АуылБасты жаңалықтар

Қарабұтақтағы берекелі істер

Қарабұтақ ауылдық округі — облыс орталығынан 220, ал аудан орталығынан 85 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен.Қарабұтақ жері — аса бай, сулы, нулы, құрақты көлдері бар байтақ дала. Бүгінде округ құрамында Қарабұтақ, Белқопа, Жарөткел, Еңбекту ауылдары бар. Оларда жалпы саны 3187 адам тұрады. Бұл округте мал шаруашылығы жақсы дамыған.

Қожалықтар мен бригадалар

Қарабұтақ ауылдық округі әкімдігінің бөлім басшысы Сәлім Уайысбаевтың айтуынша, бүгінде округте 30-дан астам шаруа қожалығы бар. Оның ішінде биылғы жылы «Ғалымжан» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен 52 млн несие алып, 81 ірі қара алуға құжат тапсырса, «Әділет» шаруа қожалығы 12 млн теңге несиеге 24 асылтұқымды ірі қара сатып алған. Сондай-ақ тамыз айында «Қарабұтақ» ЖШС 250 қой сатып алса, «Руслан» шаруа қожалығы 10 ірі қара алуға құжат тапсырған. Ал «Аслан» шаруа қожалығы округте қой шаруашылығын дамыту мақсатында 282 қой, 10 қошқар алып,  малға жем-шөп дайындау үшін 3 млн теңгеге жаңа техника сатып алған.

Қазіргі таңда округте шөп шабу науқаны жүріп жатыр. Шаруашылықтардың барлығы қысқы мал азығын дайындап, қызу еңбек етуде. Бүгінде округ бойынша 15 шөп дайындау бригадасы жұмыс жасап жатыр. Округ бойынша 1,5 жылдық мал азығын дайындау қажеттілігі 21 500 тоннаны құрап отыр. Бүгінгі күні округ бойынша 2,8 мың тонна шөп жиналды. Жалпы биылғы шөптің өнімділігі — 3,0 центнер, — дейді С.Уайысбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні округте кәсіпкерлік саласы жақсы дамуда. Атап айтсақ, биылғы жылдың мамыр айында Әйтеке би аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер», «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 6 адам оқу курсынан өтіп, сертификатқа ие болған. Солардың бірі — оқу курсы арқылы 252 мың теңге грант ұтып алған округ тұрғыны Г.Ағелеуова. Ол алдағы уақытта тігін шеберханасын ашуды көздеп отыр. Ал өткен жылы округ бойынша 93 жеке кәсіпкерөз кәсібін ашқан. Бүгінде оның 36-сы халыққа қызмет көрсетіп отырса, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 8 адам әртүрлі мамандық (тігінші, тракторшы, жөндеуші, дәнекерлеуші) бойынша оқып, куәлік алған.

Өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен «Бастау» жобасы аясында Қарабұтақ ауылында 40 адам сертификат алса, «Zһas Project» бағдарламасы бойынша Қарабұтақ ауылының тұрғыны М.Байниязов 1 млн теңге грант ұтып алған. Сондай-ақ жеке кәсіпкер А.Боранбаева «Бизнестің жол картасы —2020» бағдарламасы арқылы кәсібін кеңейту үшін 1,5 млн теңге несие алыпты.

— Ауылымыз күннен-күнге көркейіп, шаруашылықтар мен кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Еңбек еткен адамға ешқандай кедергі жоқ. Әсіресе, жастар арасында бағдарламаға қатысып, өз кәсібін ашып жатқандар көп, — дейді С.Уайысбаев.

Алмагүлдің донері

Қарабұтақ ауылының тұрғыны Анаргүл Бимағанбетова жуырда округ орталығынан фаст-фуд өнімдерін сататын «Мансур» кафесін ашты. Мұнда жеке кәсіпкер ауыл тұрғындарына донер, пицца, фри өнімдерін сатады. Бағасы қолжетімді. Әсіресе, жастар көп келетін бұл кафеде қазір үш адам жұмыс жасайды.

Мемлекеттен 500 мың теңге несие алып, өз кәсібін ашқан Анаргүл көптен бері сауда орнын ашуды жоспарлағанын айтады.

— Негізгі мамандығым — есепші. Алайда бұған дейін өз мамандығым бойынша жұмыс жасаған жоқпын. Биыл несие алып, жеке кәсіп ашуды ойладым. Бұған дейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалына барып, өз жоспарыммен бөліскенмін. Алайда ол жақтан қолдау болмаған соң, банк арқылы несие алуды жөн көрдім. Міне, өткен аптада кафемізді салтанатты түрде ашып, жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі жастар сүйіп жейтін донер, фри, пицца өнімдерін дайындаймыз.Сондай-ақ кафеде сусынның түр-түрі бар. Кез келген тұтынушыға есігіміз айқара ашық, — дейді жеке кәсіпкер.

Алмагүл кафеге керекті азық-түлік түрлерін әзірге ауылдағы дүкендерден алып отыр. Алдағы уақытта кәсіпкер қажетті өнімдерді облыс орталығынан алдырмақ.

Айта кету керек, «Мансур» кафесі түскі 12-ден түнгі 1-ге дейін жұмыс жасайды. Мұнда ауыл тұрғындарының, жастардың емін-еркін отырып тамақтануына, әңгіме-дүкен құруына барлық жағдай жасалған.

Кәсіпкер тарту еткен саябақ

Қарабұтақ ауылында «Әкелер» саябағы бар. Оны «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы ауылдан шыққан кәсіпкер Қайрат Қойлыбаев салып берген. Бүгінде саябақта субұрқақ, мәдени шаралар өтетін үлкен сахна, балалар ойын алаңы, сондай-ақ

«Қарабұтақтың атақты тұлғалары» атты стенд орналасқан. Жоба құны — 20 млн теңге.

Саябақтың жалпы аумағы — 1 гектар.

Биыл аталған саябақ аумағына «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі үйеңкі, сүмбіл терек, қарағай, т.б. ағаш түрлерін еккен.

Қарабұтақ ауылдық округі әкімдігінің бөлім басшысы Сәлім Уайысбаевтың айтуынша, алдағы уақытта саябаққа осы ауылдан шыққан ақын-жазушыларға арналып бюст орнатылады, сондай-ақ саябақ аумағына сәндік ағаштар егіледі.

— «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылымызға саябақ салып берген белгілі кәсіпкер Қайрат Қойлыбаевқа тұрғындар дән риза. Қазіргі таңда балалар алаңға келіп ойнап, уақытын қызықты өткізсе, тұрғындар келіп демалады. Алдағы уақытта саябақты одан әрі көркейту үшін бірқатар жұмыстар жоспарлануда, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button