Ақтөбе — 150Мәдениет

Бас жүлде — нұрсұлтандық Мейіржанда!

Сенбі күні Өнер орталығында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ІІІ республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы өтті.

Байқауға Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары және Семей,Нұр-Сұлтан қалаларынан барлығы 22 үміткер қатысты. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар 1-кезеңде Ақтөбе өңірінен шыққан даңқты өнер иелері, атап айтсақ, Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Наурызбек жырау Нұржаубайұлы, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, Шернияз Жарылғасұлы, Бәкір Тәжібаев және т.б ақын-жыраулардың, сазгерлердің шығармаларын орындаса, 2-кезеңде өз қалауы бойынша еркін тақырыпта ән айтты.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мейіржан Самылтыров жеңіп алды. Ал І орынды қостанайлық Мерімхан Назарханов пен оралдық  Тарас Жауымбаев өзара бөліссе, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдын Жұмабаев пен Сұлтан Кеңшілік иеленді. Сондай-ақ ІІІ орын атыраулық Бақтоты Какимова, ырғыздық Ерасыл Болат және ақтөбелік Нұржан Оразовқа бұйырды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша 4 үміткерге «дипломант» атағы берілді. Олар: семейлік Парасат Отан, ақтөбелік Лаура Таусарова, Аида Оразова және Гүлхан Бөрібасова.

Шараның соңында өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті.

Айта кету керек, аталған байқауда қатысушылардың өнерін белгілі композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Бейбіт Оралұлы бастаған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында белгілі әнші Гаухар Қаспақова, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ақын Бауыржан Бабажанұлы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов бар.

 Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button