Басты жаңалықтар

«Qarg’aly fest-2019»: тегін билет, байқау және отшашу

Ақтөбеде алғаш рет «Qarg’alyfest-2019» халықаралық туристік фестивалі өтті. «Greenland» демалыс кешенінде өткен фестивальға қала тұрғындарымен қатар Ресейдің Орск, Орынбор, сондай-ақ еліміздің Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан жүздеген адам келді. 

Кең көлемде ұйымдастырылған фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары «Non stop» концерттік бағдарламасын тамашалап, аударыспақ, теңге алу, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізді.

Сондай-ақ жергілікті спортшылар бодибилдинг, каратэ, т.б. спорт түрлерінен өнер көрсетіп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Фестивальға келген балаларға арнайы анимациялық бағдарламалар әзірленіп,«Pena party» және «Holly» бояулар сайысы өткізілді. Демалушылар шеберлік кластарына қатысып, қолөнер жәрмеңкесін аралады.

Аталған фестивальға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысып, жиналған жұртшылыққа жүрекжарды лебізін жеткізді.

Бұл фестивальдің басты мақсаты — өңірдегі туризмді дамыту. Ол үшін облысқа келген туристер мен қала тұрғындарына барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда біз туризмді дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеп, бүгін, міне, халықаралық деңгейде үлкен фестиваль өткізіп жатырмыз. Осы шараның өтуіне атсалысқан барлық тұрғындар мен қала жастарына облыс басшылығы атынан алғысымды білдіремін, — деді ол.

Облыстықкәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы Жанна Баймұхамбетованың айтуынша, мұндай фестиваль Батыс Қазақстан өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

— Мұндай шара өңірдегі туризм саласының дамуына үлкен серпін береді. Алдағы уақытта аталған фестиваль Қарғалы су қоймасының аумағында табиғат аясында өткізілмек. Бүгінде осы мақсатта демеушілердің қолдауымен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қарғалының әсем табиғатын насихаттау үшін бүгінгі шараға көршілес жатқан Ресей жерінен, атап айтсақ, Орынбор, Орск қалаларынан демалушыларды шақырып, олардың Ақтөбеге дейін тегін келуін ұйымдастырдық. Сондай-ақ еліміздің батыс өңірінен келушілер де аз емес. Фестиваль аясында ересектерге де, балаларға да барлық жағдай жасалды. Келушілер өз уақыттарын көңілді, қызықты өткізіп жатыр. Ең бастысы, қонақтарымыз біздің әсем табиғатымызды тамашалап, суға түсіп, таза ауада серуендеп, уақытын тиімді өткізуде, — деді ол.

Айта кету керек, бұл күні облыс әкімдігі жанында орналасқан «Айна» сауда үйінен «Greenland» демалыс кешеніне дейін әрбір 1,5 сағат сайын тегін автобус ұйымдастырылып, демалушыларға барлық жағдай жасалды.

Ал кешқұрым жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт өткізіліп, әртүрлі байқаулар ұйымдастырылды.

Фестиваль соңында қалатұрғындары мен қонақтары отшашуды тамашалады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button