Мереке

Алғада 60 орындық мектеп ашылды

Конституция күнінде Алға ауданының Жерұйық ауылында 60 балаға арналған жаңа мектеп халық игілігіне берілді. Негізгі мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. 

Бір қабатты мектептің іші асханамен, спорт залымен, оқу кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп аумағында негізгі ғимараттан бөлек демалыс орны, спорттық алаң,  оқу-тәжірибе және шаруашылық аумағы бар.

Алға ауданы әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжардың айтуынша, бүгінгі күні Жерұйық ауылын газбен жабдықтау жұмыстары қолға алынған.  Ауылдағы жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайтын бұрынғы мектеп ғимаратының бір бөлігін дәрігерлік амбулаторияға, ал екінші бөлігін жас мамандар үшін интернат ретінде жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, жаңа мектепке 5 жас маман қызметке келіпті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын мемлекеттік мереке- Конституция күнімен тұспа-тұс келген жаңа мектептің ашылу салтанатымен құттықтады.

-Балаларға заман талабына сай білім беру, технологияларды үйрету- басты міндетіміз. Еліміздің болашағы-жастарымызға сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осындай жаңа мектепте ұстаздардың  оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беретініне сенімім зор,-деді Оңдасын Оразалин.

Салтанатты шарада аталған нысанның құрылысын жүргізген «ҚазСтройСервис» ЖШС құрылтайшысы,  кәсіпкер Бақытжан Ержанов мектеп директоры Бибігүл Алтыбаеваға мектептің символикалық кілтімен қатар, музыкалық аппаратты сыйға тартты.

Мереке күні Жерұйық ауылының ақсақалы Ақметкерей Қосмағамбетов ауылдықтар атынан жергілікті билік басындағыларға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Облыс әкімі бастаған топ мектеп ішін аралап көріп, жылу қазандығының жұмысымен де танысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button