Әдебиет

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ.

ӨСИЕТ

Ата-анаң да осы күнге жеткізген,

Уақыт келіп сол баяғы кетті ізбен.

Рухы үшін о дүниеде солардың,

Сен өзіңді кем санама ешкімнен!

 

Шаппағанмен қас жауыңа атойлап,

Шыңдаса өмір мінезің де қатаймақ.

Досың күліп қол алса да жарқылдай,

Жанарыңда тұрсын әркез от ойнап.

 

Мейірімділік танытсаң да баршаға,

Ұқпады деп кек санама, шаршама.

Міне, осындай бос кеуделер алдында,

Сен өзіңді патша сана, хан сана.

 

Келді біздің батыр десін ой, қасқа,

Топ ішінен суырылып той баста.

Жүзі солғын, мойнына су кеткен,

Жамандармен босағаға жайғаспа.

 

Салып жақсы, жайсаңдарға көзіңді,

Дүйім жұртқа тыңдата біл сөзіңді.

Достарың да мақтай қоймас ешқашан,

Сал-серідей көрсетпесең өзіңді.

 

Ала-құла жаратпайды пендені,

Біреулер жүр құрығандай дәрмені.

Тек құлқыны, қарын қамы, өмірге —

Белгісіздеу келмегені, келгені.

 

Сөздің кейде байыбына бармастан,

Жігіттер бар отызында алжасқан.

Сол байғұстан өнерді әсте түртпейтін,

Бір сабазың жыр сұрапты Олжастан.

 

Қиял ұшқыр, жету қиын білемін,

Отан-ана аман болсын тірегің.

Тау қопарып тастар ем деп өкінбе,

Қажымұқанның бермеді деп білегін.

 

Мынау өмір сапырылысқан тасқында,

Ойлан бір сәт өз орнымды таптым ба?

Бола алмадым Бауыржандай батыр деп,

Желкілдеген талабыңды тасқа ұрма.

 

Тас тықса да қойнына ықпа да,

Өз үйіңді пейіштейін құт сана.

Қай кезде де биік ұста еңсеңді,

Бағаңды біл, сен ешкімге ұқсама!

 

Айт сөзіңді шекпендіден именбе,

Ірі тура, үйір болма күйбеңге.

Алтын басың Қадыр айтқан иілсін,

Туған жердің топырағын сүйгенде.

 

Бұл тірлікте серттеріңді өтеңдер,

Жігер отын сөндірмеңдер, көсеңдер.

Ата-ананың рухы үшін жігіттер,

Ұлым бар деп тыныш жатсын десеңдер!

 

ӘЙЕЛДЕР

Сол қағида қалай ғана көнермек,

Бұл мадақтау емес әсте, жәй ермек.

Босағаңның тұтқасы әрі ұйытқысы,

Мен айтар ем жалғыз ғана әйел деп!

 

Жапырылар ана алдында күштілер,

Өнерлі  әйел ою ойып, іс тігер.

Әйел болса ошағыңда сөнбейді от,

Әйел болса «төрт құбылаң түп-түгел».

 

Ғашық етіп, билеп барлық санаңды,

Әлпештеумен өсіреді балаңды.

Қатарыңнан кем қылмайды әрдайым,

Кірлетпейді ешуақытта жағаңды.

 

Сол арқылы беделдісің сен елге,

Ол демесе алға жылжыр кемең де.

Дау айтар ем «алтын басты әйелден,

Бақа басты еркек артық» дегенге.

 

«Еркектерге қараған күн құрысын»,

Оларға жат өсек-аяң, ұрысың.

Дөңгелентіп жүрген әйел қаншама,

Үйдің емес түздің қара жұмысын.

 

Балапанын ертіп келе жатады,

Киім де іздеп сарсылмайды оқалы.

Еркекке емес, өздеріне берілген,

Батыр деген жетіп жатыр атағы.

 

Сен әйелді жеңемін деп тырыспа,

Үйде болсын, көшеде ме, жұмыста.

Осалдығың салғыласып тұрғаның,

Еркек болсаң түсірме еңсе, тік ұста!

 

 

Заман өткен айқайыңмен ықтырар,

Сен кейісең жанарында шық тұрар.

Жаман еркек күң етіп жүр сұлуын,

Сүйген жарын ханым дейді мықтылар.

 

Басы ауырса сауалына сай емде,

Жақсылығын айтып отыр, жай елге.

Сенің қолдап, қолпаштауың қажет-ақ,

«Құлағымен сүйетін сол әйелге!»

 

Келешектен үзбей ешбір үмітін,

Саулығыңды тілеп шығар күні-түн.

Жүрегіне соның қылау түсіріп,

Өкпелетіп алып жүрме, жігітім.

 

ОРАЛУ

 

Шаршадым демей жүрсең де ұзақ түн қатып,

Ыңылдап ән де айтасың жұртқа тыңдатып.

Алыс сапардан сағынышыңды арқалап,

Өз босағаңа оралған сәтің бір бақыт!

 

Келесің батыл  өзіңе  таныс  көшеңмен,

Демейсің сен де парызым толық өтелген.

«Туған жердің де түтіні тәтті екен» деп,

Аталарымыз айтпаған шығар бекерден.

 

Жаныңа дәру осы үйден ғана табасың,

Сезесің іштей қимас жандардың бағасын.

Өзіңе таныс тұтқаны үнсіз сипалап,

Есікті жайлап таныс әуенмен қағасың.

 

Ашылған бойда-ақ ортаға  жеттің үш аттап,

Балаға деген махаббатыңның түсі аппақ.

«Алақай, әкем келді!» деп шыққан алдыңнан,

Қошақандарды көтеріп алдың құшақтап.

 

«Қайдасың, қарғам, қойды ғой тіпті күн өтпей,

Ертерек келсең болмай ма бізді жүдетпей?»

Деп қойып анаң төргі бөлмеден келеді,

Қолыңды қысар қолымен әкең күректей.

 

Көрген соң сені тұра алар, қалай бөгелмек,

Жолыңды сенің тосқан жан болса елеңдеп.

Көзінде жасы, жасырмай ішкі сезімін,

Жарың тұр менің кезегім қашан келер деп.

 

Оқимыз қазір баспасөз беті, деректен,

Қонақүйге сап мәпелеудің де кезі өткен.

Түсінем, інім, ашқұрсақ етіп олар да,

Өгейсіп сені теппеген шығар өзектен.

 

 

Топтасты халқым бірлікті қолдан шығармай,

Жоқ шығар елде шық бермейтұғын Шығайбай.

Аузына тосып жылысын әрі жұмсағын,

Қазағым менің қонағын күтер құдайдай.

 

Ұшқалы тұрсың байыз таппай сен орныңда,

Сезе ме достар қал дейді бұрып қалжыңға.

Қыз-келіншектер күлімдеп тұрып ұсынар,

Сәлем-сауқатты дайындап қойған қоржынға.

 

Шығарып салып салтанатпенен сырнайлы,

Қош-қош деп бәрі қолдарын ұзақ бұлғайды.

Қазы мен қарта, жал-жая жедің, жоқ есте –

Үйіңнен ішкен қара шайыңа тұрмайды.

 

АҚТӨБЕ  АЭРОПОРТЫНДА

 

Зеңгір көкке ұшу болса арманым,

Алып лайнер Алматымен  жалғадың.

Есімде әлі, Ақтөбеде, ақпанда,

Қолда билет, бірақ ұшпай қалғаным.

 

Сол жылдардың тамашалап ағысын,

Кері оралсам өтірігі жоқ, бәрі шын.

Бір жолаушы кешігуде, қайда деп,

Микрофон үні кернеп кетті зал ішін.

 

Не жасадық, оған терең үңілдік,

Дей алмаспыз, әрі-бері жүгірдік.

Бізді танып қалатындай екеуміз,

Телефонның будкасына тығылдық.

 

Алматым да бесігі ғой ән-жырдың,

Сонда да өтпей қояды-ау деп әрбір күн.

Қимастық па, жүрек лүп-лүп, келмеді,

Аэропортта сені жалғыз қалдырғым.

 

Жемесек те таяғы мен тепкісін,

Әке қалай айтар ұлға естісің.

Автобусқа отырмастан қар кешіп,

Дәу чемодан, үйге оралдық кешкісін.

 

Алмасса да уақыт жылжып, күн мен ай,

Бәрін-бәрін ұмытайық біз қалай?

Дүниемді ішкі шуағымен жылытқан,

Романтикаға толы жылдар-ай!

 

ӨМІР

 

Сыйласайық, ағайындар, бар шыным,

Құймайықшы көңілдерге тамшы мұң.

Мынау өмір бәрімізге шектеулі,

Қысқа ғана сабындай ғой қамшының.

 

Байлық деген бой үйретіп тасқынға,

Мақтанбағын сен біреуден астың ба?

Дұшпаныңа алдырмайтын қашанда,

Айналаңа тума-туыс, дос жина!

 

Отырғандай сусыз, шөлейт тақырда,

Жоқшылыққа бастап бәрін шақырма.

Бойға сіңер күліп ішкен тамағың,

Адалдықпен тапқан еңбекақың да.

 

Былапыт сөз бітемесін көмейді,

Көрсетпесең өзіңді кім елейді.

Қарттан сұра ғұмыр кешкен бір ғасыр,

Осы жасым жетер енді демейді.

 

Жоғалмасын білсең-дағы бір күнде,

Қалар артта жиған-терген мүлкіңде.

Дәл көздеген  оққа қауһар қыла алмас,

Алпыс екі айласы бар түлкің де.

 

Мықтыларға кім тұзағын құрмады,

Көп айтылар әділетсіз сын жағы.

Шешемін деп сау басыңды қатырма,

Бұл  өмірдің көп құпия, жұмбағы.

 

БАҚЫТ

 

Осы екен деп сеніммен ұстанарға,

Бақыт жасап беретін ұста бар ма?

Әр адамның пікірі тарау-тарау,

Айтылады сан түрлі нұсқалар да.

 

Жөнсіздікке артамыз көп кінәні,

Тіпті олардың жоқ тілі, жоқ құлағы.

Бақыт деген байлық  деп өрекпіп бір,

Безбүйректер айқайлап, төске ұрады.

 

Уағда оқысын мешіттің бас имамы,

Дінсіздерге шын жаным ашиды әлі.

Бақыт десе ұялмай тартады алға,

Жалақы мен кресло, машинаны.

 

Кіргендер бар вахабист ұйымына,

Шошытады жастардың күйі мына.

Жатыр біреу жұмыссыз, терезеден –

Бақыт келіп қонардай иығына.

 

Талайлар жүр сол үшін бола мазақ,

Сұрақ қойсаң үн де жоқ жанамалап.

Бағыт-бағдар, пікірі беймәлім де,

Осылар ма  жетілген «жаңа қазақ»?!

 

Намыс қайда бойдағы тұма, тұнық,

Салтын аттап, өзгеге бұра тұрып.

Ертегі өмір алда деп қиялдайды,

Шетелдікке кеткен қыз ұзатылып.

 

«Келіспеймін шикі бұл бастамаңа,

Кімге ұрындың кедей ғой, қасқа бала?».

Десе екінші ағамыз мақтанады,

Үлкен құдам бастық  деп астанада.

 

Қазынаға керемет жолығардай,

Мұндайлардан сақтай гөр, қайыр алла-ай!

Қандай ақыл беремін тұрса бұлар,

Лауазым мен бақытты  айыра алмай.

 

Жаңа біреу жанымнан өтіп еді,

«Көзі ашық, ояу ма көкірегі?».

Қолындағы алтыны бақыт па оған,

Неге сонша мақтанып, секіреді?

 

Бақыт десе біреу шырт түкіреді,

Сала берер өзгеріп, пішін-өңі,

«Жүз адамда жүз пікір» дегендейін,

Міне, сені кім қалай түсінеді?

 

Жасамаймыз бал ашып, болжам да түк,

Жан-жағымыз байқасақ толған бақыт.

Сондықтан да күні-түн  тақылдап біз –

Алдық па екен бағаңды арзандатып?

 

Шабыт құйып жазылар өлеңіңе,

Қайың тұрса бөленіп желегіне,

Аман болсын ошағың, айналаң да,

Одан басқа бақыттың керегі не?!

 

БАЛМҰЗДАҚ

 

Жүргенім жоқ жастық шақты аз жырлап,

Бәрі өзіме сүп-сүйкімді мазмұнды-ақ.

Әлі есімде шілдеде емес, қаңтарда,

Түсті ауылдың дүкеніне балмұздақ.

 

Жарылқаушың қояр солай қарасып,

Ауданменен болғаны ғой жол ашық.

Темірдегі оқшау жатқан совхозға,

Қайдан келді демедік те адасып.

 

Ыстық сезім, ұшқыр қиял, тәтті арман,

Сол жылдардың суреті өшпей сақталған.

Қайран анам көк қағазды екеуін,

Алып келді шоколадпен қапталған.

 

 

Ескертті анам дей алмаспын, доғар шын,

Тоқта, ботам, сәл жылынсын, тоңарсың.

Жалғыз ерке ұл бұған құлақ асқан ба,

Біреу келіп таласардай жеп алсын.

 

…Болмаған соң кәсіп етер мал-жандық,

Мұнда қалу мәнсіз де еді, аңғардық.

Сөйтіп, сонау сексенінші жылдары,

Ақтөбеге көшіп, қоныс аудардық.

 

Болмаса егер сол нәрсенің керегі еш,

Пенде де оған мойын бұрып, елемес.

Сол жылдары  «тәттіні» осы ұсынар,

Нүктелер де болып шықты көп емес.

 

Талайларды сонда еріксіз барғызбақ,

Қаладағы  Пушкин атты жалғыз бақ.

Тап осының есігінің алдында,

Ертелі-кеш сатылатын балмұздақ.

 

Айтар болсам ойымды әрі сабақтап,

Қаһарлы қыс болсын, мейлі жаз аптап.

Кезек те ұзын, немерелері қасында,

Тұрды анашым минут емес, сағаттап.

 

Келеді олар гүлдендіріп қаласын,

Қос балмұздақ, жұптар тапқан жарасым.

Бір жақсысы, қиындық та жоқ қазір,

Оны іздесең әр бұрыштан табасың.

 

Билікті аңсап, шен де қуған пенде емен,

Сәтін салса жиі барам елге мен.

Дәмі аузымда әлі тұрған сияқты,

Алғаш рет балмұздақтан сол жеген.

 

ТЕРЕҢДІК

 

Шар-басында жатқандай-ақ бар ғалам,

Жоқ секілді жер де ізің қалмаған.

Інім сені көрген сайын ұялып,

Бойыңдағы тереңдікке таңданам.

 

Жұмыстың да кез келген бір саласын,

Әңгіме етсек бұрын жауап табасың.

Шетелден де хабарың мол, байқадық,

Аралап-ақ келгендейсің қаласын.

 

Сөзің бүтін, емес жамау-құраулар,

Жүзің жарқын кеткен еріп қыраулар.

Риза шығар жатқа айтасың дастан ғып,

Кешегі өткен ақын, батыр, жыраулар.

 

 

Вундеркинді сенсің осы көшенің,

Ешкімнің де қайтармайсың меселін.

Қызыңа әліппе оқытасың, шығарып,

Оныншыда жүрген ұлдың есебін.

 

Сендей жандар білер орнын қайда  да,

Теңіз-білім асар талай пайдаға.

Бірақ аз ғой өзін-өзі бағалап,

Артын қысып жүретіндер ойлана.

 

Жедел қимыл ұқтырардай тезірек,

Жарық болсын дейсің  жүрген төңірек.

Ақпараттың заманы ғой, уақытқа,

Ілесіп тек оқу керек көбірек!

 

СҰРАУ

 

Жететін екі күнге наның болса,

Салқын су құмыраңнан арылмаса.

Өзіңнен төмендерге басыңды име,

Еркін жүр өзіңдейге жалынғанша.

 

ОМАР ХАЙАМ

 

Қолда барды таразылап, аңдадық,

Табылғанын ішіп-жедік қарманып.

Сонда-дағы «жоққа жүйрік жете ме»,

Омар баба сізді тыңдай алмадық.

 

Ұрлығымыз жоқ, тазамыз күнәдан,

Іздегенің табылмас сай-жырадан.

Ауқаттының  талай бардық алдына,

Жақсы нәрсе болмаса да сұраған.

 

Қарап тұрып қолдағы бос кесеге,

Шыққың келер у-шуы мол көшеге.

Екі аяғың барады алып мәжбүрлеп,

«Кісідегінің кілті аспанда» десе де.

 

Біреуі оқтау жұтқандай-ақ шіренген,

Ал біреуі қара бұлттай түнерген.

Қай жағынан шығам дейсің, ыңғайсыз,

Мұндай сәтте жылармысың, күлер ме ең?

 

Демейікші бақыт неге кешікті,

Қайтармайық алға келген несіпті.

Бір-бірімізге қарайласып, адамдар,

Бүтіндейік жамау менен тесікті.

 

Мақсатыңа жұмса ақылды көздеген,

Бүйірің шықпас алған затқа өзгеден.

Тап берерің болмаса да, жұбатып,

Көңілін көтер қарапайым сөзбенен.

 

ЕКІ  ТАҒДЫР

 

Жүректерін орап ыстық жалынға,

Отбасылық жазылған ғой сан ұлға.

Екі түрлі, екі тағдыр көрдім мен,

ЗАГС атты мекеменің залында.

 

Тілектермен келер бәрі осында ақ,

Қай пенде айтшы қуанышын жасырмақ?

Әйтсе де анау ажырасқалы тұр екеу,

Ал мына жұп сөз байласып, қосылмақ.

 

Біреуінен естісек те жайдары үн,

Екіншісі созбақ емес байламын.

Әй, өмір-ай дедім іштей таңданып,

Екі беті сияқтанған айнаның.

 

Қате кімнен, көңілдерде мың сұрақ,

Жол айырылып, дауыл сонсоң тыншымақ.

Сәбиінің дәнеңе жоқ ойында,

Жүр, әнеки, шөлдеп қалып, су сұрап.

 

Сүйдім деді-ау бір-біріне шүбәсіз,

Таразының тасын кімге бұрасыз?

Еркекке әйел, оған күйеу табылар,

Бөбек кімге жаутаңдайды күнәсіз?

 

Тағдыр шығар дер де жазған маңдайға,

Ақыл да айту қажет болмас ондайда.

Бала деген балапан ғой өссе ертең,

Бір қанатсыз құс биікке самғай ма?

 

Қызық-думан, туыс-бауыр бізді күт,

Болашаққа шақырғандай ізгі үміт.

Үйленгелі тұрғандарға сүйсіндім,

Бір-біріне қарайды үнсіз үздігіп.

 

Ермеңдер тек өсек-аяң, сөздерге,

Бірге болып қандай қиын кездерде.

Жүріңдер деп аппақ тілек жолдадым –

Ақ махаббат мәңгі болып сендерде!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button