Жанды дауысты жаңғыртқан концерт
Ақтөбе қаласының«Астана» саябағында ашық аспан аясында «Наурыз» тобының, сонымен бірге шоумен, музыканттардың қатысуымен концерттік іс-шара ұйымдастырылды. Акция ретінде өтіп жатқан шара қаланың 150 жылдық мерейтойына арналып өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Концерттік бағдарламалар 1 шілдеден бастап екі ай қатарынан қала тұрғындарының назарына тегін ұсынылып келеді. Өткізіліп жатқан іс-шараның мақсаты – жұмыс уақытынан тыс кезде тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жастардың мәдениетке, өнерге қызығушылығын арттыру.
Қаладағы 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жастарға бар, би кештері, мейрамхана секілді көңіл көтеру орындарында жүруге тыйым салынған. Ал осындай іс-шаралар жастардың қаламыздағы музыкалық топтарды, өнер саласының мамандарын жетік тануға, музыканың рок, джаз, фольклор, ретро сияқты жекелеген түрлерін білуіне мүмкіндік жасайды.
Бұл идеяны қолдап, жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткендер — қалалық әкімшілік, қалалық мәдениет бөлімі және мәдениет үйі. Ақтөбе қаласындағы эстрадалық өнердің ардагерлерінен құралған «Наурыз» тобы, «Арт-Тұмар» триосы, жекелеген өнерпаздардан облысқа есімі белгілі белсенділер — шоумен Мұрат Бимағамбетов, күйші Асылбек Кенегесов, музыкалық аспаптарды жетік меңгерген Әлібек Ынтағали көрермендерді қазіргі және бұрынғы әндермен, күймен серпілтіп тастады.
Мұндай форматтағы іс-шаралар өнер саласында төр төгіп жүрген жандарға халық алдындағы танымалдылығын арттырып қана қоймай, музыкаға жаны құштар лайықты ізбасарлар даярлап шығаруға жол ашатыны сөзсіз. Жалпы, эстрадалық ансамбль, эстрадалық фольклор, қазақтың ұлттық аспаптары арқылы тыңдарманның жүрегіне жол тарту дұрыс жолға қойылған мәселе. Бұл сөзімізге қалалық мәдениет бөлімінің басы-қасында жүрген мамандардың сөзі дәлел.
—Бұл шараларды тұрғындардың жаз кезінде уақытын тиімді пайдалану, оның ішінде жастарды жаман әдеттерден сақтандыру мақсатында өткізіп отырмыз. Осы жерде жанды дауыста орындалған шығармалар түрлі жанрда өтті. Бұған дейін оркестр болды, хореография өнер көрсетті. Бүгін «Наурыз» тобы өз репертуарларында бар Шәмші Қалдаяқовтың, «Дос-Мұқасан» секілді елге есімдері белгілі өнер иелерінің туындыларын ұсынды, 70-80 жылдардың әндері, ата-әжелеріміз сүйіп тыңдайтын әуендер орындалуда. Бұл жерде тек музыкалық жанр ғана емес, сурет жанры да болды. Дәстүрлі әндерді де жұртшылыққа ұсынбақпыз. Облыстық филармонияның жанынан құрылған ұлттық аспапта ойнайтын ансамбльдер алдағы уақытта өз өнерлерін көрсетпек, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова.
Акция ретінде ұйымдастырылып жатқан жоба тамыздың соңына дейін жалғасады. Екі айға созылған іс-шараның қорытынды концерті дәл осы «Астана» саябағында өтеді.
Бекет АЙСҰЛТАН,
Ақтөбе қаласы.