президент Жолдауы — маңызды іс-шара. Біздер, мүгедек адам болсақ та, осы қоғамның бір бөлшегі екенімізді сезінуіміз үшін мұндай мемлекеттік маңызы бар шарадан тыс қала алмаймыз. Биылғы Жолдаудан бір тың өзгеріс, тосын жаңалық күтетініміз анық. Айталық, бізге ұнаған тұстарының бірі — халықпен кері байланыс орнату арқылы жұмыс істеу. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұны ә дегеннен-ақ өз қызметінде көрсетіп те келеді. Жолдауын тыңдағанымызда, оның халықтың арасындағы түрлі ой-пікірлерге де құлақ салатыны белгілі болды. Балалардың құқығын қорғауға қатысты жақсы реформалар енгізу керектігін баса айта кетті. Сонымен қатар, санкция алмаған митингілерге қатысты халықтың көңілін дұрыс жолға қою мақсатында оларды да бір жүйеге келтіруге тапсырма берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына да мән берді. Мүгедек балалар мен көпбалалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету мәселесін әрі қарай жалғастыру керектігі айтылды. Бұл Жолдауда айтылған тапсырмалар мен міндеттер тек  Президенттің ғана емес, бүкіл халықтың жұмыла көтеріп жасайтын шаруасы. Соған әліміз келгенше атсалысайық! — деді Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмирам Сражова.

Ал осы жерде отырып Жолдауды тыңдағандардың бірі — науқас бала тәрбиелеп отырған Ботагөз Дүйсекова. Ол өзімен тағдырлас, анығы, мүгедек балалардың ата-аналарының басын қосып, «Ғажап» қоғамдық бірлестігін ұйымдастырып келеді.

  • Президентіміз өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам мүгедек бала есепте тұр екен. Сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік жағынан қолдауды, бұрыннан гөрі жақсарту шараларын қолға алуды Үкіметке тапсырды. Мен өзім осындай науқас бала тәрбиелеп отырғандықтан да, Жолдаудың осы тұсына елең ете қалдым. Сосын Президент Үкіметке үш жыл ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Кезек күтіп жүргендердің саны 30 мыңның шамасында екен. «Үмітсіз шайтан» демей ме. Мен қазір жалға (аренда) берілген үйде тұрып жатырмын. Оның төлемін төлеу де соңғы уақыттарда қиын боп жүр. Балам жиі ауыратын болды. Жолдаудың осы тұсы көңілге медеу болып тұр. Мүмкін біз де тұрғын үйге ілігіп қалармыз, — дейді Ботагөз Дүйсекова.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әрқайсысы да қоғамдық шараларда белсенді. Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Дегенмен, мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі сақталатынын нығыздап айтты. Бұған да қомақты қаржы бөлінгені хабарланды. Арбада отырғандар бұны да көңілдеріне медеу тұтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button