Денсаулық

ЖҮРЕК АУРУЫ ЖАСАРЫП БАРАДЫ

Ілгеріде елімізде онкологиялық және құрт ауруы алдыңғы орында тұрса, қазір жүрек-қан тамыр ауруы бірінші орынды алады. Бүгінде әрбір оныншы адам осы дертке шалдыққан.

Сонымен…

Күйзеліс ауруға шалдықтырады

Жүрек-қан тамыр ауруларының холестериннен пайда болатыны рас-ақ. Дегенмен,  ілгеріде ата-бабаларымыз холестеринге бай семіз малдың майлы етін жеп, қымыз бен шұбат ішкен. Алайда оларды жүрек ауруынан үздіксіз қозғалыс пен тынымсыз еңбек сақтап отырған. Өйткені тамақты көп ішкенмен, көп қозғалыста болғандықтан ағзадағы зат алмасу тепе-теңдігі бұзылмайды екен. Ал қазір астың құрамы өзгеріп, қозғалыс азайды. Бұған қоса адамдардың жүйкесіне экологиялық зардаптар мен әлеуметтік проблемалар көп жүк түсіретіні анық. Осының барлығы жүрек қызметінің бұзылуына әкеліп соғып отыр.

Соңғы кезде еліміздің кейбір ғалымдары жүрек ауруларының өршу себебіне холестерин жатпайтынын айтады. Негізгі фактор — жүйке күйзелісі. Өйткені ежелден көшпелі, сайын даланы еркін кезген азат халық, гендік тұрғыдан мұндай күйзелістен қорғанып дағдыланбаған. Сондықтан жүрек ауруына шалдығудың бір себебі осы екен. Әрине, күйзелістің өзге де ауруларды өршітетіні анық.

Облыстық «Жедел жәрдем» ауруханасының кардиологы Роза Төлеуова аурудың пайда болу себебі көптігін, мұның алдымен ішкен асқа байланысты екенін жеткізді. Қазір барлық тамақ түрі түрлі жасанды қоспалар арқылы дайындалады. Әсіресе, құрамында концентраты көп өнімдердің қатары көбейді. Мәселен, кәуап, фасфуд, колбаса, кока-кола, ходдогтар түрлі жасанды дәмдеуіштер арқылы әзірленсе,  тауық етінің сырты тұнған холестерин екен. Бұндай тамақтар ағзаға тез сіңіп, адамды тез тойдырғанмен, аз уақыттан кейін қайтадан тамақ іздетеді. Қазір әрбір екінші адамда артық салмақ бар екенін ескерсек, тойып тамақ жеу, көп қимылдамау қан айналымы жүйесін бұзып, семіздікке душар етеді.

— Семіздік қант диабетіне шалдықтырады. Бұндай дертке душар болған адам міндетті түрде жоғары  қан қысымы ауруымен ауырады.

Жүрек-қан тамыр ауруына тұқымқуалаушылықтың да әсері бар. Бірақ бұл әкесі ауырса баласы да ауырады деген сөз емес. Яғни баланың аталған ауруға бейімділігі көп болады. Егер, денсаулығына мән беріп, ішімдік пен шылым шегуден сақтанса, сырқатқа шалдықпауы да  мүмкін. Өйткені ішімдік пен шылым шегу — ауруға бастайтын бірден —  бір  жол, — деді ол.

Жүрек-қан тамыр ауруы, қан қысымының көтерілуі ағзада эн­докриндік жүйенің бұзылуынан, бүйрек ауруынан, сүйек, буын, жүйке ауруларының асқынуынан да пайда болуы мүмкін.  Мәселен, түрлі жарақаттар мен эндокриндік өз­ге­рістер (климактериялық кезең), ас тұзын көп қолдану қан қысымын көтереді. Әсіресе, адамның жасы ұлғайған сайын қан қысымының артуы байқалады. Өйткені ағзадағы кез келген ауру та­мырға өз әсерін тигізеді. Қан қы­сымы көтерілгенде, ұсақ тамырға қанның өтуі қиындайды. Жалпы, қалыпты жағдайда жас ерек­ше­лігіне қарай, қан қысымы сынап бағанасы бойынша 130/90 мм болуы керек.

Қан қысымы жүрек ауруына апарады

Адам ағзасындағы қан қысымының жоғарылауы қан тамырларының тарылуынан басталады. Яғни тамыр ішіндегі май қалыңдап, қан айналымы жүйесін бұзады. Бұл өз кезегінде жүрек қызметіне зиян келтіреді. Ол қозғалыс кезінде тарылып, қалады да, денеге салмақ түсірмегенде қалыпты жағдайға көшеді.  Ал адам күйзеліске ұшырағанда немесе жүгіргенде тамыр тарылып қан келмей қалады. Роза Төлеуованың айтуынша, бұл сырқатқа ер адамдар жиі шалдығады екен. Өйткені оларда андрагена гормоны болады. Мәселен, адамның көңіл күйі бұзылғанда ағза адреналин гормонын бөліп шығарады. Осы кезде ер адамдардағы андрагена гормоны да көбейеді. Бұл қалыпты жағдай болып саналғанмен, қан тамыры тарылған адамдардың қан қысымын көтеріп жібереді.  Осы жағдай қайталана берсе, уақыт өте келе адам жоғарғы қан қысымы ауруына шалдығады екен. Ал әйелдердің эстрогендік гормондары жүректі қорғайды. Сондықтан әйелдердің аталған дертке бейімділігі елу жастан  асқаннан кейін ғана артады.

Жалпы, жүрек ишемия ауруы тікелей қан қысымына байланысты.  Егер дер кезінде емдемесе бүйректің, жүректің қалыпты қызметі бұзылады. Жүрек кеңейіп, қан келмей қалады да сол маңай жансызданады.  Яғни бұл инфарктіге әкеліп соқтырады. Бұндай жағдай мида да орын алады. Мәселен, әрбір қан тамырының атқаратын өз қызметі бар. Егер бір тамырдың қызметі бұзылса, миға қан бармай, адам инсультқа ұшырауы мүмкін. Бұндай кезде бауырдың, бүйректің қызметі нашарлап, уақытында емделмесе, аяқ ісіп, жүрек әлсірейді екен.

— Бұндай жағдайға жеткенде біз ештеңе жасай алмаймыз. Тек адам өмірін сақтап қалуға күш саламыз. Сондықтан азаматтарға аурудың алдын алуды ескертеміз.

Менің осы салада еңбек еткеніме отыз жылдан асты. Байқағаным — соңғы жылдары жүрек-қан тамыр аурулары жасарып әрі көбейіп барады. Жиырма бес жастағы  жігіттер де осы дертке шалдығуда. Мәселен, ауруханада 2008 жылы 3400 адам емделсе, өткен жылы 3600 адам жатып шықты.  Ал  2008 жылы 150 адам осы дерттен  қайтыс болса, былтыр 164 адам көз жұмды. Демек, жыл сайын аурудың саны көбейіп барады. Сондықтан азаматтарға салауатты өмір салтын ұстану керектігін, көліктен түсіп, жаяу жүру қажеттігін, кез келген жағдайға сабырмен қарағаны мақұл екенін айтып отырамыз.  Өйткені күйзеліс қан қысымын көтерсе, қозғалыс тамыр жұмысын жақсартады. Тамақты көп жеген сайын қозғалысты да үдету керек. Артық салмақтан арылған жөн.  Сондай-ақ адамдар психологиялық тұрғыдан өздерін қолға алуы керек. Көп ашуланбаған жөн. Аурудың барлығы жүйке жұмысының бұзылуынан туындайды, — деді Роза Жақсылыққызы.

Ота қай кезде жасалады?

Жүрек ишемия ауруларына шалдыққан кейбір азаматтарға ота жасалады. Отаны жасамас бұрын нақты диагноз анықталып, адамның денсаулығы тексеріледі.

Жүрегі ауыратын кез келген адамға ота жасалмайды. Сондықтан біз науқастарды ауруына қарай іріктеп, коронароангиографияға түсіреміз. Коронароангиография жүрек қан тамырларының қандай деңгейде тарылғанын, ота жасау керек пе немесе қажет емес пе, осыны анықтауға мүмкіндік береді. Ота жасауға болмайтын аурулар дәрі-дәрмекпен емделсе, кейбіреулерінің тамыры кеңейтіледі немесе қосымша тамыр жалғанады. Жалпы, азаматтар қала сыртындағы М. Оспанов атындағы медицина орталығында  орналасқан коронароангиографияға ақысыз түседі. Өйткені орталық пен мекеменің арасында келсім жасалған. Ал отаны кардиологиялық  орталық жасайды. Аса күрделі ота болса Астана қаласына квота арқылы жіберіледі, — деді Роза Төлеуова.

Мәселен, былтыр ауруханадан барған 9 адамға ота жасалыпты. Дәрігердің айтуынша коронароангиографияның денсаулыққа зияны жоқ. Алайда иодқа аллергиясы бар және созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын адамдардың аппаратқа түсуіне болмайды. Өйткені коронароангиография  кезінде тамырға ағзадағы шлакты көбейтетін сұйықтық жіберіледі. Ал созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен сырқаттанған адамдарда онысыз да шлак көп болғандықтан, тексеру кезінде ауруды асқындырады екен.

Аптап жүрекке зиян

Дәрігерлер аурудың асқынуына ауа райының ерекше әсер ететінін айтады. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, еліміз бойынша  аталған ауруға іліккендердің алдыңғы қатарында оңтүстік өңірдің азаматтары тұр. Яғни ыстық күн адамның жүйкесіне салмақ түсіріп, әлсіретеді.

Ыстық күн дені сау адамға да кері әсерін тигізеді. Ал қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын адамдар үшін аса қауіпті. Өйткені ыстық кезде адам суды көп ішіп, ағзадағы қажетті тұздарды жоғалтуы мүмкін. Сондықтан аптапта аурулар сыртқа шықпағаны жөн. Күннің ыстығында  қалпақ, мақтадан жасалған киім киген абзал. Өйткені синтетика ауа жібермейді әрі жүрек жұмысын әлсіретеді. Мәселен, шілденің ыстық күндері ауруханаға күніне жедел жәрдем көлігімен 15-20 адамға дейін келетін. Бөлім 85 керуетке негізделгенмен, сыймағандар дәлізде жатты, — дейді кардиолог.

Ыстық күні сұйықтықты көп ішу қанды қоюлатып, ишемиялық жүрек ауруларын қоздырады. Сондықтан мөлшермен салқын көк шай, су ішкен тиімді. Сұйықтықты шамадан асырып ішуге болмайды. Айта кететін бір нәрсе, ыстық күндері азаматтар салқын сыра ішкенді тәуір көреді. Ал Роза Төлеуова сыраның құрамындағы ашытқы  «Сыра жүрегі» ауруына шалдықтыратынын айтты. Яғни жүрек кеңейіп, жұмысын нашарлатады екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Вырезка.

Адамда қан қы­сы­мының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болады. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көр­се­тетін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы. Үшінші саты — өте қауіпті.

Холестерин – ағзаның бірқалып­ты жұмыс істеуіне пай­дасын тигізетін құрамдас бөлік болғанымен, оны артық пайдалану артериялық тамырлардың ішіне майлы заттардың жиналып, жү­ректің ишемиялық ауруының қауіп-қатерін шұғыл өсіреді.

Сондықтан ет тағамдарын азайтып, қуырылған тағамдарға мүлдем жоламаңыз. Майы аз сүт және өсімдіктен дайындалатын тағамдарға көңіл қойыңыз. Тұзды тағам жемеңіз. Егер астың дәмін келтіргіңіз келсе, бұ­рышты, лимон шырынын немесе тұз­дың орнына дәм­деуіш­ті пайдаланыңыз. Тәу­лігіне ең көп дегенде ас тұзының 5 грамын немесе 1 шай қасығын пайдалануға болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button