Басты жаңалықтарМереке

Мемлекеттіліктің басты заңы

30 тамыз Қазақстан Республикасы Конституциясы күні

Ұлы дала төсінде ежелгі заманнан қоныс тепкен қазақ елі тәуелсіздігіне қолы жетіп, мемлекеттілік мәртебесін алып, Ата Заңын бүкілхалықтық талқылау нәтижесінде қабылдағанына 24 жыл толғалы тұр. Яғни, әр қазақстандыққа аян — әр жылдың 30 тамызы тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды мереке – Конституция күні.

Конституция — әлемдік тарих аясында мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын басты құжат. Тек қана Конституцияда мемлекеттің құрылымы, азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары анықталады.

Тәуелсіз тарихымыздағы аса маңызды және құнды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі — Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Жадымызда ұстайтын бір жайт, қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі екендігі. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 24 жасқа толып отыр. Әрине, тарих хронологиясы өлшемінде бұл тым шектеулі мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей, заман талабына лайықтығын барынша дәлелдеп келеді.

Жарық көрген кезден бері бұл құжат әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі ретінде танылды. Біздің пайымдауымызша, бүгінгі Қазақстан биігінен бағалайтын болсақ, тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Тәуелсіз мемлекеттілігімізді бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң екені баршаға аян. Өткен жылдар Конституцияның ашық және демократиялық қоғамның негізгі принциптерін баянды етуге негіз болып келеді.

Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясының мәні мен маңызына  келетін болсақ, бұл — негізгі құжат. Тәуелсіздік табанындағы төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болса, оның біріншісі — мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі — экономикалық жүйені реформалау, ел Тәуелсіздігін сол кездегі уақытша дағдарыстан арылту, үшіншісі — жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншісі — ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін негіздерін Ата Заңда анық және айқын дәлелдеу болатын.

Осы төрт мақсат арнасындағы өзекті проблемаларды сипаттайтын баптар 1993 жылғы Конституцияда тым әлсіз және КСРО тұсындағы құжатқа алаңдаушылықта болды. Бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ екенін байқатты. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына орай, Конституцияның мазмұны нарықтық қатынастардың талаптарына толық сәйкес келмейтінін байқатты. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі Заң — Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін сипаттаған Ата заң екі қайтара түледі.

Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында қоғам объективті сан қилы пікірсайысқа кезікті. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген осындай тарихи заңнамалық құжаттарды мұқият сараптаудан өткізді. Жаңа мемлекет үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені — тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жетілдірудегі және демократияландырудағы қол жеткен жаңашылдықтарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс жағрафиясы Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды.

Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын заңгерлер тобы арнасында бес жылда жинақталған тәжірибе ескеріліп, ондағы негізгі басымдықтарды, мақсаттарды сараптап, оларға жетудің құралдарын игеруге тура келді. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды үйлестіруде табанды шаралар атқаруға тура келді. Бұл орайда алғашқы қадамдар жартыкеш, ымырашыл сипатта да болғаны ақиқат-ты.

Адамзат тарихына жүгінсек, кез келген жаңа істе болатыны сияқты, ақаулықтар да болды. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік өркениеттің тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін барша іс-қимыл, батыл шешімдер қабылданғанын көреміз. Қазақ жадындағы «Мың қосшыға — бір басшы» деген қағидат негізгі түйінін осыдан айқын көреміз.

Сөйтіп, қазіргі Елбасының тікелей қатысуымен әлемнің 20-дан астам өркениетті елдерінің Конституциялары зерттеліп, сарапталып, 1994 жылы Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасы тапсырылған. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалады. Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлер және Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылауына қатысқан.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы — 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілген. Ал «Қазақстандық жол» атты еңбекте «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», — деп көрсетілген.

Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден — қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден — экономикалық даму, үшіншіден — қазақстандық патриотизм, төртіншіден — маңызды мәселелерді халық референдумы және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі күре тамырлы қағидаттары болып саналады. Осы төрт мәселені Ата Заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алды десек дәл болар.

Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.

Сөз жоқ, Конституция пісіп-қатып қалған догма емес, ол – тұрақты даму, жетілу арнасындағы құжат. Нақты айтатын болсақ оның 19 бабына 1998, 2001, 2007, 2011 жылдары және 2017 жылдың 4 наурызында 26 өзгерістер мен түзетулер енгізілген. 2017 жылдың наурызында Республика Парламенті палаталарының біріккен отырысында Қауіпсіздік Комитеті Қазақстанның басты конституциялық органы етіп бекітілген және оның міндеттері анықталған.

Ал 2018 жылдың маусымында республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты Қауіпсіздік комитетінің мәңгі төрағалығы туралы заңды бекітті.

Сонымен Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол сілтеп, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі Заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп, қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы екені баршаға аян.

Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің нығаюындағы жетістіктердің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр.

            Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button