Білім

Гимназия іске қосылды

1 қыркүйек күні Хромтау қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Өндірісті өлкеде бой көтерген №7 мектеп-гимназияның ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Рахат Сыдықов оқушылар мен ата-аналарды, мектеп ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, аудан орталығында жаңадан бой көтерген білім ордасына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол салтанатты шара барысында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мектеп-гимназияның интернатына келіп жатқан 20 оқушыға мектеп құралдарын табыс етті.

Мұнан соң дәстүр бойынша жаңа білім ордасының лентасы қиылып, облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ мектеп ғимаратын аралап, жай-күйімен танысты.

Құрылысын «Бабек-Құрылыс» ЖШС жүргізген білім ордасы 600 балаға арналған. Жалпы аумағы 27 880 шаршы метр аумақты алып жатқан мектеп-гимназиясы —  үш қабатты, жанында 100 орындық мектеп-интернаты бар. Білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Химия, физика, биология, нанотехнология кабинеттері заманауи талапқа сай интерактивті тақталар және мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар спортзалы мен кітапхана ресурстық орталығы, 150 орындық асхана мен 150 орындық акт залы да барлық талапқа сай.

— Жаңа мектеп-гимназиясының ашылуы қала мектептері арасында орын тапшылығын жоюға мүмкіндік беріп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасайды. 1 қыркүйек күнгі жағдай бойынша жаңа мектепке жалпы саны 400-ге жуық оқушы қабылданды. Ал 1-сыныпқа келген балалар саны — 50. Маман тапшылығы жоқ. Биыл оқуын аяқтап келген 4 жас мұғалім жұмысқа қабылданды. Қалған педагогтердің барлығы жоғары санатты мұғалімдер,— деді екі тілде білім беретін жаңа мектептің директоры Рустам Біржанов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button